3.03.2020, 14:50
Оқылды: 30

Облыс әкімі құрылыс сапасын қадағалауды тапсырды

 Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев Зашаған кенті, Арман шағын ауданынан бой көтеріп жатқан №51 мектептің құрылысымен танысты.

Akim 1

            Айта кетейік, 900 оқушыға есептелген мектептің құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған болатын. Бүгінде Зашаған кентінде 69 мыңнан астам тұрғын бар. Шағын аудандарда орналасқан №30, №10, №47 мектептерде оқушылар үш ауысыммен оқуда. Осы түйткілді мәселені шешу бағытында салынып жатқан білім ошағының құрылысына 1 млрд. 731 млн. теңге қаржы бөлінген. Мектептің жалпы аумағы төрт гектарды құрайды. Үш қабаттан тұратын, 12 мыңнан астам шаршы метрді құрайтын оқу ғимаратының бірінші қабатында киім ілуге арналған орын, асхана мен шеберханалар орналаспақ. Ал екінші, үшінші қабаттарда кітапхана мен оқу залдары, оқу сыныптары мен спорт зал орналаспақ.

Akim 2

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ақжол Оқастың айтуынша, бүгінгі таңда мектептің құрылысы 70%-ға аяқтала келіпті. Құрылыс нысанында 120 адам жұмыс жасауда. Жаңа ғимаратта тас қалау жұмыстары аяқтала келген. Қазір ішкі жөндеумен қатар жарықтандыру, жылу жүйесін тарту жұмыстары атқарылуда. Жоспар бойынша мектеп келер жылдың алғашқы тоқсанында пайдалануға берілуі керек болса, мердігер компания құрылыс жұмыстарын ширатып, осы жылдың қыркүйек айында қолданысқа бермек ниетте.

Akim 3

– Әрине, құрылысты ерте аяқтағандарың жақсы. Бірақ күні бұрын тапсырамыз деп сападан ауытқып кетуге болмайды. Бізге сапасыз салынған нысандар қажет емес. Құрылысты белгіленген мерзімнен бұрын аяқтаймыз деп талпынсаңдар, біздің тарапымыздан да қажет қолдаулар көрсетілетін болады. Жетпіс мыңға жуық тұрғыны бар Зашаған кентіне бұл мектеп керек-ақ. Бұл аудандардағы мектептердің барлығы дерлік үш ауысыммен жұмыс жасап отыр. Осындай ірі нысандарды салушы компаниялар көп жағдайда ғимараттың сырт келбетіне көп көңіл бөледі. Ал оқу сыныптары, асхана, демалатын орындар секілді балаларға нағыз қажетті бөлмелерге, оларда орналасқан жиһаздарға аса мән берілмей, қалған қаражатына алынған сапасыз дүниелерді қоя салады. Ішінде сапа болмаса, сыртының жылтырағанынан не пайда? Сондықтан әр жұмыстың тиянақты атқарылуын, сапаға сай жиһаздар қойылуын қатаң қадағалауымыз керек. Ол үшін мектептің болашақ басшылығы мен ата-аналардан арнайы комиссия құрып, апта сайын құрылыс сапасына талдау жасау қажет. Орын алған олқылықтар жөнінде мердігер компания басшысына уақтылы айтқан жөн. Егер одан нәтиже болмаса тікелей өзіме хабарласуыңызды сұраймын, – деді Ғали Есқалиев.

Биылғы оқу жылының басында пайдаланылуға беріледі деп межеленген су жаңа нысанға қаладағы №38 мектеп көшіріледі деп жоспарланған. Аталған мектептің директоры Шынар Сағынғалиеваның айтуынша, бүгін білім ошағында 300 оқушы білім алса, соның 180-і осы Зашаған кентінен қатынайды екен.

Облыстық білім басқармасы берген мәлімет бойынша аталған 900 орындық мектепті пайдалануға берген жағдайда екі ауысыммен 1800 баланы біліммен қамтымақ. Жалпы өңірімізде сегіз мектеп үш ауысымда жұмыс жасаса,12 білім ошағы күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Айтылған мектептерді күрделі жөндеу немесе жаңасын салу жұмыстары алдағы уақытта біртіндеп шешімін таппақ.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале