1979 жылы басталған Ауған соғысы ананы баласынан, інісін бауырынан айырды. Ауғанстан соғысы – жарияланбаған соғыс, беймезгіл келген кесапат. Ауған соғысы – азаматтардың Отан алдындағы антын сынаған сынақ. Ол сынақтан жерлесіміз Жаңабай Сейтекенов те өтті.
Жаңабай Сейтекенов 1961 жылы 11 сәуірде Сырым ауданының Қарағанды елді мекенінде дүниеге келген. Ол жастайынан әкесіне мал бағуға көмектесеті. Әжесі оны үй шаруашылығына баулыды. Бастауышты Қарағанды мектебінде бастап, «Правда» газеті атындағы мектепті тәмамдаған.

1979 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақыртылғанда ол небары 18 жасар бозбала еді. Ұлы Отан соғысының ардагері, әкесі Қайырлы Сейтекенов оған лайықты жауынгер болуды аманаттаған. Алғашқы айлардан жас жігіт үздік әскери қызметі үшін рота және батальон командирлерінен алғыс хаттар алған. Көп ұзамай, Жаңабайға сержант шені де беріледі.
Жауынгер жігіт бос уақытында анасы мен Тамара апасына хат жазатын.
«Сәлеметсіз бе, анашым! Менде бәрі жақсы. Тұрақты мекен-жайымды бере алмаймын... Медкомиссиядан өттім. Ауа-райы өте ыстық, бірақ шыдауға болады. Әке, отбасымен суретке түсіңізші. Сендерді сағындым... Шіркін, сол сурет тезірек маған жетсе, өздеріңді көргендей қуанар едім...».
Енді бір хатында Жанабай: «...Жағдайым жақсы. Уақыт тез өтуде, көзді ашып-жұмғанша төрт ай жарым өтіп кетіпті. 15-20 күннен кейін алдымызда маңызды сынақ тұр, емтихан тапсырамыз. Ал қазан айының 20-25-і күндері тұрақты әскери мекенге аттанамыз. Шынымды айтсам, білмеймін қай жерге жіберетінін. Тәжікстан мен Қырғызстанның бірі болар...»
Жаңабай ол кезде Ауғанстан жеріне түсетінін білмеген де шығар? 1979 жылдың желтоқсанында сержант Ж.Сейтекеновтердің әскери бөлімі Ауғанстанға кіреді. Ол – солдат! Мойынында азаматтық борышы бар, ол - Отанға адал қызмет ету. Ардагер әкенің сөзі де есінен бір шыққан емес...
Мынау енді жерлесіміз Жаңабай Сейтекеновтың қарулас достарының мектебімізге жазған хатынан үзінді:
«...Бірде біздің взводқа қиын өтілетін шатқалдардың ортасымен жүріп өтуге бұйрық берілді. Кенет жау сарбаздарының шабуылына тап болдық. Сол кезде алдыңғы көліктің жүргізушісі жарақаттанды да, колонна тоқтап қалды. Біз осы жерде көп жолдастарымыздан айырылдық. Сонда Жанабай еш кідірместен алдыңғы көлікке жүгірді. Жаралы жүргізушіге жетіп, қауіпсіз жерге жеткізді. Сосын ол қайта жүгіріп келіп, әлгі көлікті де жолдың жанына қарай алып тастады. Колоннаға жол ашылды. Әттең, сол сәтте оған қаңғырған жау оғы тиіп, жас сержанттың өмірін үзді... Кейін біздің бөлімше экипаждарының бірі оның есімімен «Жаңабай экипажы» деп аталды».
2017 жылы Тоғанас ауылында «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, жауынгер-интернационалист Сейтекенов Жаңабай Қайырлыұлын еске алу шарасы өтіп, мектеп қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.

Жаңабайдың қарулас досы Юрий Саримовтың сонда айтқан естелік әңгімесі әлі есімізде.
«Біз, Жаңабай екеуміз солдаттық өмірдің алғашқы күнінен бір-бірімізге жақын болдық. Біріншіден, Жаңабай ақкөңіл, адамды өзіне қарай тартып тұратын. Онымен бәрі де жақын дос болғысы келетін. Екіншіден, Жаңабай гитарамен әнді әдемі айтушы еді. Ауғанстанға кетіп бара жатқанымызда, полктеқалған жауынгер жолдастарымыз бәрі жиналып, Жаңабайға гитара сатып әперді. Әрі екеуміздің жақын дос болумыздың тағы бір себебі, ол 1961 жылдың 11-інші сәуірінде, мен 12-інші сәуірінде дүниеге келгенбіз. Менің есімімді ата-анам 12-інші сәуірде ғарышқа ұшқан тұңғыш адам Юрий Гагариннің құрметіне қойған.
Біздің 2-інші ротаның командирі, капитан Безбородов Жаңабайдың взводына жүк тиелген колоннаны тиісті жерге жеткізіп беру жөнінде бұйрық береді. Түс қайта марштан келе жатып, рациядан 2-ші взводтың жау торуылына түскенін және қаза тапқандардың фамилиясын атап, рапорт беріп жатқанын естідім. Ауғанстанға алғаш кірген кезде радциядан ашық эфирмен бере беретін еді. Шифрмен бере бастағаны кейін ғой. «Гвардия сержанты Сейтекенов Жаңабай...» дегенді естігенде құлағым шыңылдап кетті. Сенер-сенбесімді білмей, санбөлімге қарай тұра жүгірдім. Келсем палатканың алдында қаза тапқандардың денесі жатыр. Әсіресе, ұзын бойлы Жаңабайды көргенде еңіреп жібердім. Бұл - 10 шілде болатын. Осы күн туралы тағы да бір әңгіме айтсам. Ауғанстанға жүргенімізде Жаңабай: «Әскери қызметіміз аяқталғасын, 1981 жылы 10 шілдеде бәріміз Орал қаласында «Колос» мейрамханасында кездесейік!» - деп айтатын. Ол 10 шілде, 1979 жылы қаза тапса, мен бір жылдан кейін 10 шілдеде үйге келдім. Сәйкестік пе, тағдыр ма?».
Жаңабай қой қуалап, мал бағып өскен қарапайым ауылдың баласы еді. Ол артық сөйлемейтін, адамгершілігі мол, өзіне сенімді және тек алға ұмтылатын жігіт болған. Міне, енді сол батыр Жаңабайдың есімі оның алтын ұя мектебінің қабарғасына мәңгі жазылып қалды. Мен осындай ержүрек жауынгер оқыған мектепте оқитыныма мақтанамын. Өйткені, Жаңабай Сейтекенов есімі Тәуелсіз елдің жас ұрпағы үшін батырлықтың шынайы үлгісіндей болып қалады.
Дильназ Меңдігереева,
Б.Ойшыбаев атындағы
жас тілшілер байқауының жеңімпазы,
В.Шубин атындағы мектептің
8 «б» сынып оқушысы,
Сырым ауданы
Тоғанас ауылы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер