Бәйтерек ауданы Дариян ауылдық мәдениет үйінде елімізге танымал «Дарьюшка» би ансамблінің «Сиқырлы би» атты шығармашылық кеші өтті. Жас өрендердің өнерін тамашалауға ауыл тұрғындары көптеп жиналды.
Айта кетелік, өткен ғасырдың сексенінші жылдары Дарьинск мектебі жанынан құрылған «Юность» би ұжымы 1986 жылы атын «Дарьюшка» деп өзгерткен-ді. Қазіргі күні олар аудандағы үлгілі өнер ұжымдарының бірі де бірегейі. Ансамбльдің алғашқы негізін қалаушы Лидия Сгибнева болса, кейіннен Слана Имашева, ал 2018 жылдан бері Найля Қадырқұлова жетекшілік етуде. «Дарьюшка» ансамблінің құрамындағы үлкен, орта және кіші топта 60-тан астам биші бар. Ансамбль бүгінде облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды еншілеп жүр. Олардың репертуарларында қазақ, орыс, корей, кавказ, үнді, татар және заманауи билер бар. Бұл жолы да барлық топтағы бишілер жаңа үлгідегі костюмдермен шығып, ата-аналарымен бірге ата-әжелерін де қуантты.
Ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлаған кеште ансамблдің жетекшісі Найля Ермекқызының Орал қаласынан келген әріптестері Бибігүл Бекетова, Әсел Қуанышова, Сұлтан Дәуітов, Камила Халеловалар және дарияндық өнерпаздар Асылай Көпжанова, «Нұр –Әділ» тобының әншілері Әділхан Қадыров пен Нұршат Ғұбайдуллиндер ән мен биден шашу шашса, Орал қаласындағы шығармашлық орталықтың әдіскері Әлихан Қабділманов, Тасқала аудандық мәдени - демалыс орталығының әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Алма Аюповалар ізгі тілектерін айтып, алғыс хат табыстады.
-Би –спорт. Ал спорт – денсаулық, салауатты өмір салтының ажырамас бөлігі. Би – сымбаттылық пен дене мүсінін, төзімділік пен икемділікті қалыптастыратын жаттығу, сонымен қатар, би адамның көңіл -күйін көтереді. Бимен емдеуді медицина саласы да жоққа шығармайды, - деді бұл күнгі кеш шымылдығын жапқан Дариян ауылдық округінің әкімі Исатай Мұғалбаев.
Гүлжан Аязбаева
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер