28.02.2019, 15:42
Оқылды: 131

Сахна саңлағының Қаратөбедегі ән кеші

ҚР халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтың 110 жылдығына орай Қаратөбе ауданына өнер сапарымен келген әнші, термеші Қайрат Кәкімовтің концерті өтті.

 Қайрат Кәкімов

Қазақтың қасиетті домбырасымен сахнаға көтерілген Қайрат кешті Мұхит Мерәліұлының «Айдай», «Көк айдай» әндерімен бастады. Диапазоны кең, күрделі ырғақ иірімдерімен ән салатын Қайрат көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Дәстүрлі әнші ретінде даңқы алысқа кеткен Қ.Кәкімов бүгінде Батыс ән мектебінің белді өкілі, Мұхит Мерәліұлы, Ғарифолла Құрманғалиев сынды біртуар дарындарды насихаттаушылардың бірегейі.

Киелі сахна төрінде әнді өзінің жанды даусымен, ешқандай боямасыз, техникалық сүйемелдеусіз таза орындайтын талант иесі дәстүрлі әндерді шарықтата әуелетті.

Қ.Кәкімов көп айтыла бермейтін әндерді де шырқады. Бұл оның қазақтың бай музыкасына терең бойлаған ізденімпаздығынан сөзсіз хабар береді. Ғ.Құрманғалиевтің «Сүйген жар», «Шымыр», «Елу үш қыз», «Қыз Жаңғақ»  сынды халық әндерін де тамылжыта орындады. Талант иесіне қаратөбеліктердің құрмет-ықыласы ерекше болды. Көрермендердің сұрауы бойынша Аманғалидың әнін және Құныскерейді орындап берді.

Концертте Берік Амантаев «Дауылпаз», «Қарақаншық»,  Данияр Елеуов «Көкжар», «Бағила» әндерін қалықтата шырқады. Сонымен қатар Мерген Мұқанов, Сәлімжан Әубәкіров, Дархан Қажығалиевтер ән шеру жасаса, жерлесіміз Фархат Оразов «Сөз басы», «Адыра қалған Нарын» әндерін орындады.

Сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан ән-термеге сусаған қаратөбелік тұрғындарға рухани кеш сыйлаған Қайрат Сайлауұлына қаратөбеліктердің алғысын жеткізіп, иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.

Тоты Есқайырова,

Қаратөбе ауданы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале