Бәйтерек ауданының Дариян ауылдық округінде аудан әкімі Асхат Шахаров пен Дариян ауылдық округінің әкімі Исатай Мұғалбаевтың халықпен есептік кездесуі өтті.
Аудан әкімі өндірісі өрге басқан ауданның басты жетістіктері жайында баяндап, халыққа аудан көлемінде атқарылған ілкімді істер жөнінде де баяндады. Сонымен қатар А.Шахаров ауданда атқарылған нақты шаралар жоспарына да тоқталды.
Ауыл әкімі И.Мұғалбаев өткен жылғы атқарылған істер жайында баяндама жасап, алдағы уақытта жүргізілетін ауқымды шараларды атап өтті.
-2019 жылы Дариян ауылдық округіне 47 млн. 383 мың теңге бөлінді.
Оның ішінде көшені жарықтандыруға 8 млн. теңге, техникалық қызмет көрсетуге 900 мың теңге, электр жабдықтарын сатып алуға 1 млн. 132 мың теңге, елді мекенді санитарлық тазалауға 1 млн. 181 мың теңге, округті абаттандыруға 1 млн. 355 мың теңге бөлінді.
Ауыл тазалығы да жіті бақылауда. Күнделікті тазалық жұмысымен бекітілген штаттық бірлікке сай 6-12 адам айналысады. Учаскелік инспекторлармен бірлесе алдын алу және ескерту жұмыстары жүзеге асырылды. Биыл «Үздік аула» және «Үздік көше» байқауы жарияланды, - дейді округ әкімі Исатай Жұмағұлұлы.
Округ әкімі Дариян мектебіне жүргізілетін күрделі жөндеу, Қонаев және Балдырған көшелері қиылысындағы жүргіншілер жолын жөндеу, Дариян мектеп-гимназия интернатына дейін жүретін жаяу жүргіншілер жолын салу сынды мәселелер бар екендігін айтты.
Ауыл тұрғындары С.Застева, С.Маденов, А.Сұлтанғалиевтер көктемгі мезгіл кезіндегі ауыл көшелеріндегі арықтардың тазалықтарына және су тасқынына қарсы алдын алу шараларын ұйымдастыру, ауыл ортасындағы саябақты жөндеу, ауылды абаттандыру сияқты мәселелерді көтерді.
Ертай Бимұханов
суреттерді түсірген Сәлім Мәмбетәлиев
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер