16.11.2016, 18:25
Оқылды: 20

Ел Тәуелсіздігіне арналды

  %d0%ba%d0%be%d0%bb%d0%bb%d0%b5%d0%b4%d0%b6-%d0%bb%d0%b8%d0%b3%d0%b0%d1%81%d1%8b          Сәрсенбіде Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің спорт залында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Колледж лигасы» облыстық жарысының ашылу салтанаты өтті. Бұған облыстық білім басқармасы мен «Өркен» қосымша білім беру орталығының басшылары және ардагер спортшылар қатысты. 


Жарыстың ашылу салтанатына облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Сабыров қатысып, жарысқа қатысушыларға толағай табыс тіледі.

-Құрметті студенттер және жарысқа қатысушы қауым! Биыл Ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толғалы отыр. Осы жылдар ішінде мемлекетіміздің гүлденіп, көркеюі үшін талай-талай  игі істер атқарылды. Оған осы тұрған бәріміз де куәміз. Мемлекет басшысы ел экономикасымен бірге халықтың денсаулығын да басты назарында ұстауда. Бұл бағытта «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын енгізіп, халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Елбасының бұл тапсырмасын қызу қолдаған жастар спортпен айналысып, жаппай спорттық шараларға қатысуды қолға алды. Сондай жастардың қатарында колледж  студенттері де бар. Бүгінгі спорттық лигадағы ойындарын ел тәуелсіздігі құрметіне арнаған колледж студенттеріне ризашылығымды білдіріп, жарыстарда ақ жол тілеймін,-деді Нұрлан Меңешұлы өзінің құттықтау сөзінде.

Жарыстың ашылу салтанатына арнайы келген самбо күресінен спорт шебері ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұбанышқали Жәрдемов сөйлеп, студенттерге ақ жол тіледі.

«Өркен» қосымша білім беру орталығының патриоттық және спорт бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Ғұбайдуллиннің айтуынша, Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Колледж лигасына» барлығы 37 колледж, 400-ден астам оқушы қатыспақ. Бұдан бұрын студенттер волейбол ойыны бойынша сайысқа түссе, бүгін олар баскетболдан бақ сынаспақ. Бұл жолғы жарысқа Орал ауылшаруашылығы колледжі, Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі, Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі, Орал «Сервис» технологиялық колледжі, Орал гуманитарлық колледжі, «Ақжайық» аграрлық технологиялық колледжі студенттері қатыспақ. Ойын соңында үздік өнер көрсеткен командалар облыстық білім басқармасының Кубогымен, арнайы дипломдармен марапатталмақ.

Колледж студенттері арасындағы бұл сайысты облыстық білім басқармасы мен «Өркен» қосымша білім беру орталығының қызметкерлері бірігіп ұйымдастырды. Келесі сайыс шағын футболға арналмақ.

Айша Өтебәлі

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале