Бүгінгі таңда Тасқала ауданы орталығындағы еңселі ғимартқа орналасқан «Қазпошта» қызметінің сапасына тұрғындар ренжулі. Өйткені, адамдар коммуналдық төлемдер үшін ұзынсонар кезекті сағаттап күтуге мәжбүр. Негізінен бір емес, бірнеше қызмет түрін көрсететін «Қазпошта» бөлімінде қызмет көрсетуге үш терезе бөлінген. Қазіргі таңда оның тек біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Бір сөзбен айтқанда, поштаға кірген клиенттер күнұзағына жіпсіз байланып отырады. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын пошта қызметінің жұмысына көпшіліктің неге көңілі толмайтындарын білу үшін кезекте тұрғандарды сөзге тарттық.
-Кезек күтіп шаршадық. Пошта қызметіне жүгіну үшін барлық жұмыстарыңды ысырып қойып, бір күнді арнайы соған бөліп келген дұрыс. Себебі, кезектің көптігі соншалық, таңертең кірген адам кешке бір-ақ шығады. Тек бір касса ғана жұмыс істеуде. Қалғандары жабық тұр. Осыған дейін электронды табло жұмыс істеп тұрғанда да кезек жылжып болмайтын. Қазір де оның сирейтін түрі жоқ. Зейнетақы беретін уақытта мұнда аяқ басатын жер болмайды. Менің келгеніме екі сағатқа жуық уақыт өтті, алдымда әлі оншақты адам бар. Олар өткенше жұмыс уақыты да аяқталады. Ауылдан келетіндер үшін бұл тіпті қиын. Осыны мәселені шешуге болмай ма ? - дейді ауыл тұрғыны Құралай Кенжеғалиева ренішін білдіріп.
Мұндағы ұзынсонар кезек негізі мамандар тапшылығынан туындап отыр. Бұл басылымға жазылу кезінде де кері әсерін тигізуде. Түрлі интернет ресурстары мен басқа да ақпарат көздері көбейген сайын аудандық газеттің таралымы да жылдан-жылға төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Мәселен, осыдан үш ай бұрын басталған баспасөзге жазылу жұмыстары әлі мардымсыз. Ауылдық округтерді аралап, халықпен кездесіп, газетке жазылу жөнінде біраз жұмыстандық. Бірақ 2020 жылдың I жартыжылдығына жазылу науқаны аяқталуына небары оншақты күндей уақыт қалса да, кейбір мекемелер асығар емес. Бір сөзбен айтқанда, уақыт таяу, жазылу баяу...
Оқырман қауым болса, «Қазпошта» бөлімін кінәлайды. Яғни, ауылдан ат арытып газетке жазылу үшін арнайы келгенде ұзынсонар кезектің кесірінен кері кететіндерін алға тартады. Аудан орталығындағы жазылушылардың да айтар уәжі осы. Жұмыстан сұранып шыққанымызда, газетке жазыла алмай кері кетеміз. Оның үстіне жазылу бағасы да редакцияға қарағанда әлдеқайда жоғары. Әрі газет айына екі рет жеткізіледі екен. Соның салдарынан жаңалықтарды дер кезінде оқи алмаймыз дейтіндер де жоқ емес.
Біз аудандық «Қазпошта» бөлімінің басшысы Л.Сидкоға арнайы жолықтық.
-Бізде кезек өте көп. Электронды табло да істен шықты. Себебі, жұртшылықтың көбі зейнетақы мен жалақыны осы жерден алады. Одан қала берді аударымдар мен түрлі қызметтер көрсетіледі. Соның барлығына жалғыз оператор үлгере алмайды. Өзіңіз көріп тұрғандай, үш терезенің орынына біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Маман жоқ. Аз ғана жалақыға ешкім жұмыс жасағысы келмейді. Бұл бірнеше қайтара көтеріліп келе жатқан мәселе. Жаңа жылдан кейін бұл қызметкерімде декреттік демалысқа кетеді. Сонда жұмыс жасайтын адам қалмайды. Ал газетке жазылуға келетіндер саны көп деп айта алмаймын. Адам көбейіп кеткенде баспасөзге жазылуды өзім жүргіземін. Сондықтан бізден кінә жоқ, - дейді Лена Геннадиевна бізбен әңгімесінде
Сондай-ақ пошташылар газетті үй-үйге таратқан уақытта жазылуды жүргізуге мүлдем болмайтынын пошта бастығының өзі айтты. Бұрын абоненттік карточка арқылы жаза беретінбіз. Қазір оны алып тастады. Келген адам тек компьютер арқылы ғана жазыла алады. Ал компьютерге енбесе, есепке алынбайды дейді. Мекемелер арқылы жазылатын ведомоствалық газеттерді жазудың да әлегі көп екенін байқадық. Портал арқылы өтетін газеттер тек он күннен кейін ғана есепке алынады екен. Онда да көрсетілген келісім-шарттар дұрыс болса ғана.
Осыдан соң басқа аудандағы әріптестерімізге қоңырау шалып, газетке жазылу науқанының қалай жүріп жатқанын білдік. Олардың жағдайы бізге қарағанда әлдеқайда жақсы. Пошташылар үй-үйге жүріп, газет жаздыруға белсене кірісіп кеткен. Басылымға жазылуда ешқандай кедергі жоқ көрінеді. Сонда әр аудандағы «Қазпоштаның» жұмыс істеу заңдары әртүрлі болғаны ма? Басқа ауданда пошташылардың үй-үйге жүріп газет жаздыруына болады, ал бізде неге жоқ? Мұны түсінбедік. Әрі жазылған басылымның жарты қаражаты өздеріне түседі. Осыны неге ескерілмейді? Жалпы пошта жұмысы қашан дұрыс жолға қойылмақ. Бұған жауап берер басшы бар ма?
Назгүл Серікқызы
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер