26.12.2019, 16:13
Оқылды: 18

Келесі жылы Казталов ауданы орталығында 600 орындық мектептің құрылысы басталады

Казталов ауданында жалпы 40 мектеп болса, соның 3-еуі тозығы жетіп, ал 2-еуі күрделі жөндеуді қажет етеді.

Білім ордаларының бүгінгі сиқы айтуға оңай болғанмен, көзбен көргенге қауіпті жағдайда. Қабырғалары жарылып, төбелері опырылып, едендері сөгіліп тұр. Аудандағы 5 мектептің жағдайы осындай. Сондай мектептердің бірі – 150 жылдық тарихы бар Алма Оразбаева атындағы мектеп. Мектепті 2014 жылы 17 қаңтарда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің арнайы комиссиясы жасаған акті сараптамадан өтіп, апатты жағдайда деп танылды. Содан бері 600 орындық мектеп салынады деген сыбыс ел арасына тарап, біраз әңгіме болды. Бүгінде осы мәселенің шешімі табылды.

Ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген аталмыш мектептің мәселесі жөнінде аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсековпен пікірлестік.

-Ауданда соңғы үш жылда 118 жас некеге тұрған. Осы орайда 2 жылда 0-ден 18 жасқа дейінгі бала саны 2 800-ге жуықтайды деген болжам бар. 2019-2020 жылы Бозоба бастауыш мектебі жабылып, оқушылары Казталов мектеп-лицейінің интернатына орналастырылды. 2020-2021 жылдары Сексенбаев, Беспішен бастауыш мектептерін оңтайландыру мақсатында жауып, олардың оқушыларын орталықтағы мектеп-лицейдің интернатына орналастыру жоспарлануда. Ал А.Оразбаева мектебіне келсек, мектеп аумағындағы 2019-2020 оқу жылында 643 оқушы білім алса, алдағы жылдары оқушылар саны артады деп болжануда. Яғни 2023-2024 оқу жылы 887 оқушыға жетеді. Даярлық сыныбымен қоса есептегенде 38 сыныпта 643 оқушы білім алуда.

Мектеп 2014 жылы апатты жағдайда деп танылды. 2017 жылы «ЖайықСтройИнжиниринг» ЖШС жасаған техникалық қорытынды сараптамасы бойынша ғимараттың қауіпті жағдайда тұрғандығы және күрделі жөндеуге жатпайтыны нақты анықталды. Дегенмен қазір екі тілде білім алатын 643 оқушы өмірлеріне қауіп төндіріп тұрған мектепте оқуда, - деді бөлім басшысы.

qaztalov mektep (14)

600 орындық А.Оразбаева атындағы мектептің құрылысына жобалық-сметалық құжат жасалып, құрылыс жұмысы 2349,267 млн. теңгеге есептелген. Құрылыс жұмыстарына конкурс ойнатылып, мердігер анықталған. «Жиенбай» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, келер жылы 600 орындық мектептің құрылысы басталмақшы.

qaztalov mektep (13)

Күні кеше облыстық білім басқармасының басшысы Айымгүл Тржанова жұмыс сапарымен ауданға ат басын тіреп, жарамсыз деп танылған білім ошақтарының жағдайымен танысқан болатын. Сол апатты мектепті аралау барысында аталмыш мектептің де жәй-күйімен танысты. Көктем мезгілінде мектептің жертөлесіне су басады. Сонымен бірге сыныптың қабырғалары жарылса, жертөленің тастары опырылып тұр. Мектептің жоғары қабаты опырылып құламас үшін тіреулер де қойылған.

qaztalov mektep (12)

Гауһар Әділжан

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале