Бәйтерек ауданының әкімі Асхат Шахаровтың кезекті есептік кездесуі Краснов ауылдық округінде өтті.
Асхат Берлешұлы ауданның былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп беріп, іске асқан жобалар туралы айтты.
- Ауданның 2020 жылға арналған даму жоспарын құру барысында барлық округте көтерілген ұсыныстар мен пікірлерді ескереміз. Негізінен ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған ауданда ауылдарды абаттандыру, жарықтандыру, жол жөндеу және ең бастысы шағын бизнесті дамытуға жағдай жасаймыз.
Өткен жылы жоспарлаған ісіміздің біразы шешімін тапты. Ендігі мақсат қарқынды даму жолына түскен ауданды одан әрі көркейту, - деді аудан әкімі.
Одан соң Краснов ауылдық округінің әкімі Александр Шаталов округтің тыныс-тіршілігіне тоқталды.
Құрамына Погодаев, Астафьев, Котельников, Чапурин сияқты ауылдар кіретін Краснов ауылдық округінде өткен жылы біраз іс атқарылған. Ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған округ шаруалары негізінен өсімдік шаруашылығы, бірақ соңғы жылдары мал шаруашылғына да көңіл бөле бастаған. Қазір округте 5 шаруа қожалығы мал өсіріп отыр. Оның ішінде "Карьер", "Алина", "Айдос", "Эврика", "Бекен" шаруашылықтары бар. "Алина" және "Айдос" шаруа қожалықтары асыл тұқымды мал асырауды мықтап қолға алған. Соның арқасында округте мал саны артқан. Бүгінгі таңда ауылдардағы ірі қара саны екі мыңнан асады.
Өсімдік шаруашылығын қолға алған 8 шаруа қожалығы мен 4 ЖШС бар. Олар өткен жылы 3 599 тонна бидай, 1165,5 тонна арпа, 8 575 тонна күздік бидай жинаған. Соңғы жылдары күнбағыс егуді де қолға алған шаруалар 4 936 тонна шемекі өңдірген.
Ауыл халқын жұмыспен қамту ісінде де біраз ілгерілеушілік бар. Ол туралы округ әкімі:
- Экономикалық белсенді халық 550 адамды немесе жалпы халық санының 58,2%. 2019 жылы еңбек биржасында тіркелген жұмыссыздар саны 26 адам, оның ішінде тұрақты жұмысқа 9 адам, маусымдық жұмысқа 11 адам орналасты.
Кәсіпкерлік саласында 14 ЖК және "GreenCamping" ЖШС жұмыс істейді. Ол серіктестік сүтті мал тұқымын өсіру, жүк тасымалдау, жолаушылар тасымалы, мал шаруашылығы, сауда, қоғамдық тамақтану салаларын қамтып отыр.
2019 жылдың желтоқсан айында ауыл маңынан "VenOil" ЖШС-ның жанар-жағармай құю бекеті ашылды. Ол жерде жаңа 14 жұмыс орны ашылды. Округте 6 сауда нысаны бар. Онда 36 адам жұмыс істейді, - деп баяндады.
Өткен жылы әкімнің есептік кездесуінде көтерілген Астафьев тоғанының бөгетін нығайту және Астафьев желісі бойынша электр сымдарын тарту жайындағы мәселелер де шешімін тапқан. Шаруа қожалықтарының күшімен бөгет нығайтылып, трансформаторға күрделі жөндеу және электр желілерін тарту жұмыстары жүргізіліпті. Ал осы кезге дейін ауыл тұрғындарының басты мәселелерінің бірі болған көше жарықтарын орнату жұмыстары аудандық мәслихат депутаты М.Айджановтың демеушілігімен шешілген.
Түгелбай Бисен
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер