Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектеп жәрмеңкесі» 1 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында әдеттегідей Орал қаласының орталық базарындағы Арбат бойында өтеді.
Айта кетейік, «Мектеп жәрмеңкесі» дәстүрлі түрде 2013 жылдан бері өткізіліп келеді.
Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жәрмеңке өткізудегі басты мақсат - қала тұрғындары мен қонақтарына сауда жасауға қолайды жағдай туғызу және кәсіпкерлерге қолдау көрсету.
Биылғы кеңейтілген жәрмеңкеге 170 кәсіпкер қатысады деп жоспарлануда. Олардың басым көпшілігі - кеңсе тауарлары мен мектеп құралдарын сату саласында көп жылдар бойы қызмет ететін кәсіпкерлік субъектілері. Жәрмеңкеге қатысушы кәсіпкерлерге қойылатын жалғыз талап - мектеп құралдарының бағасын мейілінше төмен ұстау.
Тағы бір атап өтетін жайт, сауда жасау орындары кәсіпкердің өтініші негізінде тегін беріледі.
Жәрмеңке барысында кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен көп балалы аналарға, жалғыз басты аналарға, мұқтаж жандарға, т.б. әлжуаз топ өкілдеріне жеңілдіктер жасалып, мектеп құралдарын тегін беру секілді қайырымдылық шаралары өткізіледі.
Еске салар болсақ, 2018 жылы өткізілген жәрмеңкеде көп балалы, тұрмыстық жағдайы төмен 100-ге жуық отбасына 30%-дан 70%-ға дейінгі жеңілдіктер жасалған болатын.
zhaikpress.kz