Теректі ауданына барған облыс әкімі Алтай Көлгінов бірқатар шаруа қожалығының жұмысымен танысты.
Сапарын сыйымдылығы 2935 тонна қойма мен «Балакирев В.А» шаруа қожалығынан бастаған облыс әкімі «Ringo Milk» ЖШС-ның мал азығына жарамды дақылдар салған алқабында болды. Былтыр құрылысы басталған инвесторлық жоба толықтай 2021 жылдың бірінші жартысында іске қосылады деп күтілуде. Сүтті бағыттағы ірі қара өсіруді көздеген шаруашылық қазір мал азығының мықты базасын жасақтауды бастап кеткен. Күні бүгін 150 га. жерге жүгері еккен олар суландыру арқылы сапалы да мол өнім алудан үмітті.
Алтай Сейдірұлы Юбилейный ауылындағы асыл тұқымды жылқы өсіріп, бәйге ат баптап жүрген Бағдат Едресовтың шаруасымен танысты. Ол енді қымыз өндіруді қолға алмақшы. Жастарды шабандоздыққа жаттықтырып, көкпар тартуға баулитын алаң жасасам деген жоспары бар .
Бұдан әрі өңір басшысы Валерий Голоуховтың «Тұлпар LTD» ЖШС егіс алқабында жүріп жатқан жұмысты бағамдады. 8334,7 га. егістік жері бар шаруашылық І, ІІ, ІІІ репродукциялы тұқыммен аудан дихандарын қамтамасыз етіп келеді. Биыл 795 га. жерге жаздық бидай, 157 га. ноқат, 5202 га. күнбағыс салған. Ал 2 752 га. жерге салған күздігінің шығымы жаман емес. Агротехникалық талаптарды сақтап, шараларды уақытында атқаратын тұлпарлықтар жыл сайын өнімді жақсы алады.
Облыс әкімінің жұмыс сапары «ЖайықЖасылЖелек» ЖШС-да аяқталды. 30 миллион теңге инвестиция құйып отырған Арман Ғаббасов жол бойында кемпинг салып жатыр. Жылыжайда көкөніс те өсіреді. Қазір жылыжайда өскен қиярды сатуға шығарды. Енді өнім көлемін 4 тоннаға жеткізсем дейді.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер