15.09.2016, 16:09
Оқылды: 42

Жолдың ені жобаға сәйкес

taskala-jol  Аудан орталығындағы жекелеген көшелердің жолдарын күрделі жөндеу жұмысы басталғалы бері тұрғындар арасында жол тар, мұның соңы ертең жол-көлік оқиғаларына апарып соқтыруы мүмкін, сосын жолға жиектас (бордюр) қою қажет пе деген алыпқашпа әңгімелер жиі айтылуда. Осы мәселеге байланысты 14 қыркүйек күні аудан әкімі С.Әлиев халықпен кездесіп, қалыптасқан жағдайға егжей-тегжейлі түсінік берді.


    -Аудан орталығындағы ірі көшелердің бірі – Абайда күрделі жөндеу басталғалы көптеген адамдардан жол неге тар деген сөздерді естіп жатырмын. Бізде 2013 жылы жасалған жобалық-сметалық құжаттама бар. Оған сәйкес Абай көшесінің ені 6 метр болуы тиіс. Яғни бұл жерде ешқандайзаң бұзушылық жоқ. Былай қарағанда облыс орталығы - Оралдағы бас көшелерді айтпағанда, қалған көшелердің барлығында да асфальт 6 метрден аспайды. Ақсайда тек бір ғана көше 9 метр, қалғандары 6 метр. Екіншіден, Абай көшесін 6 метр етіп жасауымыздың себебі бюджет тапшылығына, экономикалық қиыншылықтарға байланысты. Бөлінген қаржы 110 млн. теңге. Егер көшенің енін 9 метр қылатын болсақ, жобаға бөлінген қаржы елу пайызға кеміп кетеді де жол бітпей қалады. Жалпы, Тасқаланың ішіндегі асфальты бар көшелердің кез келгені 6 метрдің төңірегінде.Ал жиектасқа келетін болсақ, оны қою арқылы біз бірнеше мәселені шеше аламыз. Біріншіден, көктем мен күзде көліктер кез келген жерден жолға шығып балшық тасымайды. Екіншіден, ол көлік жүргізушілер мен жаяу жолаушылардың қауіпсіздігі үшін қажет. – деді Санжар Жұматайұлы.

  Одан әрі аудан басшысы тұрғындардың жол белгілерін қою, таксилерді тәртіпке шақыру, көшеге бейнекамералар орнату, жылдамдық өлшегіш құрылғылар қою, қыста қар тазалау туралы сауалдарына жауап қайтарды. Күні бүгін ауылда 4 бейнекамера бар, алдағы уақытта қосымша 8 бейнекамера орнатылып, олардың бәрі бір жүйеге біріктірілмек. Жақында бір жылдамдық өлшегіш құрылғы сатып алынбақ. Әкімнің айтуынша соңғы үш жылда аудан көлемінде жол белгілерін ұрлауға, бүлдіруге байланысты 89 қылмыстық іс қозғалған. «Мұны сырттан келіп ешкім істемейді, бәрі де өзімізге, ішкі мәдениетімізге, тәлім-тәрбиемізге байланысты» десті ақсақалдар. Жиналғандар алдағы уақытта аудан өміріне қатысты ірі жобаларды әкімдікпен бірігіп талқылауға уағдаласты.

 

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ

Тасқала ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале