29.04.2019, 11:52
Оқылды: 78

Тарихты түгендеп, тақсіреттен тағылым алған абзал

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саяси қуғын-сүргін  құрбаны Ораз Исаевтың 120 жылдығына арналып Ақжайық ауданы орталығында «Ел ұмытпас ерлерін...» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.

 DSC_0064

         Көнеккенткен ауылынан түлеп ұшқан О.Исаев – күрделі ғұмыр иесі. Ол балғын шағында болыстық басқармадағы іс жүргізушіліктен республика Үкіметін басқаруға (1929-1938) дейінгі жолдан өтті. Бұл жоғары қызметі елдегі ұжымдастыру шағының қайшылыққа толы және бірнеше ұрпақтың тағдырын тәлкек еткен оқиғалар кезеңі еді. Сондықтан оның қандай ауыртпалықты, азапты бастан өткергенін сезу қиын емес. Ұлт тағдыры таразыланғанда ол адами қасиеттің биік үлгісін көрсетті. Мұндай жан зердеден өшпеуі, жас ұрпақ жадында жатталуы керек.

         Конференцияны ашқан аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов осы жайында баяндай келіп, О.Исаевтың 120 жылдығына байланысты белгіленіп отырған шаралармен жиналғандарды таныстырды.

         Аталған датаға арналып мектеп оқушылары мен жастар арасында ілкіде жарияланған «Алаштың ардақты азаматы» атты байқаудың қорытындысы айтылды.. 35 рефераттық жұмыс арасынан І орын Темірлан Зәкіржанов (О.Исаев атындағы мектептің 8-сынып оқушысы), ІІ орын Ақбота Берік (Бударин мектебінің 9-сынып оқушысы) және ІІІ орын Ғарифолла Қуандыққа (Мерген мектебінің 9-сынып оқушысы), кино-бук бойынша түскен 24 жұмыс арасынан І орын Жұлдыз Балхашева (Чапаев), ІІ орын Дархан Қапатаева (Алмалы), ІІІ орын Әнуар Аманжоловқа (Тайпақ) берілді.

DSC_0110

         Бұдан соң бейнебаянда және ардагер ұстаз-журналист Тілес Жазықбайдың баяндамасында қайраткердің қайсарлығы, бастан өткерген өксікті шақтары қамтылды. Ілбішін милициясында хатшы, ревком нұсқаушысы, одан әрі РКП (б)-нің қазақстандық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары, өлкелік комитет хатшысы қызметінде жұмысшы-шаруа өкіметінің келешегіне кәміл сенген, білімімен, қабілет қарымымен ерекшеленген Ораз Жанұзақұлы Үкімет басына келген  соң да өкінішке қарай, қызыл империяның қазаққа небір озбырлығымен бетпе-бет келді. ВКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы – Мәскеуден кең өкілеттілік берілген Ф.Голощекиннің ұр да жық әпербақандығы, ұжымдастыру науқанының барып тұрған асыра сілтеушілікпен жүргізілуі елге қасірет үстіне қасірет әкелді. Аштық жайлады.

         Соның бәріне қарсы алаштың өршіл тұлғалары тіресіп бақты. О.Исаев бірсыпыра төтенше шаралар қабылдануына қол жеткізді. Ашыққандарға азық-түлік апарылуына бас-көз болды. Алайда, ауылдарда малдың күштеп тартып алынуы, астық салығының өрескел көтерілуі, тағы басқа сойқандық, яғни тоталитаризмнің жоспарлы қатыгездігі дегенін жасады.

         Конференцияда баяндамада да, сондай-ақ жазушы, О.Исаев жайында естеліктер мен зерттеулер жинағын құрастырған Жұмабай Құлиев (Алматы), белгілі журналист Есенжол Қыстаубаев (Орал) та шерлі шежіреден мысалдарға тоқталып, есіл ерлердің табанды күресі туралы әңгімеледі. Өлкелік комитеттің қателіктерін еш бұлталақсыз және өзара сын тұрғысынан ашып көрсетіп, трагедиядан қалай шығу жөнінде өз ұсыныстарын Сталинге хатпен батыл жеткізу Исаевтың сұрқия саясатқа білек тұрып қарсы шығуы еді. Бір емес, үш рет хат жолдаған. Қаһарынан қан тамған «көсемге» ащы ақиқатты айту дегенің ол кезде өз басын тікелей қатерге қою деген сөз еді.

DSC_0105

         Конференция мінберінен БҚМУ-дің Қазақстан тарихи кафедрасының оқытушысы, магистр Ғазиза Әбдірахманова, аудандық мәслихат депутаты Біржан Кухаев, Орал қаласыныдағы №19 мектептің мұғалімі, Исаевтың інісі Керейден тараған ұрпақтың бірі Балжан Айтқалиева осы хақында сөз саптады. Қайраткердің дәуірдің шаш-етектен ауыртпалығымен арпалыса жүріп, ел мәдениетін көтеріп, талантты ұл-қыздардың білім алуына мұрындық болғаны да өшпес өнегесінің, елжандылығының айқын дәлелі екені әңгімеленді. Оралдық ұстаз-ғалым, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр «Ана тіліміз бен ғылымды сүйіңдер» деп, өз жұртын білімге үндеген О.Исаевтың небір қауырт істерден оқытушылар мен оқушылар жағдайына үңілуді де ұмытпаған кездерінен мысалдар айтты.

         Басын тәуекелге тіккен арыстарымыздың күресі әрине, ізсіз кетпеді. 1933 жылдың басында Голощекин жұмыстан босатылды, «өрескел саяси қателіктер мен бұрмалауларға» баға берілді. Исаев мәжбүрсіз елден кеткендерді отырықшыландыру, оларға жағдай жасау жөніндегі комиссияны басқарды. Жай-күй біртіндеп түзетіле бастады. Бірақ «кіршіксіз көсемнің бейнесін қалыптастыруға салқынын тигізгендерді, «тілін қысқартуды» білмейтіндерді әшкерлейтін материалдар, жалаға толы қағаздар сейфтерде жинақталуда еді. Исаевты да бетқаратпас өктемдік репрессия құрығына іліктірді.

         Сұрқиялықпен күрескен ол жайында архивтерден тың деректер табылуы әбден мүмкін. БҚО гуманитарлық академиясының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова жуырда архив материалдарымен кезекті жұмысы үстінде бір құжаттан О.Исаевтың «Алашордаға мен оң баға беремін, бұл Қазақстанның болашақ мемлекеттік құрылымы. Біз түбі соған жетеміз»,- деген сөзін кездестіргенін баяндады. Бұл әлде де жан-жақты зерттеуді қажет ететін, яғни кешегімізді тану мен ұғудың бір көзі болып табылатыны даусыз.

DSC_0084

         Көнеккеткен түлегі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Қайыр Оразғалиев ауылына О.Исаевтың портретін табыстады.

         Оралдық ұстаз, тарихшы Сайлау Сүлейменов, ардагер ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы, еңбек ардагері Дәулетжан Жақсыбаев, ақын Сағынтай Бисенғалиев, Көнеккеткендегі О.Исаев атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Айғаным Жұмағалиева Ораз Жанұзақұлының қайсар қайраткерлігі, азаматтық болмысы, ұрпаққа берер өнегесі туралы әңгімеледі.

         Ресей қаласының Саратов облысы, Перелюб ауданынан келген Ұмсын Керейқызы (О.Исаевтың Керей деген інісінің қызы) естеліктерімен бөлісіп, шараны ұйымдастырған аудан басшылығына, бөлім, мекемелер ұжымдарына ризашылығын арнады.

         -Көнеккеткен ауылында дүниеге келдім. Әкем Ұлы Отан соғысына аттанып, артынан «қара қағаз» келді. Талай қиындықты көрдік. Өткенге салауат, болашаққа аманат. Отбасымда сегіз ұл-қыз тәрбиелеп өсірдім. Жұбайымның қайтқаныңа 21 жыл болды,- деп еске алды әжей. Бүгінде 83 жасқа келген оның 20 немере, 18 шөбересі бар.

DSC_0162

         Конференцияны өткізуде мүдделілік танытқандары үшін аудан әкімінің алғысхатымен Жұмабай Кұлиев, Мұрат Сабыр, Қайыр Оразғалиев, Есенжол Қыстаубаев, Балжан Айтқалиева, Ғазиза Әбдірахманова, Айғаным Жұмағалиева, Тілес Жазықбай қошеметтелді.

         Бұдан соң шара О.Исаев атындағы көше бойында жалғасты. Осында Чапаев ауылдық округі әкімі Нұртаза Нәбиденов құттықтау сөз сөйледі. Ол аудан орталығының мәдени-көпшілік шараларына белсене қатысып жүрген бір топ көше тұрғынына естелік сыйлық тапсырды. Ақын Мәлік Берді Әлі қайреткерге арнаған «Арнауын» оқыды.

         М.Сабыр осы көшедегі Нұрлан Жақыпов пен Райгүл Сейітқалиеваның отбасындағы Темірлан атты сәбидің тұсауын кесіп, ақ батасын берді.

         Осында сондай-ақ аталған орта мектептің «Жас ұлан» тобы бүлдіршіндерінің құттықтауын, ұл-қыздар орындаған  Құрманғазының «Балбырауын» күйін, «Ақ бота» балабақшасы бүлдіршіндерінің әнін тамашалаған жұртшылықтың қатары қалың болды.

Болат Қосжанұлы

суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан

Ақжайық ауданы

IMG_2673

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале