7.06.2019, 10:54
Оқылды: 190

Хан құдығы қалыпқа келтірілді

Облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей қорығының ауласындағы хан құдығы қайта қалпына келтірілді. 

 IMG_8736

Тарихқа шегініс жасасақ, Жәңгір ханның қолға алған ісінің бірі – қуаң жерлерді суландыру үшін бөгет пен артезиан құдықтарының жүйесін салдыру еді. Осы мәселе жөнінде Мемлекеттік мүлік министрімен байланыс жасаған. Мемлекеттік мүлік министрлігі ханның бұл ойын қолдап, оны жүзеге асыру үшін керекті құрал-жабдықтарды Парижден тапсырыспен алдырған. Бұл жұмысты жүргізуге Дерпт университетінің түлегін арнайы шақыртқан екен. Жәңгір хан ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында екі үлкен құдық қаздырған. Міне, Хан Жәңгір бастаған жүйелі жұмыс бүгінде жалғасын тапты. Құдық орны Хан Ордасының картасына сәйкес, сол орыннан қазылып, реконструкция жасалған.

IMG_8729

Шараның ашылуында аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Тілеген Арыстанбеков тарихты түгендеу келешек үшін ғибратты да, сауапты іс екенін айтты. Аталмыш музей ауласында хан құдығын қайта қалпына келтіруге бастама көтеріп, аталған құдықтың және Бөкей мен Шығай хандардың мөрлерінің музейлік атрибуциясын жасаған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың археология-этнология және музеология кафедрасының профессоры Тәттігүл Картаева еді.

– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология-этнология, музеология, тарих бағытында үлкен екі жобаны жүзеге асырып отыр. Соның бірі – Қазақстанның архивтік аймақтарын сумен қамтамасыз ету дәстүрлері деп аталады. Осы жобаға өзім жетекшілік жасаймын. Әр жобаға бірнеше ғалым жетекшілік жасауда. Мен былтыр ғылыми сапармен осы Бөкей ордасына келдім. Ол кездегі сапарым барлау жұмысы болды. Міне, сол барлау жұмысының нәтижесін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Біз бұл ауданды құмды-шөлді аймаққа жатқызамыз. Ертедегі халықты да, малды да ауыз сумен қамтамасыз еткен су көзі құдық болды. Құдық – аспан астындағы тарихи ескерткіш. Зерттеу барысында құдықтың түр-түрімен танып білдім. Тарихи дерек бойынша бұл жерде екі құдық болған. Бірі – Хан сарайының артында, екіншісі  осы жерде. Ағаш шатыры да болған. Бұл құдық қарағайдан жасалды. Алматыда арнайы ағаш шелек пен ағаш саптыаяқ жасаттық. Осы іске қолдау білдірген музейдің қызметкерлері, орман шаруашылығының басшысы, ауыл тұрғындарына ризашылығымды білдіремін,-деді Тәттігүл Ерсайынқызы.

Тәттігүл Картаева университеттің «Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті» жобасы аясында Бөкей (1812-1815) мен Шығай (1816-1824) хандардың мөрлерінің қайта қалпына келтірілген нұсқаларын музей қорына табыстады. Айта кетерлік тағы бір мәлімет, мөрді және құрсаулы ағаш шелек, шелек сабын, су ішетін саптыаяғын қайта қалпына келтірген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясының Сәндік қолданбалы өнер кафедрасының аға оқытушысы, реставратор Естай Даубаев пен аға оқытушысы, реставратор, ағаш шебері Мақсат Мағзомов екен. Мөрлердің жаңартылған нұсқалары күмістен соғылған. Хан құдығы бұрынғы қалыппен шетенмен қоршалған.

IMG_8765

Хан Ордасы ауылының тұрғыны, зейнеткер Ахметкерей Салауатов көтерілген бастамаға алғысын білдірді. Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей қорығының директоры Ғайса Махимов жиналғандарды құттықтап, осы бастамаға бас болып, көмектескен Т.Картаеваға, Е.Даубаевқа, М.Мағзомовқа алғыс хат табыс етті.

IMG_8747

Қайта қалпына келтірілген хан құдығының лентасын көп жылдар музейді басқарып, музей ауқымын кеңейтіп, елге танытқан Т.Махымовтың жары Разия Жаманғарина мен осы құдықты қалпына келтірген ағаш шебері Жандарбек Бегеев қиды. Тұрғындар Хан құдығынан су ішіп, дәм татты.

IMG_8767

Айша Құрмаш,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале