28.02.2020, 19:08
Оқылды: 154

Казталовта мектеп құрылысы басталды

Аудандағы қазіргі басты мәселе – орталықтағы Алма Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің жағдайы. 150 жылдық тарихы бар бұл білім ордасы 2014 жылдың 17 қаңтарында облыстық төтенше жағдайлар департаменті сараптамасының негізінде апатты жағдайда деп танылған-ды. Әрі 2017 жылы «ЖайықСтройИнжиниринг» ЖШС жасаған техникалық қорытынды сараптамасы бойынша ғимараттың қауіпті жағдайда тұрғандығы және күрделі жөндеуге жатпайтыны нақты дәлелденді. Десек те, сол Алма Оразбаева атындағы мектебінде 2019-2020 оқу жылында 643 оқушы білім алып жатса, алдағы жылдары оқушылар саны артады деп күтілуде.

kaztalov (1)

Сонымен, жаңа мектеп салу үшін аудан атқамінерлері біраз тер төгіп, ақыр аяғында 600 орындық мектеп құрылысын бастау туралы келісімге кел-ді. Болашақ мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы да жасақталып, ол 2 млрд. 239 млн. 267 мың теңгеге бағаланды. Ендігі кезекте тек қаражат бөлу ғана қалып еді. Бұл мәселенің де түйіні шешіліп, республикалық бюджет есебінен қаражат бөлінетіні туралы қуанышты хабар жетті. Тіпті мердігерді анықтау үшін конкурс ұйымдастырылып, «Жиенбай» ЖШС 2 млрд. 234 млн. 040 мың 395 теңге қаражатқа ұтып алғаны белгілі болды. «Жиенбай» ЖШС-н басқарып отырған Александр Қарағойшин өзіміздің Жалпақтал ауылының тумасы. Осы күнге дейін облыс аумағындағы біраз ауқымды құрылыс жұмыстарын атқарып жүрген мекеменің тәжірибесі мол.

kaztalov (3)

Жуырда «Жиенбай» ЖШС Алма Оразбаева атындағы 600 орындық мектептің құрылысын бастап та кетті. Құрылыстың мән-жайын білу үшін аудандық құрылыс бөліміне бас сұққанбы. Бас маман Нұрлан Хасанов алдымызға болашақ мектептің жобасы салынған картаны алдымызға жайып салды. Құжаттағы мәліметтерге көз жіберіп, келесі жәйттарға қанықтық. Болашақ мектеп аудан орталығының шығыс бөлігінен салынып жатыр. Ол үшін арнайы орын да белгіленген. Мектептің жалпы ауматы 3,64 гектар. Типтік жобадағы 600 орындық мектепте 3 оқу корпусы, спорт алаңдары, арнайы шара өткізетін алаң, ойын алаңы, автотұрақ орналасқан. Суреттерден көріп отырғаныңыздай мектеп ғимараты 3 бөліктен тұрады. Жобада А, Б, В корпустары деп белгіленген. 2 корпус 3 қабатты, ал 1 корпус 2 қабатты болмақ. Мектеп айналасында абаттандыру жұмыстары да толықтай атқарылады. Құрылыс мерзімі 18 ай. Жобалық-сметалық құжаттағы болашақ мектептің сызбаларын көріп, риза болдық. Сала маманы құрылыс жұмыстарын бастау үшін мердігерге 434 млн. 634 мың теңге қаражат бөлінгенін де жеткізді.

kaztalov (2)

Жоғарыда аталып өткендей, мәліметтерге қанығып, құрылыс жүріп жатқан алаңға бардық. Алаңда болашақ мектеп орналасқан жерді қоршау жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс алаңының басында жүрген «Жиенбай» ЖШС-нің учаске бастығы Аманжол Кереевті әңгімеге тарттық.

– Бүгінде мектеп құрылысы басталатын аумақты қоршаудамыз. Жұмысымызды осы алаңда бұрын орналасқан инженерлік-коммуникациялық желілерді көшіруден бастап, ендігі уақытта жерді өңдеу жұмыстарына кірісетін боламыз. Әзірге бұл жұмыстарға 20 шақты маман мен аз ғана техника жұмылдырып отыр. Алдағы уақытта жергілікті жердің тұрғындары бар, арнайы құрылыс мамандары бар 100-ден астам адамды жұмысқа тартатын боламыз, – дейді учаске бастығы.

Мектеп құрылысы сапалы және уақытында аяқталатын болса алдағы жылдары балаларымыз жаңа мектепте білім алатын болады.

Қайрат ЖАҚЫП,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале