Батыс Қазақстан облысында COVID-19 инфекциясын жұқтырған тағы 2 адам белгілі болды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялық қызметі ұйымдастырған онлайн брифингте БҚО-ның бас санитариялық дәрігері Мұхамғали Арыспаев айтты.
Коронавирус инфекциясы табылған екі азамат та жүк тасымалымен айналысатын 25 және 27 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматтары болып шықты.
Ресей Федерациясының Самара облысымен шекарадағы "Сырым" автоөткеліндегі санитарлық-карантиндік бекетте эпидемиолог мамандар қашықтық термометрия және сауалнама жүргізу кезінде азаматтардың бірінен дене қызуының көтерілуін анықтаған. Аталған азаматтар шұғыл оқшауланып, жедел жәрдем көлігімен провизорлық стационарға жеткізілді. Сол жерде коронавирус жұқпасына талдау жасалды.
ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша COVID-19 диагнозы расталды. Қазіргі уақытта екі науқас та облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жеке бокстарға орналастырылды.
Олармен болған үшінші адамды тексергенде тест теріс нәтиже көрсетті. Бірақ ол да провизорлық стационарға жатқызылды. Кеше шекарадан 391 адам өткен. БҚО-да жалпы 119 адам бақылауда.
Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар медициналық бақылауға алынды.
Ауру ошақтарында эпидзерттеу жұмыстары, "Ұлттық сараптама орталығы" БҚО бойынша филиалы дезинфекция орталығы мамандарымен дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.
10.04.2020 жағдай бойынша өңірде COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырған барлығы 6 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алуда.
zhaikpress.kz