Бәйтерек аудандық мәдениет үйінің қызметкелері тек мәдени-көпшілік шараларды өткізумен ғана шектелмей, ауыл балаларын өнерге де баулып келеді. Бірнеше жылдан бері аудандық мәдениет үйінің солисі қызметін абыройлы атқарып келе жатқан Аягөз Бейісова жақында мәдениет үйінің жанынан эстрадалық вокал үйірмесін ашты.
-«Ел іші-өнер кеніші», - дейді дана халқымыз. Біздің ауданда да талантты жастар жетерлік. Үйірме ашуыма сол балалардың өнерге құштарлығы себеп болды. Қазір 12 шәкіртім бар. Олардың ән айтуға деген қызығушылықтары айырықша, - деді аудандық мәдениет үйінің солисі Аягөз Бейісова әңгіме арасында.
Ашылғанына көп бола қоймаса да, талантты жаннан тәлім алған жас әншілер аудан сахнасының сәніне айналып үлгерген. Осы күнге дейін өткен барлық мәдени-көпшілік шаралардан сырт қалмаған. Тіпті төрт шәкірті «Көзайым» атты квартет құрып, әншілік өнерді одан әрі ұштай түсуде.
-Қыздарым жеке-жеке емес, қосылып ән айтқысы келетін ұсыныстарын айтқанда таң қалдым. Әрі келісімімді бердім. Нәтижесі де жаман емес. Осы күні «Көзайым» квартеті расымен де көрермен көзайымына айналды. Репертуарларына да бірнеше жаңа ән қосты. Алғашында тек «Құлпыра бер, Қазақстан» әнін айтып жүрсе, қазір «Дети Казахстана», «Мен, сен, бәріміз» сияқты әндерді нақышына келтіре орындайды, - деген Аягөз болашақта шәкірттерін түрлі ән байқауларына қатыстырмақ ниетте екенін айтты.
Түгелбай Бисен
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер