Қаратөбедегі жерлестер форумына келген қонақтар мен жастар алдымен «Қаратөбе сиезі» өткен тарихи орында орналасқан ескерткіштің басында өткен шараға қатысты. Шара тарихи орын жанынан салынғалы жатқан Алашорда және Қайыржан Хасановтың мемориалдық музей-кешенінің ірге тасының құйылу рәсімінен басталды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясындағы игі шарада аудан әкімі Жанат Асантаев:
– Елге кеңінен танымал болған журналист Қайыржан ағамыздың ұлдары Ержан мен Нұржан бірігіп игі бастаманы қолға алып отыр. Бұл салынғалы жатқан музейдің елге берері көп. Тарих қойнауындағы Алаш қозғалысының тарихын жас ұрпаққа кеңінен таныстыруға, сонымен қатар туған жеріміздің тарихын зерделеуге үлкен мүмкіндік береді. Осындай керемет тарихи орынды өз қаражаттарына салғалы жатқан Қайыржан Төлегенұлының ұлдарына қаратөбеліктер атынан алғыс айтамын, - деді аудан басшысы Жанат Асантаев.
Саналы ғұмырын туған жерінің тарихын зерттеуге, елге еңбегі сіңген тұлғаларды дәріптеуге арнаған журналист, өлкетанушы Қ.Хасановтың зайыбы, ардагер ұстаз Рысты Бижанова қаратөбеліктерді салтанатты шараның ашылуымен құттықтап, Қайыржан ағаның шығармашылығы туралы әңгімелеп, шараға қатысушыларға зор ризашылығын білдірді.
Жиылған жұртшылық алдында аудан әкімі Жанат Асылханұлы мен жеке кәсіпкер, жерлесіміз Ержан Хасанов музейдің іргетасын құю (капсула салу) рәсімін жүргізді.
Жаңадан салынғалы жатқан музейдің ұзындығы 27,8 метр, ені 18,6 метр болмақшы. Музей ғимаратының жобасына сай, төрдегі бөлмеде конференция залы, қос қапталында Алашордашылар залы және Қ.Хасановтың шығармашылығына арналған арнайы зал, ортасында фойесі, кіреберісінде 4 шағын қызметтік бөлмелер орналаспақ.
Қаратөбеліктер бұл игі істі ағайынды Ержан мен Нұржанның туған жері Қаратөбеге деген сүйіспеншілігі деп біледі.
Ерболат РАЙСОВ
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz