Бәйтерек ауданы әкімінің тұрғындармен есептік кездесуі Көшім ауылдық округінде жалғасты.
Аудан әкімі Асхат Шахаров ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылдың еншісіндегі мақсат-міндеттер туралы баяндады.
Аудан әкімінің баяндамасында айтылғандай, Переметный, Махамбет, Егіндібұлақ, Көшім, Янайкин, Зеленов, Трекин, Рубежин, Раздольное, Январцев ауылдық округтері аумағында ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін жалға беру бойынша конкурс өткізіліп, қорытындысында ауданда 8 394 га. барлығы 24 жер телімі берілген. Сондай-ақ коммерциялық мақсаттағы объектілерді салу үшін жалпы ауданы 5,69 гектар 12 жер учаскесін сату үшін 3 аукцион өткізіліпті. Аукцион қорытындысында 11,7 млн. теңгеге 6 жер учаскесі сатылыпты. Аудан аумағында барлығы 35 362 гектар жер учаскесін ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланбайтын 46 жер иесі анықталып, мемлекеттік қорға сот шешімі бойынша және ерікті түрде 29 жер учаскесі қайтарылған. Ал 17 учаске қайта тексеруге жіберілген.
Көшім ауылдық округінің әкімі Айнагүл Баянова округтің тыныс-тіршілігін толыққанды баяндап өтті. Аудандағы іргелі ауылдық округтің бірі саналатын 6 елді мекені бар бұл округте 4500-ден астам тұрғын бар. Мұнда 2 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік пункт жұмыс жасайды. Десек те, бүгінгі таңда округте жоғары білімді дәрігердің жоқтығы өткір мәселе күйінде қалып отыр.
Есептік кездесуде ауыл тұрғындары Қадыр Көбеев, Юрий Плотников, Валерий Трефилов, Отарғали Нәбиев, Валентина Леоньтевалар сөз алып, ауыз су, жолаушылар тасымалы, ұялы байланыс нашарлығы, тағы басқа мәселелерді тілге тиек етіп, тиісінше жауаптар алды.
Ертай Бимұханов,
суреттерді түсірген
Сәлім Мәмбетәлиев
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер