Облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Иманқұлұлы Жаңақала ауданына арнайы келді.
Өңіріміздегі 12 ауданның мәслихат хатшылары да келген жиын даңқты әрі дәулескер күйшілердің мүсіндеріне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Одан кейін аудан әкімдігіндегі аудандық орталық кітапхананың ұйымдастырған кітап көрмесімен танысты.
Әр ауданнан тағайындалған мәслихат депутаттарының көшпелі мәжіліс отырысында Мәлік Құлшар кездесудің маңызы мен талқылайтын тақырыптарды ортаға салды. Көшпелі мәжілісте алғаш боп аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин сөз алды. Ол кісі ауданымызда атқарылып жатқан бірқатар шаруаға тоқталды. Аудандық мәслихат хатшысы Закария Жүсіпқалиұлы Тәуелсіздік алғаннан бергі жетістіктерімізге тоқталды.
-Әр түрлі опозициялық топтардың көзқарастарына қарамастан мемлекет басшысы Елбасы саясатының сабақтастығын сақтайтынын, келешектегі жүргізілетін реформалардың негізі де осыған дейін қолданылып келген саяси жүйемен салалас болатынын айтты. Міне, бұл біздің ұлттық менталитетіміз, ата-бабадан бері қанмен қалыптасқан сыйластық болмыс, болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге ететін асыл қасиетіміз. Себебі бүкіл әлем еліміздің даму жолын Қазақстандық, Назарбаев моделі – деп мойындап отыр, - деді З.Сисенғали өзінің баяндамасында.
Одан кейін регламент бойынша сөйлеген мәслихат депутаттары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің саясатына тоқталып, алда атқарылатын бірқатар мәселені қозғады. Келелі жиында ел Президентінің жолдауы талқыланып, өңірімізде орын алып жатқан саяси-экономикалық бағыттарға оң баға берілді.
Жанайдар Болатбек
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер