21.05.2019, 12:50
Оқылды: 203

Ұлы дала әншісі

Тума талант, әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиев кең байтақ даламыздың даңқын асқақтатқан абзал азаматтың бірі еді. Ол талай өнерлі өренді тудырған Қаратөбе ауданына қарасты Ақкөл ауылында 1909 жылы дүниеге келген болатын.

Ғ.Құрманғалиев жастайынан ауыл, аудан өміріне араласып, азамат ретінде қалыптаса бастайды.

image

Есейе келе елдегі қоғамдық-әлеуметтік қызметке белсене араласады. Ол 1927-1930 жылдары ауылдық кеңестің хатшысы, оның төрағасы, жаңа ұйымдаса бастаған ұжымшардың (колхоздың) төрағасы міндетін атқарады. Тума талант бойына біткен өнерімен ауыл, аудан, көршілес өңірлерде болып, әншілігімен тамсантып жүреді. Ғарекең жас шағында әнші Мұхит бабамыздың ұрпақтары – Шынтас пен Шайқыдан дәріс алып, Мұхиттың әндерін халыққа кеңінен тарата бастайды.

1934 жылы сол кездегі астанамыз – Алматыда өтіп жатқан Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының І слетіне арнайы шақырылған Ғарифолла Құрманғалиевтің өнері қатарластарынан көш ілгері бағаланып, қазақ музыкалық драма театрына, қазіргі Абай атындағы академиялық опера және балет театрына әнші болып қабылданады. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінде де өз өнерімен астана көрермендерін сусындатып, олардан жоғары баға алып, абыроймен оралады.

Ғарекең көзінің тірісінде халық әндері мен термелерін, Мұхиттың «Айнамкөз», «Алуаш», «Үлкен Айдай», «Кіші Айдай», «Ақ иіс», «Дөң асқан», «Зәуреш» сияқты әндерін нақышына келтіре құйқылжыта орындап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Ұлы композитор Мұхит дәстүріндегі әндерді жаңа ырғақты әуенге бөлеген сазгер ретінде ерекшелене түседі. Ол төлтума талантты әнші болумен қатар, өзі де композитор. «Ақ Жайық», «Оралым», «Нұржамал», «Асылжан», «Сүйген жар» сияқты әндері оның сындарлы сазгерлік сипатын айқындайды.

Ғарекең жезтаңдай әнші, орындаушы ғана емес, дарынды актер де болған. Ол Е.Брусиловскийдің «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Айман – Шолпан», «Қыз Жібек» операларындағы Жарас, Елемес, Сахан, Шеге, Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сарасындағы» Естай, Ахмет Жұбановтың Нарымбет бейнелерін сахнада шеберлікпен сомдады. Әсіресе, «Қыз Жібек» операсындағы Шеге партиясын асқан шеберлікпен кемеліне келтіре орындауы көрерменнің мәңгілік есінде.

Ұлы Отан соғысы жылдарында әріптестерінен құралған әншілер бригадасын үш мәрте басқарып барып, майдандағы жауынгерлердің жертөлелерінде, ормандарда, ашық алаңдарда ән салып, жауынгерлерді ерлікке, қаһармандық жолында жігерлендіре білді. Сөйтіп, өзінің әнімен Ұлы Жеңісті жақындата түсуге айтарлықтай үлес қосты. Осындай сапарларының бірінде 4-Украин майданының қолбасшысы Георгий Жуковтың қолынан майдангерлерге көрсеткен айтулы өнері үшін жауынгерлік Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды.

Ғарекең 1967 жылы «Қазақконцерт» бірлестігі жанынан ашылған эстрада-цирк өнері студиясында өз класын ашып, күш-қуатын, барлық қабілеті мен білімін ұстаздық қызметке жұмсады. Көптеген талантты ұл-қыздың халық әндерінің, соның ішінде шоқтығы биік, сезімі терең Мұхит әндерінің құдіретін ұғынып, меңгеруіне жігержалынын аямай сарп етті. Қазақстан Республикасының халық әртісі Қажыбек Бекбосынов, республикамыздың еңбек сіңірген әртістері Сәуле Таудаева, Қапаш Құлышева, Сәуле Жанпейісова, Әскербек Еңкебаев, сондай-ақ өнерін ел  дәріптейтін Жақсылық Сәрсенғалиев, Мекес Төрешев, марқұм Қаламқас Орашева, Қалампыр Рахимова, сол сияқты өз облысымыздағы филармонияның жетекші әншілері Сағадат Рахметжанов, Серік Әбдірахманов, олармен бірге еңбек етіп жүрген жас та дарынды әншілер Ғарекеңнің ән мектебінен шыңдалып шыққандар қатарын толықтырды.

Өмірден өткеніне отыз жылдай уақыт өткен Ғарекең – Қазақстанның халық әртісі, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көптеген орден-медальдің иегері. Жарты ғасырға жуық туған халқын әсем де асқақ дауысымен, әнімен әлдилеген облыс орталығындағы филармония Ғарифолла Құрманғалиевтің есімімен аталады.

Дарабоз әнші өзі бақилыққа аттанып кеткенімен, есімі, халқына арнаған өнері өшпеді. Халық жүрегінен орын алған өнерпаз мәңгі жасайды.

Ғилаж Наурзин,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Қаратөбе ауданының құрметті азаматы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале