-Осы күні екінің бірі кәсіп ашуға тәуекел ете бермейді. Тіпті ашқан күннің өзінде соңына дейін жеткізбей, тастап кететіні қаншама?! Бірі бәсекелестік көп саладан ашып, ісін жүргізе алмаса, енді бірі қаражатты жөнсіз жұмсап, кәсібін тоқтатады. Сондықтан кәсіп ашар алдында оңы мен солын, пайдасы мен шығынын толық есептеу керек, - дейді бәйтеректік кәсіпкер Юлия Яфарова.
Декреттік демалыста отырған Юлия осы күні қуыршақ тоқуды кәсібіне айналдырған. Негізгі мамандығы - психолог. Бәйтерек аудандық орталық аурухансында біраз жыл мамандығы бойынша қызмет етті. Кейін бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан соң анасы үйреткен қуыршақ тоқу ісін қайта қолға алған. Қолөнерді кәсіп еткен басқа жандар сияқты Юлияны да кәсіп ашуға достары итермелепті.
-Алғашқы қуыршағымды тұңғышыма арнап тоқыдым. Ұл бала болса да, қуыршақ оның ең сүйікті ойыншығына айналды. Кейін құрбымның қызына арнап тоқыдым. Ол да қатты ұнатты. Қазір интернеттің дамыған заманы ғой желілерге жарнама да салдым. Оны көрген жандар тапсырыс бере бастады. Осылайша бала күтімімен үйде отырып, жеке кәсіпкер атандым. Оның үстіне жанұям да қолдарынан келген көмегін аямай, қолдау білдіріп келеді, - дейді өзінің о бастағы сүйікті ісін кәсіпке айналдыра іскер жан.
Бір айта кететін жайт, кәсіпкер ісін бастау үшін мемлекеттен несие алмаған. Барлығын өз күшімен жасап отыр. Әрі бүгінде Юлияның қолынан шыққан қуыршақтарды тек Орал қаласы мен аудан аумағынан ғана емес, еліміздің Алматы, Ақтөбе қалаларынан көруге болады. Сондай-ақ Ресей Федерациясының Самара, Саратов, Мәскеу қалаларынан да тапсырыс берушілер бар көрінеді.
Бір қуанарлық жәйт, Юлияға тапсырыс берген жандардың бір де бірі осы күнге дейін қуыршақтардың сапасына кінә артпаған. Керек десеңіз, бүгінде кәсіп иесі Түркия, Ресей, Малайзия және Испания сияқты елдермен тығыз байланыс орнатып үлгерген. Өйткені, қуыршақ тігуге қажетті шикізатты аталған елдерден алады.
-Ресейден шикізат алдыру онша қиын емес. Ал алыс шетелден шикізатқа тапсырыс берген кезде үлкен ұлым көмектеседі. Ол қазір 8-сыныпта оқиды. Бірақ ағылшын тілін жақсы меңгерген. Испания, Малайзия мен Түркия елдеріндегі шикізат сатушыларымен келіссөздерді ұлыммен бірге жүргіземін. Осылайша қуыршақ тоқуыма себепкер болған тұңғышым енді кәсібімізді одан әрі дамытуға да жарап қалды.
Әрі балғындарға арнап ойыншық тоқыған соң, оның қауіпсіздігіне де көп көңіл бөлуіміз қажет. Сондықтан таза, ешқандай қоспасыз шикізат алғанды жөн көремін. Осы ретте айта кетейін, қуыршақты психотерапияда да қолдануға болады. Қуыршақ бала қиялы мен қол моторикасының дамуына да септігін тигізеді және позитивті ой қалыптастыра алады, - дейді Юлия.
Түгелбай Бисен
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер