Тасқала аудандық мәдени демалыс орталығында аудандық білім бөлімі мен мәдениет қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі, үйден оқитын және оқуға жарамсыз 55 балаға арналған «Қош келдің, Жаңа жыл» атты ертеңгілік өтті.
Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары Аян Халауедин, «Нұр Отан» партиясы Тасқала аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Л.Жұбанышқалиева, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Кентугаева, қатысты.
Алдымен сөз алған Аян Халауединұлы биыл әр адамның жүрегінде өзінің қайталанбас жақсылықтарымен есте қалғанын тілге тиек ете келіп, келер жылдан бұдан да жақсы үміт күтетінімізді айтты. Балаларға жарқын болашақ пен ашық аспан тілеген Аян Халауединұлы алдымен шырша шамын жағып, содан соң бүлдіршіндерге жаңа жылдық сыйлықтар үлестірді.
Әртүрлі аңдар мен ертегі кейіпкерлерінің бейнесін сомдаған бүлдіршіндер тақпақ айтып, би билеп Аяз ата қоржынындағы тәттілерге ие болды.
Аталмыш шыршаның өтуіне жеке кәсіпкерлер Марат Жұмашев, Ізбасар Кенжеғалиев, Бауыржан Мамбетов, Ибатовтар және Тулешовтар әулеті, сондай-ақ «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қамбар Рахметов, әскери қызметкер Еркен Уахитов, «Жас туристер» станциясының әдіскері Еркебұлан Теміржан демеушілік танытты.
Дәл осындай шырша тойы түске дейін мүмкіндігі шектеулі ересек адамдар арасында да ұйымдастырылды. Жаңа жылдық шыршаға 100-ге тарта адам қатысып, оларға тәтті толы қоржын сыйға тартылды. Айта кету керек бұл шараны ұйымдастыруға аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Ахметжан Губайдуллинің еңбегі зор.
Болатбек Сапарғалиев
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер