Спорттық бағдарлаудан бірнеше дүркін ҚР-ның чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері, Бәйтерек ауданының мақтанышы Наргиза Иргусаеваның есімі спорт жанкүйерлеріне жақсы таныс. Жастайынан еңбекқор болып өскен Наргиза қазір өзінің шағын кәсібін ашты. Оның «Zhannar_studio» атты ойын-сауық орталығы переметныйлық ағайынның сүйікті орнына айналып отыр.
-Ауылда тойларға барғанда той иелерінің көбі адам бойымен бірдей қуыршақтарды қаладан алдыратынын көріп жүрдім. Сондықтан сұраныс болатынын күнілгері сезіп, осы кәсіпті ашуды жөн көрдім. Оның үстіне қазір ойын-сауық бизнесінің дамыған заманы ғой, - дейді Наргиза.
Иә, алғашында оның несие алсам ба деген ойы да болыпты. Ал анасы мемлекет ұсынған «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы бір айлық курсты оқып көруге ұсыныс жасапты. Бұл кәсіпті бастауға үмкіндік екенін түсінген ол анасының ұсынысын қабыл алып, аталған курсты аяқтап, грантты да жеңіп алады.
-Қазір елімізде жұмыс жасаймын деген жан жерде қалмайды. Тек еңбектеніп, іздене білсең болғаны. «Бизнес бастау» мектебі де көп нәрсеге үйретеді. Өзімнің оқып жатқан мамандығым экономика саласы болғаннан кейін оқу да қиынға соқпады. Жалпы әр адам мемлекетіміз берген мүмкіндікті пайдалана білу керек, - деп ағынан жарылған Наргизаның кәсібі қазір жемісін беруде. Тіпті аудан орталығынан бөлек Зеленый, Железнов ауылдарының тұрғындары мен Орал қаласында Наргизаны өз қуаныштарына шақырып тұратын тапсырыс берушілер да бар көрінеді.
Тек қуыршақ болып киініп, көпшілік қуанышын бөлісуді ғана емес, ойын-сауық орындарын безендіру ісін де қолына алған қаршадай қыз болашақта тапсырыстар көбейіп жатса, қасына көмекшілер алуға да дайын.
Түгелбай Бисен
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер