4.12.2019, 12:05
Оқылды: 87

Иттен келер қауіп көп... 

Қазіргі күні итті тек ермек үшін асырау сәнге айналып барады. Жаңақала ауданы тұрғындарының көпшілігі хаски, питбуль, төбет, алабай, қанден, тазы, лайка, спаниель тұқымды иттерді асырауда. Ал сол жерлестеріміз асыл тұқымды иттерден келетін қауіпке назар аударып жүр ме? Бізді толғандырып отырған да осы. Себебі кейбір аудан тұрғындары олардың күтіміне көңіл бөлмеуі салдарынан көбі көшеде қаңғып жүр. Аула-қора мен тұрғын жайды тінтіп, күні-түні үйірімен көше кезген сол иттердің ертең адам таламасына кім кепіл?!

it

- Көше кезген қаңғыбас иттердің тамақ іздеп жүрмейтін жерлері жоқ. Түн мезгілінде аулаға шықсаң, қайдан келгенін білмейсің, топ-тобымен жүреді. Біздің көрші үйдің балалары таң қараңғысында мектепке сабаққа барады, өте қауіпті. Қатер аяқ астында емес пе? - дейді ауыл тұрғыны Жасұлан Есенов. Ағамыздың қорқуының жөні бар. Олай дейтініміз, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық орталық берген мәлімет бойынша өткен жылы 62 аудан тұрғыны итке қабылса, биылдың өзінде 37 адам тіркеліпті.

-Үй жағдайында ит пен мысық асыраудың да бекітілген ережелері бар. Дегенмен, бұл көбіне ескеріле бермейді. Мұндайда тұрғындар әуелі жануарларды тіркетуі қажет. Одан кейін арнайы ем-домын уақтылы қабылдап отыруы тиіс. Егер мұны орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңына сәйкес айыппұл салынады. Жергілікті тұрғындарға келген қауіптің алдын алу мақсатында 2017 жылы 496, 2018 жылы 540, биыл қараша айына дейін 512 қаңғыбас ит атылды. Бірақ та біз мұнымен қауіп сейілді дей алмаймыз. Себебі қаңғыбас иттердің саны әлі күнге азаймай отыр, -дейді аудандық ветстанция басшысы Марат Болатұлы бізбен әңгімесінде.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қаңғыбас иттермен көп болып күреспесек, ертең күні адамдарымыздың ажал құшпасына кім кепіл?!

Шыңғыс Ромашев

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале