10.12.2019, 11:46
Оқылды: 329

«Ауыл ақыны» атанған ақсақал

Қоғамда жастарға дұрыс жөн сілтеп, саналы сөзімен, салиқалы тәжірибесімен үлгі болатын қариялардың орны бөлек. Бүгінде әр ауылда өмірі өнегелі болар, ақыл-ой таразысын тең ұстар ақсақалдарымыз аз да болса, бар. Солардың бірі – Жәнібек ауданындағы Ақоба ауылының тұрғыны Мұрат Мұханбетқалиев. Мұрат аға жайлы сөз қозғалса, оны танитындар көз алдарына үкілі бөрік киіп, қолына домбыра ұстаған бейнені елестетері анық. Расында ол сөз қадірін, қара домбыраның қасиетін білетін жан.

Сапи мен Гүлбағиданың тұңғыш перзенті Мұрат 1949 жылы Ақоба ауылында дүниеге келді. Әкесі тергеу комиссиясының председателі болып қызмет атқарса, анасы Гүлбағида бес баланың тәрбиесімен айналысады. Кейін әкесі Ұлы Отан соғысына қатысып, жараланып ІІ топтағы мүгедек болып оралады. Әкесінің туған апасы Мұқила апай ақынжанды адам болған. Кез келген тақырыпта өлең шығарып, оны әуенге салып әндетіп отырған. Бала Мұрат осы апасының үйіне жиі барғасын сөз өнеріне жақын болып өседі.

janibek auyl aqyny (1)

– Мұқила апам суырып салма ақын еді. Той-жиында өлең айтып, қайым айтыстарды «қатыратын». Бір қызығы апам ауылдағы «ақын келіншек» атанып, кейін қазақ елі мойындаған ақын Халима Өтеғалиеваның туған абысыны болды. Сөйтіп бір үйде екі келін ақын болды. Біздер ол кезде баламыз. Дастархан басында екеуі үнемі өлеңдетіп айтысатұғын. Жиын, қонақтықтарда үстел басында соғысқа кетіп оралмаған азаматтарға жыр арнайды. «Үміттерің үзілмесін, әлі оралады» деген бағыттағы жұбатулар айтады. Үлкен әжейлер егіліп отырып тыңдайтын. Екі келіншекті кезекпен құшақтап, алғыс айтып жатқан сәттері көз алдымда. Әттең, бала болдық, апамның өлеңдерінің бірін де жазып алып қалмағанымыз өкінішті, – дейді ағамыз.

Күнкөріс қамымен анасы Күлан апай (ауылдастары осылай атаған) Бекжан Хабиев деген шопанға көмекші болады. Каникул кезінде қырға барып жүрген оқушы Мұрат  Бекжан ағайдың  домбыра тартқанын қызықтап, кейін осы кісіден үйреніп алады. Содан кейін ауылдағы клубта аракідік өнер көрсетіп жүрді. Бұны байқаған бес саусағынан өнер тамған ұста Әбу Әліпқалиев оған риза болып, домбыра жасап береді. Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де бала кезде алған сыйлығын әлі күнге дейін сақтап келеді. Өнерлі өрен 1968 жылы мектепті аяқтағаннан кейін Алматыға кетеді. Алматыда оны Халима Өтеғалиева жылы қарсы алып, композитор, Қазақ КСР-нің халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірттерін даярлайтын мектебіне  апарады. Талабы таудай Мұрат емтиханнан сәтті өтіп, оқуға қабылданады. Алайда сол кездегі талап бойынша «аспапта орындау» мамандығына оқу келесі жылы, яғни 1969 жылы басталатындықтан, ол ауылға кері қайтады. Отбасылық жағдайға байланысты кейін Алматыға қайтып бармайды. Шаңырағының тұңғышы болғандықтан оның алдында  соңынан ерген бауырларын демеп, анасына көмектесу міндеті тұрды. Сол жылы жас баланың талабына сенген аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Болат Әжиев оны Ұзынкөл ауылына клуб меңгерушісі етіп жібереді. – Мәдениет саласында жұмыс жасап жүргенде той басқаратынмын. Дүйім жұртты өзіме қарату үшін ұйқастырып өлең құрастырам. Негізі бойымда суырып салма қасиет болған жоқ. Өлең шығаруға уақыт өте келдім. Ауданда айтысты жандандырған 1985-1988 жылдары ауданымызда партия комитетінің бірінші хатшысы болған Шыныбай Шарафеутдинов еді. Ол кісі 1986 жылы аудан ақындарының басын жинап жыр айтысын ұйымдастырды. Оған ауылдан бір ақын қатысу қажет болды. Партком Меңдақ Неғметов мәдениет, өнерге жақынсың деп, мені үгіттеді. Сөйтіп алғаш рет айтысқа қатыстым. Жұбым Қобылан Қуанов деген азамат болды. Содан кейін айтыс 1988 жылы Қаратөбе ауданында өтті. Оған облыстан  90-ға жуық өнерпаз бақ сынады. Айтыстың қайым, жұмбақ, кыз бен жігіт сынды түрлері болды. Мен өтірік айтысқа қатысып, үшінші орын алдым. Осыдан кейін шабытым шарықтап әртүрлі тақырыпта өлең шығара бастадым. Кейін мәдениет саласында жалақы азайды. Балаларым болса өсті. Оларды оқыту, киіндіру керек. Сосын бұл қызметтен қол үзуге тура келді. 1989 жылы ауылда ең бірінші орендатор-шабан болдым. Совхоздан бөлініп, жеке шықтық. Қыруар малдың есебін шығарып үкіметке тапсырып тұратынбыз. 1992 жылы  өз алдына жеке шаруа қожалығын құрдық. 2000 жылдан бастап аудандық байланыс торабында зейнет жасына шыққанша еңбек еттім, – деп сөзін аяқтады.

Мұрат аға жұбайы Бақытжамал екеуі төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде балаларының алды немере, жиен сүйіп отыр. Жұбайы өмірден өтсе де көре алмай кеткен  қызығын Мұрат ата 16 немере, 5 жиен, 3 шөбереден көріп отыр. Жақында жетпіс жас мерейтойын өткізген ата немере-жиендері қаумалап келгенде домбырасын қолына алып, ән шырқап беруден жалықпай жырдан шашу шашты. Ағамыздың тағы бір ерекшелігі – аңыз әңгімелердің майын тамызып айтады. Әсіресе туған ауылының тарихын, осы ауылда дүниеге келген ерекше тұлғалар туралы тың деректерді Мұрат атадан сұрауға болады. Оқушылар одан жиі сұрайды да. Ол зейнет жасында болса да қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ. Ақоба ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы болып қызмет атқарады. Ағадан арманыңыз бар ма деп сұрғанымызда оның дауысы жарқын шықты.

– Мен кеңес үкіметі дәуірін де, қазіргі тәуелсіздікті де көрдім. Мына ашық аспан, еркіндік бәрі халықтың көз жасымен, қанымен келді ғой. Талай ауыр кездер артта қалды. Енді міне, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан жастардың еш алаңсыз еңбек етуіне мүмкіндік көп. Осының бәріне қуанамын. Елге титтей де болса еңбегім сіңсе, маған содан асқан бақыт жоқ! –  деді ол.

Әсемгүл Әбділдақызы

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале