Сырым аудандық ауруханасының директоры Роза Тахамбетованың бастамасымен 16-20 шілде аралығында акция жүріп жатыр. Бұл акцияның ерекшелігі сол – көп балалы жанұялардың балалары тегін сүндеттелуде.
Балаларды сүндеттеп жатқан қолы жеңіл хирург-дәрігер Қасым Бисенғалиевке ата-аналар дән риза. Аурухананың, хирург дәрігердің атына алғыс айтып, пікір жазып қалдырып жатқандар бар.
Сырым аудандық ауруханасының хирург-дәрігері Қасым Мақсотұлы ата-анасының жағдайы келмегендіктен, жасы оннан асқанша сүндеттелмей жүрген балалар бар екенін айтады.
– Сүндеттеу жасы - негізінен 5 пен 9 жастың арасы. Онға толып кеткен ұлдар сүндеттеуге ересек болып саналады екен, әрі мұндай балалар өздері құралыптас балалардан ұялады. 16 шілде күні басталған акция күніне 2-3 ұлдан қамтуда. Олар Жымпиты, Өлеңті, Қосарал, Көгеріс ауылдарынан келді. Бала жаз мезгілінде сүндеттеледі, себебі ашық жара болғандықтан, суық тиіп, асқынып кетуі мүмкін. Әрі бір жағынан каникул кезі өте ыңғайлы уақыт, - дейді хирург дәрігер.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА
Сырым ауданы
zhaikpress.kz. kz