БҚО-да қарақшылық шабуыл жасаған күдіктіні ұстаған полицейлер марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сурет: polisia.kz
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев қарулы қылмыскерді ұстау кезінде батылдық пен кәсібилік танытқан Орал қалалық полиция басқармасының қызметкерлері – полиция капитаны Еркебұлан Жұмақашев пен полиция старшинасы Берік Лукпановты "Қазақстан полициясына 30 жыл" төсбелгісімен марапаттады.
Еске сала кетсек, 31 шілде күні Орал қаласындағы дүкендердің бірінде бетперде киген ер адам сатушыны пышақпен қорқытып, кассадағы ақшаны алып кеткен. Жедел-іздестіру барысында күдікті қысқа уақыт ішінде ұсталып, қылмыс ашылды. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Марапаттау барысында департамент бастығы қызметкерлердің батылдығы мен кәсібилігін атап өтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы адал қызметтері үшін алғысын білдірді.