Елбасы Н.Назарбаевтың «Бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» атты Ұлт жоспарындағы басты тапсырмаларының бірі – бас бостандығынан айыру орнынан босатылған және шартты сотталған адамдар мен бас бостандығын шектеу жазасына кесілген азаматтардың қоғамда өз орнын табуға көмектесу.
Сонымен қатар ҚР-ның 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында бас бостандығынан айырумен байланысты емес қылмыстық жазаларды орындауға жауап беретін пробация қызметін құру туралы міндет қойылған болатын. Қазіргі таңда Бәйтерек аудандық №1 пробация қызметі бостандығынан айырмайтын жазаға кесілген немесе мерзімінен бұрын шартты жазаға босаған сотталушыны бақылап және тексеріп қана қоймай, оларға еркін өмірге бейімделуге, жұмысқа орналасуына, білім алуына көмектесіп келеді. Біз №1 пробация қызметінің бастығы Азамат Байболатовтың мәліметіне сүйенсек, жыл басында пробация қызметінің есебінде 82 адам болса, қазіргі күні оның 45-і тіркеуден алынған. Сотталғандар мен мерзімінен бұрын теміртордың ар жағынан босап шыққан азаматтарды қоғамға бейімдеп, құқықтық, психологиялық және басқа да көмек көрсету ісін ойдағыдай атқарған аудандық №1 пробация қызметінің мамандары биылдың өзінде жалпы саны 52 адамға көмек көрсеткен. Жіктеп айтар болсақ, есепте тұрған 29 азаматқа психологиялық көмек көрсетіліп, 5 адам жұмысқа орналастырылған. Мұның сыртында 7 азамат қысқа мерзімді оқуға жіберіліп, 11 сотталушының бір реттік жәрдемақы алуына қолғабыс берілген. Осынау 11 адамның 4-і әйел болса, 2-і әлі кәмілеттік жасқа толмаған жастар екен.
- Пробациялық бақылау – істі болғандарды үнемі қадағалау емес, керісінше оларды тәрбиелеу үшін қолданылатын қызмет, - дейді аудандық №1 пробация қызметінің бастығы Азамат Байболатов.
Түгелбай Бисен
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер