Ауылдағы ағайынның малын алауыз қылатындар саны күн арта өспесе, кеміген емес. Осы мәселеге байланысты Қазталов аудандық полиция бөлімінің бізге берген мәліметіне сараптама жасадық. Мәліметтен мал ұрлығы жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын байқадық. Мәселен, 2017 жылы 49 мал ұрлығы жасалса, 2018 жылы мал ұрлығы 54-ке жеткен. Ал жаңа жылдың 1 тоқсанында 6 факті тіркеліп үлгерген. Ауданда соңғы екі жыл және 2019 жылдың 1-ші тоқсан қорытындысымен мал ұрлығы фактісі бойынша 109 қылмыс тіркелсе, соның 73-і ашылған. Демек, мал ұрлығының 67 пайызы ғана ашылып отыр.
Біріншіден, ұры алыстан ат сабылтып келмейді. Екіншіден, кімнің малының қай жерде жайылып жүргенін ұрылар қайдан біледі? Міне, сұрақ! Ауыл халқы бірлесіп, кезекшілікке шығып, малына мұқият болса, мұндай жағдай орын алмас еді-ау. Көбіне өрісте жүрген мал қолды болып жатса, аула-қоралардан да кетіп жатқаны аз емес. Бұл қылмыстардың жасалуына ықпал еткен бірнеше себепте де бар. Біріншіден, қойды, ірі қара мен жылқыны ұстауға арналған орындар бекітіліп-жабылатын құрылғылармен жабдықталмағандықтан ұрылардың қораларға қандай да бір кедергісіз кіріп, арамза ойын оңай жүзеге асыруына жағдай туғызады. Тағы да бір ұрыларға көмек – мал тұратын жерде күзеттің болмауы. Бұнымен қоса мал бағудың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы, яғни бақташылармен келісімшарттардың жасалмауы, ауылдық округ әкімдерінің тарапынан бұл мәселенің бақылауға алынбауы мен халықтың өз қолындағы малына салғырт қарауының салдары. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен шындығы солай. Ал салғырттық – мал ұрлығының «бағын» ашады.
Ұрлықтың ашылуын ауырлата түсетін себептердің бірі – жәбірленушілердің жоғалған малды өз бетімен іздеп, уақыт өткізіп алатыны. Бірнеше күнді араға салып барып қана полицияға келетінін қайтесіз. Нәтиже шықпағаннан кейін ұрлықтың ізі суып кеткен соң барып, құқық қорғау органдарына жүгінгені ақылға қонбайды. Мәселен, 2018 жылы А. және Т. есімді азамат бөтен мүлікті жасырын жымқыру мақсатында алдын ала сөз байласып, Жалпақтал ауылынан 500 мың теңгеге бағаланған ірі қара ұрлап, автокөлікпен алып шыққан. Алайда малшы екеудің алдынан шыға келгендіктен теріс пиғылы мен арамза ойлары жүзеге аспай, оқиға орнынан бой тасалаған. Нәтижесінде жәбірленушімен медиация жүргізу арқылы әлгі екеуі қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.
Тағы бір мысал. Кезекті іссапармен бір округте болғанымызда сол ауылдың бір адамы ауылдастарының малын талан-таражға салғандарын естідік. Малын қолды қылған ағайын «ауылдың баласы ғой», «атасы жақсы адам еді», тағы басқа себепті желеу етіп, кешірім берген. Ал ұрлық жасаған әлгі адам медиациямен келісімге келіп, жәбірленушінің шығындарын еселеп қайтарып, кешіріммен құтылып кетіпті. Заңның әлсіздігін білетін баукеспе тағы да түнгі «жорыққа» шықпасына кім кепілдік бере алады? Малдың ұрлануына ағайынның өздері де себепші болып жататынын көріп жүрміз. Кездейсоқ адамдарға малын бақтырып қойып, санын соғып жатқандар баршылық. Сөзіміз дәлелді болсын, былтыр Қазталов ауылдық округінде бір шаруа қожалығының малын бағушы адам Жаңақаланың баукеспелерімен сөз байласып, иесінің қорасына жеті рет түскен. Ақырында тәртіп сақшыларының құрығына ілікті. «Көп асқанға – бір тосқан» деген осы.
№2 Қазталов аудандық сотында 2016-2018 жылдары ірі қара ұрлаумен айналысқан топтің ісі қаралды. Олар жәбірленушіге 5 млн. 160 мың теңгенің зиянын келтірген. Құрықталған топ темір торға тоғытылды. Осы жерде мына бір мәселені де айта кету керек. Ақ адал малыңды бағатын малшының жағдайын жасап, оның еңбекақысын дұрыс берген жөн. Себебі кейбір шаруа қожалық иелері малын баққан адамның еңбегін дұрыс төлемейді. Еңбекті қанау жақсылыққа апармайды. Оны түсінетіндер болса жақсы. «Еңбекақыңнан темекіңді, тамағыңды, тағы басқа шығындарыңды ұстадым» деп тиын-тебен ұстатып қойғасын, дұрыс ақша таппағасын, отбасына жетпегесін ол малшы түрлі әрекетке барары сөзсіз.
Мәселен, Қазталов ауылында Миржан Нағимов деген азамат бір шаруа адамының субсидияға алған аталық малын ала жаздай баққан. Ал сол баққан еңбегі, төккен тері әлі күнге қайтпаған көрінеді. Осылайша еңбекақының дұрыс төленбеуі ақыр соңында ұрлыққа жол ашатын бір себеп болып шыға келмей ме?! Бұған қоса аудан шекаралық аймақта тұрғандықтан малдың бағусыз арғы бетке өтіп кетуі де біраз қиындық тудырса, көптеген малдың сырғаланбауы да малдың қарақшының құрығында кетуіне себепші. Міне, осы жағдайлардан келіп, мал ұрлығы болған кезде құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кінәлау басталады. Кейбіреулер өрістегі малды айына бір-екі рет сыртынан қарап, түгендеп тұрса, ал біреулер тіпті қарамайды. Бұдан кейін күз түскенде «малым жоғалды», «ұры алды» деп шу шығарады. Малды ұры алды ма, әлде өріс ауыстырып кетті ме немесе ит-құсқа жем болды ма? Ол жағы белгісіз.
Жыл сайын көктем шыға ауылда тұрғындар жиыны өтеді. Онда күн тәртібінде малды бақтыру, бақташы шығару мәселесі бірінші кезекте қаралады. Қажеттігіне қарай мал бағатын жерге баспана тұрғызып беру, құдық қазу жұмыстарына қолғабыс берілетіні айтылудан кенде емес. Алайда бақташылыққа ниет білдіріп ешкім шықпайды. Ал шыққан бақташыға көптің көңілі толмайды. «Бағуынан ақша сұрауы күшті» деген тұрғындардың әңгімесін де естіп жатамыз. Бұдан кейін мал ұрлығына адамдардың өздері кінәлі екенін көбі мойындағысы келмейді.
Гүлім Манат,
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер