14.01.2020, 12:42
Оқылды: 136

Тері өңдейтін кәсіпорын жетіспейді

Бір көнекөз қарияның «Күнімнің өткеніне емес, қадірімнің кеткеніне жылаймын» дегеніндей, бүгінде көшедегі қаңғырған иттердің ауызында сүйретіліп жүрген мал терілерін көргенде жүрегіңнің қан жылайтындығы рас. Өйтпегенде ше?! Сонау кеңестік заманда тонналап буылған қой жүні, текшелеп тиелген мал терілері шикізат қалпында көліктермен зауыттарға жөнелтіліп жатушы еді. Тіпті, жергілікті жердегі шикізат өнімдерін дайындаушыларды айтпағанның өзінде, Ресей, Түркия, Германиядан да кәсіпкерлер келіп, мал терісін, жүнді тиімді бағамен сатып алатын.

 

Міне Қазақстанның байлығына қызығушылық деген осы емес пе?

Қазір жағдай мүлде өзгерген. Қырқылған қойдың жүнін, малдың терісін қабылдайтын орын жоқ. Мәселен, бұл жағдай тек біздің облысқа ғана тән емес, жалпы елімізді алаңдатып отырған өткір мәселе. Негізгі дереккөздегі статистикалық мәліметке көз салсақ, жыл сайын елімізден 5-6 млн. тоннаға жуық мал терісі өте арзан бағамен шетелге жөнелтіледі екен. Өйткені, Қазақстанда шикізатты өңдейтін зауыт жоқ.

Аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметовтің айтуынша, мал өнімдерін қабылдау жәйі Қазақстан бойынша өте күрделі, қиын мәселеге айналған. Ол кісінің сөзінен ұққанымыз, өткен жылы ірі қара терісінің әр келісі 250 теңгеден қабылданса, бүгінгі күні ол 40-50 теңге. Ал бұқа терісінің әр келісі 80 теңге көрінеді. Тері қабылдау әзірге қаладағы «Ел ырысы» базарында, «Пош Руно» ЖШС-да арнайы дайындаушы арқылы іске асырылуда. Мал терісін қабылдауда түйткілді мәселелер де бар екендігіне куә болдық. Мысалы, қазіргі алданыш тұтып отырған қаладағы «Ел ырысы» базарында сойылған мал терісінің сапалы болуына баса мән беріледі. Ең алдымен, мал арнайы мал соятын комбинатта сойылуы тиіс. Жеке үйдің ауласынан сойылған мал терісі қабылданбайды. Сосын оны тұздап әкелген дұрыс. Уақытында тұздалмаған тері бұзылып, сапасы кетіп, өңдеуге де келмей қалады екен. Әрі кесілген, тесілген терілер де қабылданбайды. Мал сойылғаннан соң тері бір сағаттан кейін тұздалуы керек. Өйткені, температура сегіз градустан төмен болғанда тері шіріп, бұзыла бастайды.

Қазір Ресей, Қытайға ғана терінің әр келісі 250 теңгеден делдалдар арқылы жөнелтілетінін білдік.

Енді не істеуіміз керек?

Сырым ауданының Алғабас ауыдық округіндегі «Жамбыл» шаруа қожалығының жетекшісі Бекболат Кузайыров мал терілерін тапсыратын орын болмағандықтан, терілерді далаға лақтырудан басқа амал жоқтығын айтады. Оның пікірінше облыс орталығынан арнайы тері қабылдайтын зауыт ашылмаса, іс оңға баспақ емес. Аудан орталығынан келешекте тері, жүн қабылдайтын орын ашылғанның өзінде ол өз-өзін ақтамайтын көрінеді.

Әрине, қаржы көзі жоқ, жұмыс қолы тапшы деп алақан жая бергеннен іс оңалмасы айқын. Сондықтан да ата-бабадан қалған кәсіп көзін жандандырып, жоғары басшылықпен келісе отыра жергілікті жерден тері, жүн қабылдайтын арнайы орын ашудың жолын қарастырған жөн. Тіпті мал терісін өңдеудің әдіс-тәсілдерін шебер меңгерген Ресей, Түркия азаматтарын келісім-шартпен шақыртып, жерлестерімізді осы кәсіпке үйретіп, білікті маман иесі етіп жіберсек, қазақтың да айы оңынан тумасына кім кепіл?!

Мүсірбек Айташев

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале