Орал қаласындағы Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев атындағы алаңда қала күніне орай Тасқала ауданының мерекелік шарасы өтті.
Оған аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева бастаған бірнеше бөлім басшысы қатысты. Сонымен қатар Орал шаһарында тұрып жатқан жерлестерімізде төбе көрсетті.
«Ақжайық» этноауылында тасқалалық кәсіпкерлер өз қолдарынан шыққан ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырды. Бұл күні сатылымда қымыз, айран, ірімшік, қаймақ пен май, қалаберді тәтті нан өнімдері де болды. Қолөнер бұйымдарынан жақында ғана грант ұтып алып, «Қыз жасауын» ашқан «Мақсотов» жеке кәсіпкерлігі тіккен көрпелер қалалық қыз-келіншектердің іс тігуге деген қызығушылығын арттырса, «Тасқала әйелдері» қоғамдық бірлестігі жанынан құрылған Вердана Завгарина жетекшілік ететін қолөнер үйірмесінің жұмысы да келушілерді таңдай қаққызды. Ал бүгінде облыс, қала берді аймаққа өз өнімдерімен танымал болып үлгерген Сейітқали Шотановтың қолынан шыққан аяқ киімдері де көпшіліктің көңілінен шықты. Мектептен тыс жұмыс орталығы ұйымдастырған балалардың қолынан шыққан көрмені тамашалаушылардың қатары сиреген жоқ.
Айта кету керек, бұл күні кәсіпкерлер тек өнімдерін көрсетіп қана қоймай қалалықтарға шеберлік сағатын өткізді.
Сондай-ақ алаңда ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды. Балалар тоғызқұмалақ ойнаса, үлкендер қол күресінен сынға түсті. Жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталды.
Ақын А.Құнанбаевтың бейнесін сомдаған Т.Тапалов пен жас ақындарымыз Абай өлеңдерінен үзінділер оқыса, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кейінгі кездері ұмыт бола бастаған тазы баптауды қайта жандандырып жатқан тасқалалық жігіттер жиналғандардың назарына ілікті.
Театрландырылған көрініспен басталған мерекелік концерт қала қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Екі сағатқа жуық қаланы әнге бөлеген мерекелік шара әнші, «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері Хайретден Сұлтангереевтің орындауындағы «Жайнай бер, Тасқала» әнімен қорытындыланды.
Назгүл Серікқызы
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер