Сырым ауданында аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің бастамасымен құрылған жұмыс тобының ауылдық округтердегі сапарлары жалғасуда. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов және жер қатынастары бөлімі, мемлекеттік кірістер басқармасы, халықты жұмыспен қамту орталығының өкілдері шаруашылық құрылымдардағы еңбек күшінің заңдастырылуы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы секілді мәселелермен танысып, іс жүзіндегі ахуалды зерделеуде.
Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Елтай, Талдыбұлақ ауылдық округтерінде жұмыс сапарымен болып, тұрғындармен кездесті. Кездесудің күн тәртібінде – жұмыс тобының қорытындысы, яғни шаруашылықтардағы еңбек қатынастарының реттелуі, халықты құқықтық сауаттылығын арттыру, кәсіпке ынталандыру мәселелері айтылды.
-Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев аудан әкімдеріне жеке инвестицияның көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықпен кездесуді қарапайым әрі нәтижелі ету жөнінде тапсырма берді. Салық базасын инвесторлар есебінен молайтуды, биліктің халық үшін ашық әрі қолжетімді болуын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі талап етіп отыр.
Көлеңкелі экономикадан халықтың өзі шығуы керек. Мың шақырым бір қадамнан басталатыны секілді, үлкен жұмыс кішкентай амалдан басталады. Егер әрбір тұрғын жасаған саудасы үшін чек талап ететін болса, соның өзі тұрғынның ауданның салық базасына қосылған қаржылай үлесі, былай қарағанда, елдің дамуына тигізген септігі болып саналады. – деді аудан әкімі Төлеген Төреғалиев.
Жұмыспен қамтудың барлық тетіктерін пайдалану, жерлерді игеру мәселелері де қос округ тұрғындарына басшылардың тарапынан түсіндірілді.
Талдыбұлақ ауылдық округіндегі кездесуде тұрғындар мектептегі маман тапшылығы мәселесін көтерді. Талдыбұлақ орта мектебі бүгінгі күні математика және химия пәндерінің мұғалімдеріне зәру. Осы секілді ауыл іргесінде бөгетті бөгеу, ауылдан дәріхана ашу, ұялы байланысты қосу жөнінде ұсыныстар айтылды. Талдыбұлақтықтар қожалықтардан сапалы мал азығымен ауыл үйлерін толық қамтуды әрі тиімді бағаға сатуды сұрауда.
Кездесулерден кейін Төлеген Төреғалиев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz