29.07.2019, 13:07
Оқылды: 17

Флиппер қатерден қорғай ма?  

Сырым ауданы республикалық маңызы бар Самара-Шымкент тас жолының бойында орналасқандықтан, күре жолдың бойынан алуан көлік өтеді.  Жеңілі керек пе, ауыры керек пе, шет елдерден келе жатқан, кетіп бара жатқан көлікте есеп жоқ.

Жергілікті қатынас жолдарында көліктердің жылқы малына соқтығысу фактілері салдарынан жол-көлік апаттары орын алып келеді. Көлік иелері  жол бойында үй жануарларының, әсіресе, жылқының үйірімен жүретінін айтады. Малдардың көп жағдайда бақташысыз, еркін жайылып жүруі жол апатына әкеліп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталған оқиғалар кездесті. Мұндай жол апаттарының басты себебі – мал иелерінің бейқамдығы, жауапсыздығы.  

flipper

2018 жылдың күз айында түнде Самара-Шымкент тас жолында жеке көлігімен келе жатып, жылқыға түйіскен Жымпиты ауылының тұрғыны Нығымет Исағалиев былай дейді:

–  Түнгі сағат сағат он бір жарым-он екілерде  Орал қаласынан жалғыз қайтып келе жатқан бетім. Жымпитыға жетпей, Бұлан ауылының тұсында жылқыға түйістім. Түнгі жол болғандықтан, жылдамдықты да аса арттырмай келе жатқанмын. Жол бойында оқыстан шығып қалған жануарларды байқамай қалдым. Жылқы түгілі, аңды көрсек, жолда абай боламыз ғой. Түйіскен жылқының табросы да, жарық шағылыстырғыш жолағы да, иесі де жоқ. Кімнің жылқысы екенін іздеп таба алмадым ақыры. «Тойота Каролла» жеке көлігім быт-шыт болып, оны жөндеуге кеткен материалдық шығын 500 мың теңгеден бір-ақ шықты. Қатты соққыдан көліктің қорғаныш жастығы шығып, өзім аман қалдым. Содан көп ұзамай он шақты күннің ішінде көлігімді жөндеттім.  Көпке дейін трассаға шығуға жүрегім шайлығып жүрді. Менен де басқа жылқыға түйісу фактілері ауданда кездесіп жүргені рас.  Тұрғындар бағымсыз жүрген малға бейжай қарамай, белгі, жарық шағылыстырғыш жолақ тақса, дұрыс болар еді. Қазіргі автокөліктердің фарының жарығы мықты ғой, жарық шағылыстырғыш жолақты бірден көреді. Жарық шағылыстырғыш флиппер салынса, қанша апаттың алдын алуға болар еді, - деп ашынады.

Сырым аудандық полиция  бөлімінің әкімшілік полиция  бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Бақытжан Қазақстанов:

–  Соңғы үш жылда үй жануарларының тас жолға шығып кетуінің салдарынан болған 14 жол апатында 3 адам қаза тауып, 17 адам түрлі дене жарақаттарын алыпты. Мұның сыртында автокөліктің бүлініп, келтірілген материалдық шығыны және бар. Республикалық маңызы бар жолдарда үй жануарларының қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жануарларға флиппер, яғни, жарықтандыру лентасын тағу жөнінде әкімдерге ұсыныс жібердік. Флипперді жылқы малының жалына, құйрығына, сиыр малының  мүйізіне, құйрығына байлап қойса, түнде жолда кетіп бара жатқан көлік иесінің назарын аударып, жол-көлік оқиғаларын азайтуға сеп болар еді. Адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік молаяр еді. Самара-Шымкент, Қаратөбе-Жымпиты тас жолының бойында Шолақаңқаты, Алғабас, Бұлан, Жымпиты, Бұлдырты, Сарой ауылдық округтеріне тиесілі жылқылар көп жүреді. Түнде қараусыз қалған малға соғылу көлік иесін материалдық шығынға ғана емес, адам шығынына да әкеп соғып отыр. Бұл – бейжай қарайтын мәселе емес! Сондықтан ауылдық округ әкімдері шаруа қожалықтарымен, мал ұстайтын жеке тұрғындармен  жұмысты қолға алуы тиіс. Мал мен көлік соқтығысқан жағдайда, түнде мал иесі, күндізгі уақытта көлік иесі жауап береді. Екі жақ та жауапкершіліксіз қалмайды,- дейді.

Жарық шағылыстырғыш жолақтарды жылқы малына тағу жұмыстарының қалай жүріп жатқандығы жайлы Сырым аудандық  ветеринария бөлімінің басшысы Абылай Каримуллиевтен сұрап-білдік. Абылай Айболұлының мәлімдеуінше, жарық шағылыстырғыш жолақпен  апаттың алдын алу тәжірибесі Сауд Арабиясында, көршілес Ресей мемлекетінде, Маңғыстау облысында бар екен. Маңғыстау облысында жол бойында түйелер көп жүретіндіктен, олар түйеге жолақты тағып қояды екен. Жылқы малының мойнына, жалы мен құйрығына  байлаған дұрыс. Мұндай жолақтарды мал иелері өздерінің қаражатына сатып алуы тиіс.

–  Жарық шағылыстырғыш жолақ арнайы жұмыс киімдері тігілетін ательелерде сатылады. Бағасы да қымбат емес. Метрі 300-400 теңгеден. Ал арнайы тігілген флиппер ательеде 1000 теңгеден сатылады. Оны тапсырыспен тіктіру де аз уақытты қажет етеді. Жарық шағылыстырғыш жолақ түнде автокөліктің жарығына 2 км жерден шығылысып, көрінеді екен.  Флиппер тек жол апатының алдын алып қана қоймайды, түнде мал іздеген адамға жоғын табу үшін де оңай болмақ.

Аралтөбе ауылдық округіндегі «Жайсаң» шаруа қожалығы 20 бас жылқысына  флиппер тақты. «Мұратбек» шаруа қожалығы  20 бас жылқыға жарық шағылыстырғыш жолақ байлады. Бұлан ауылдық округіндегі жекелеген тұрғындар 46 бас жылқыға жарық шағылыстырғыш жолақпен қамтыды. Жымпитыда 10 бас жылқыға флиппер тағылды. Бұлдырты, Сарой ауылдық округтері жарық шағылыстырғыш жолаққа тапсырыс беріп, келуін күтіп отыр. Тек Алғабас ауылдық округі ғана жолда жүретін жылқыларына жарық шағылыстырғыш жолақ тағуға асықпай отыр, -дейді А.Каримуллиев.

Бұдан кейін Алғабас ауылдық округінің әкімі Өркен Әменовке хабарласып, округтің малға флиппер тағуда неге кенжелеп тұрғанын сұрадық. «Бүгінде төрт шаруашылыққа ескерту жасалып, «Сатқан» және  «Мансур-Жахан» шаруа қожалықтары жылқыларына жарық шағылыстырғыш жолақ тағуға келісім берді. Шілденің аяғы-тамыздың басына қарай округтің жылқыларына флиппер қойылатын болады»,- дейді әкім.

Азғантай ғана қаржыны қызғанып, жарық шағылыстырғыш жолақты тақпай жүргенде, одан да зор шығынға ұшырап қалмайық, ағайын! Адам да аман, мал да сау болсын десек, Қамбар ата  түлігіне флиппер тағуға құлықты болайық!

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале