«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасын жүзеге асыру аясында Казталов ауданының Бостандық ауылдық округінде ауыл әкімдігі, мектеп ұжымы қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, «Nur Otan» партиясының мүшесі және ардагер спортшы Бақтыгерей Сүндетовтің 70 жас мерейтойына арналған шара өтті.
Оның мақсаты - өнегелі ардагер спортшының ізгі жолын келешек ұрпаққа насихаттау. Белсенді ардагерлердің бірі – Бақтыгерей ағамыз бұл күнде үрім-бұтақтарының ортасында ардақты ата атанып отырған бақытты жан. Ол кісінің қара шаңырақта отбасы құндылыған дәріптеудегі үлесі зор. Абат пен Роза есімді кенже ұл-келінімен ғұмыр кешуде. Талиға анамыз өмірден өткен соң ағамыз немерелерін бағып, киелі тал бесікті тербеп келеді. Зейнеткерлік жаста бар саналы ғұмырын немерелеріне арнаған Бақтыгерей ағамыздай адамдарды сирек кездестіреміз. Ардақты азаматқа күні кеше аудандық ардагерлер ұйымының, «Nur Otan» партиясының, ауыл әкімдігінің және қоғамдық ұйымдардың атынан алғысхат та тапсырылды.
Бақтыгерей Байкенұлы Сүндетов 1949 жылы 9 желтоқсанда Қосарал ауылдық кеңесінің Естеккөл қыстағында дүниеге келген. 1957-1967 жылдары Бостандық мектебінде оқып, мектеп бітірісімен Бостандық кеңшарында көмекші шопан болған. 1968 жылы мамыр айында Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге алынады. Саратов облысының Татищев қаласындағы ракеталық бөлімде екі жыл әскери борышын өтеп келген соң, ауылда қайтадан сүйікті ісін жалғастырады.
Кейін Алматы қаласындағы киномеханиктік курсты бітіріп, 1971 жылдан бастап Бостандықтағы «Спутник» кинотеатрында мамандығы бойынша жұмыс істейді. Өмір ағысымен өзге де салаларда абыройлы еңбек етіп, 2013 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Әрі Талиға Кабашева анамызбен шаңырақ көтеріп, екі ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірген бақытты ата. Қазіргі кезде сол ұрпақтарынан 9 немере мен 24 жиен сүйіп отыр. Бақтыгерей ағамыз ауылда еркін күрестің дамуына да айрықша үлес қосқан жан деуге толық негіз бар. Ұлы Абзал да әке жолын қуып, талай жарыстарда топ жарса, қазір көпке танымал бапкерлердің бірі.
Ардагер спортшы Бақтыгерей Сүндетовтің мерейтойы құрметіне жасөспірімдер арасында күрестен арнайы турнир де өтті. Осынау тартысты өткен белдесуде І орынды 26 келі салмақта Көктерек мектебінің оқушысы Арман Аманжол, 29 келіде Тереңкөл мектебінің оқушысы Ералы Ерғали, 32 келіде Қайыңды мектебінің оқушысы Нұрлан Ұзақбай және 38 келі салмақта жалпақталдық Ернар Ербол иеленді. Өзге палуандар қалған жүлделі орындарды өзара бөлісті.
Алтын Ақбаева
Бостандық ауылы
Казталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер