26.09.2019, 11:14
Оқылды: 31

Велосипед кімге бұйырады?

Тасқала ауданы Мереке мектебінің қазіргі жағдайымен танысып қайттық. Жаңа оқу жылына тиянақты әзірленгендігін мектеп ғимаратын аралап көргеннен кейін көзіміз жетті. Бұған дейін жылыту қазандығының жұмыс жасауында ақаулар болған. Бірақ ол күндердің артта қалғандығын мектеп басшысының өзі айтты.

Қазіргі таңда аталмыш білім ордасында 108 оқушы білім алады. Оқушылар түске дейін сабаққа барса, түстен кейін волейбол, күрес және теннис үйірмесі сияқты спорт түрлерімен шұғылданады. Жаттығудан кейін оларға душқа шомылуға мүмкіндік жасалған. Мектеп дәлізінде тұрған су жаңа велосипедке көзіміз түсті. Сұрап білгеніміздей бұл «READx» жобасының бас жүлде иегеріне тігілген сыйлық көрінеді. Қазіргі кезде балаларымызды кітап оқуға талпындырып жатырмыз. Шынын айтқанда қазіргі кезде олардың ынтасы төмен. Сол себептен мектеп ұжымдары бірлесіп түрлі жобаларды ойлап табуда. Оқушыларды кітап оқуға немесе өлеңдерді мәнерлеп жатқа айтуға тәрбиелеу мақсатында «READx» жобасы қолға алынды.

mereke (6)

-Аптасына бір рет 5-інші және 10-ыншы сыныптардың арасында өлең оқудан байқау өткізіледі. Сайыс ережесіне сай қатысушылар Абай Құнанбаев, Мағжан Жұмабаев, Жұбан Молдағалиев және Сәкен Сейфуллиннің өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқиды. Әр аптаның рейтингісі ашық түрде тақта да ілініп тұрады. Ол әрбір ата-ана өз баласының қандай деңгейде келе жатқандығын байқап көруіне мүмкіндік. Оқу жылының соңында, яғни мамыр айында комиссия шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтап жүлде тапсырамыз. Бас жүлдені ұтқан оқушыға велосипед сыйға тартылады. Бұл дегеніміз алдағы үш айлық демалыс кезінде таптырмас көлік,- дейді аталмыш мектептің директоры Марлен Ерғали.

Күнде сабаққа келген оқушылар су жаңа велосипедті сырттай иемденеді екен. Оның өзі әр баланың арманына арман қосылғанын көрсетеді.

Темірболат Әнуарұлы

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале