16.03.2020, 10:55
Оқылды: 51

Казталовтық шаруалар асыл тұқымды мал өсіруге ден қойды

Казталов ауданы дамуының негізгі бағытының бірі – ауыл шаруашылығы болса, аудан тұрғындарының негізгі кәсібі мал шаруашылығы. Нәпақасын малдан тапқан аудан халқы мал басының санын едәуір көбейтуде. Бірақ заман өткен сайын санға емес сапаға көңіл бөлу қажеттілігі туындауы мал шаруашылығында асыл тұқымды мал басын өсіруге жол ашып отыр. 

asyl tukymdy mal (4)

Казталов ауданында бұл бағыттағы жұмыстарда ілгерілеушілік бар. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметтеріне көз жіберсек, 2019 жылы асыл тұқымды мал асырайтындардың мәртебесі 33 шаруашылыққа жеткен. 2018 жылмен салыстырғанда (21 шаруа қожалық) 63,6 пайыз өсіп отыр. Асыл тұқымды ірі қара мал асырайтын 22 шаруашылықта 4295 басқа (қазақтың ақбас, герефорд, абердин-ангус тұқымдары), асыл тұқымды қой асырайтын 8 шаруашылығында 6604 басқа (еділбай, ақжайық тұқымдары), асыл тұқымды жылқы асырайтын 3 шаруашылығында 1360 басқа (көшім тұқымы) өскен. Аудан көлемінде ірі қараны, етті бағыттағы асыл тұқымды қазақтың ақбас, герефорд, абердин-ангус сиырларын сатып алып, өсіріп жатқандардың қарасы көп. Өткен жылдың өзінде 4 шаруа қожалығы 921 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алған. Биыл ауданға 201 бас асыл тұқымды ірі қараның аналық қашарлары сатып әкелінді. Таратып жазсақ, «Дулат» шаруа қожалығы – 72 бас, «Қауметов» шаруа қожалығы – 50 бас, «Бекзат» шаруа қожалығы – 34 бас, «Ауыл Агро» шаруа қожалығы – 45 бас. «Ауыл Агро» қалған 15 басын карантин біткен соң әкеледі деп күтілуде.

Мал өнімдерінің экспорты дегенде, алдымен ауызға сиыр еті ілігеді. Себебі сиыр етін өткізу нарығы жылқы мен қой етіне қарағанда әлдеқайда ауқымды. Бұл орайда ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтер де асыл тұқымды бұқасын аудан тұрғындарының малына қосып, түрлендіру жұмыстарына үлестерін қосуда. Расында, сол асыл тұқымды бұқадан туған бұзау 1 жыл ішінде тірілей 200 келі салмақ тартқанын да көрдік. Бұдан кейін мал баққан ағайынның ойланғаны дұрыс шығар? Қазіргі малдың бағасы артып тұрған күнде таза сапаға еңбек ету қажет сияқты. Асылдандыру бағытындағы жұмыстармен таныса отырып, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қайрат Салаватовқа жолықтық. Қайрақаң «Жүз рет естігенше, бір рет көр» дегендей, асыл тұқымды ірі қара өсірумен айналысып жатқан шаруашылықтарды аралап келуге ұсыныс жасады.

Таң атысымен темір тұлпарымызды Қарасу ауылдық округіне бағыттап, жолға шықтық. Қарасу ауылдық округіне қарасты Ақмай қыстағында бұрын ірі қара бағылған екен. Кейін бәрі тараған уақытта ессіз қалыпты. Бүгінде қыстақ басынан шаруасын жаңадан үй мен қора-қопсылар салынып, мал бағылуда. 2018 жылы осы жерден 1000 гектар жер алған қарасулық Нұржан Симесов «Ауыл Агро» шаруа қожалығын құрып, атакәсіппен айналысуды жөн көрген. Сатыбалды ауылында дүниеге келген жас жігіт ата-анасымен қалаға көшкен екен. Осы кезге дейін қалада оқып, қызмет атқарған Нұржан ауылға қайтуға бел буыпты. Жиған-терген қаражатына қыстақтан үй соғып, қора салып, техника алған. Қыстақ басында болып, жас жігіттің бастап жатқан шаруасына риза болдық. Кәсібін асыл тұқымды мал өсіруден бастаған шаруашылық Герефорд сиырының 60 аналығын сатып алған. Мал алу үшін «ҚазАгроФинанс» акционерлік қоғамынан 45 млн. теңге несие рәсімдеген. Барлық қаражатты толықтай игерген шаруашылық бүгінде сатып алған 60 аналықтың 45-ін ғана әкеліп отыр. Қалған 15-і уақытша карантинде тұр. Бұл ақпаратты бізге қыстақ басында жүрген Нұржанның өзі айтып берді.

Ауданымыздағы асыл тұқымды ірі қараны өсірумен айналысып жатқан шаруашылықтардың қатарында «Мүслім» шаруа қожалығы бар. Шаруашылық жетекшісі Маханбет Тайгарин. Қазіргі уақытта шаруашылықта 401 бас қазақтың ақбас тұқымды ірі қарасы бар. Соның 239-ы аналық мал. Қазақтың ақбас сиырын 5 жылдан бері өсіріп жатқан шаруашылықтың қарқыны жаман емес. Биыл асыл тұқымды малдың төртінші ұрпағын алуда.

Отандық асыл тұқымды ірі қара туралы айтқанда, алды­­мен 1930 жылдардан бастап өсірі­ле бастаған қазақтың ақбас сиы­ры еске түседі. Ақбас сиыр – Қазақ­станның мал шаруа­шы­лығы­ брендтерінің бірі. Асыл тұ­қым­ды ірі қара ішін­де ең кең тара­ғаны да, шаруашы­лық­­тар­ға көбі­рек пайда әкелгені де – ақбас сиыр. Ақбас сиыр басын көбей­­тіп, етін экспорттау мал шаруа­шы­­лы­­ғын дамыту бағыт­ына да сай келеді. Кеңес өкіметі кезінде барынша тиянақты жүргізілетін селекциялық жұ­мыстардың тоқырауы, мал тұ­қымын асылдандыру ісінің назардан тыс қалуы осы асыл тұқымды мал басының азайып кетуіне себеп болғаны түсінікті. Ақбас сиыр етті мал болып есептелетіндіктен елімізде осы мал түрі бірінші кезекте базар сөресіне шығарылды, ал сойылған малдың орнын толтырып отыру ойластырылған жоқ. Қазақтың ақбас тұ­қы­мы­ның биологиялық артық­шы­лық­тары айқын көрінеті­нін айтады. Атап айтқанда, ақбас сиыр жайылым мен азық талғамайды, жем-шөбі мол болса тірілей салмағы да аса жоғары, өз төлі есебінен көбеюге бейім, табиғи ортаға тез үйренеді, ұзақ жолға шыдамды, тұяғы берік. Міне, осындай қасиеттерінің нәтижесінде қазақтың ақбас сиыры ондаған жыл ішінде елімізде ең көп тараған етті сиыр тұқымына айналды. Тоқыраудан кейін асыл тұқымды мал өсіру ұзақ жылдар бойы тоқтап қалды. Ендігі үміт – жеке шаруашылықтарда.

Осындай асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын өсіруді қолға алған «Дулат» шаруа қожалығы. Шаруашылыққа жетекшілік етіп жүреген Ақылбек Шакелеков биыл 72 ақбас тұқымының қашарларын және І санатты бұқасын алған. Шаруашылық жетекшісінің айтуынша, асыл тұқымды малды алыстан алмаған. Қашарлар Бөкей ордасынан, ал бұқалар Ақжайық ауданынан әкелініпті. Бұдан біздің өңірде де асыл тұқымды мал өсіру дұрыс жолға қойылғанын байқаймыз.

Мақаламызды қорыта келе елімізде ет өндіруге биік меже қойылып отыр­ған кезде сырттан асыл тұқымды сиыр сатып әкеліп, еліміздегі ірі қараның тұқымын асылдандыру ісі бір есептен қолдауға лайық шара. Дегенмен бұл істің тиімділігіне тоқталғанда оны қолдайтындармен қатар, қолдамайтын адамдар да бар. Қалай болғанда да елде бұрыннан бар, әбден жерсіндірілген асыл тұқымды малды сақтап, селек­циялық жұмысты жіті жүр­гізу арқылы оның сапасын арттыру – мал шаруашылығымен шұғыл­данатын кез келген ел үшін басты міндет. Барыңды бағалай білу – заман сынынан өтіп келе жатқан ең тиімді тәсілдердің бірі. Демек, сырттан мал импорттаумен қатар, өзімізде бұрыннан бар асыл тұқымды малды көбейту ісін назардан тыс қалдырмау керек.

Қайрат Жақып

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале