29.05.2015, 19:09
Оқылды: 33

Тарихи сананы дүр сілкіндірген жиын

Gylshara teatrda Мамырдың 29-ы күні облыстық қазақ драма театрында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысумен «Мәңгілік  ел» - ұлттық тарих пен тарихи зердедегі  құбылыс ретінде» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық мәжілісі өтті. Аталмыш шара Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» жобасы аясында, «Шерлі шежіре аманаты» халықаралық форумы шеңберінде ұйымдастырылды. Басқосуға Қазақстаннан бөлек, АҚШ, Оңтүстік Корея, Чехия мемлекеттерінің және ТМД елдерінің сарапшы-ғалымдары, облыстардың делегациялары арнайы келді.

Конференция жұмысына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев төрағалық етті. «Елбасының Жарлығымен 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жарияланды. Осы жылдың ішінде тағы да көптеген елеулі мерекелер ұйымдастырылмақ. Атап айтсақ, Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығы, Ата Заңымыздың 20 жылдығы тойланады. Жақында ғана Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толуын салтанатты жағдайда атап өттік. Бүгінгі басқосу сол өткен тарихымызды зерделеудің, ұрпақтар жадына салудың бір нақты көрінісі», - деді Нұрлан Асқарұлы.

Келесі сөзді ҚР Мемлекеттік хатшысы Г. Әбдіқалықова алды. Өз сөзінде Мемлекеттік хатшы бүгінгі таңда Елбасының тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, тарихи мұраны зерделеу және сақтау, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын ілгерлетуге бағытталған  жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыру жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. «Мемлекет басшысының: «Біз кеше ғана пайда болған халық емеспіз. Ол ғұндардың да, көк түріктердің де, Алтын Орданың да орталығы болған жер»  деген қанатты сөзі қазақ халқының мемлекеттілігінің мыңжылдықтарға созылатын ұлы тарихын айғақтап берді. Біз бүгінгідей ақжарылқап заман, алтын ғасырға бірден қол жеткізген жоқпыз. Халқымыз Кеңестік тоталитарлық жүйенің зардабын қатты тартты. Қазақ ұлты демографиялық апаттың, яғни ұлт ретінде жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Соның өзінде қазақ халқы сынып кетпеді, ашаршылық пен қуғын-сүргінге шыдады, жер аударылып келген өзге ұлттарға пана болды, сөйте жүріп өзі де ес жиды, етек жинады, ақырында тәуелсіз ел атанды. Мұны Елбасымыз қадап айтты. Күні бүгін Қазақстан жазықсыз құрбан болған 340 мыңнан аса боздақты ақтады. 14 «Аза кітабы» жарық көріп, оның ішіне 146 мыңнан аса адамның есімдері енді. Бұрынғы тұтқындардың лагерьлері мұражайға айналдырылды. Астанада ашаршылық құрбандарына ескерткіш ашылды. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба береді», - деді Гүлшара Наушақызы.

Конференцияда сондай-ақ  Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов сөз сөйледі. «Бұл конференцияның Батыс Қазақстан облысында ұйымдастырылуы кездейсоқтық емес. Біріншіден, бұл қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы үздіксіз жүрген аймақ. Екіншіден, Алашорданың батыс бөлігі құрылған өңір. Батыс Қазақстан облысында 1911 жылдан бастап 1913 жылға дейін «Қазақстан» деген атпен қазақ газеті шықты.  Қазіргі еліміздің аты сол 1913 жылы айтылған екен. Қазіргі таңда Ассамблея ҚР Президентінің мұрағатымен тығыз жұмыс істеуде. Қазақстан тарихындағы ақтаңдақтар жойылғанша бұл жұмыс тоқтамайды», - деді Е. Тоғжанов.

«Мәңгілік ел» - ұлттық тарих пен тарихи зердедегі  құбылыс ретінде» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының қатысушылары осы жиын барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атына Үндеу қабылдады. Үндеу мәтінін «Вайнах» шешен-ингуш ұлттық-ағарту орталығының төралқа мүшесі, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Мұхтар Боқаев оқып берді.

Жиында сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігі жалпы бөлімінің меңгерушісі Мирболат Жақыпов, Индиана (АҚШ) университетінің профессоры Уильям Файерман, халықаралық түрік академиясы тіл, әдебиет және терминология орталығының жетекшісі, профессор Әділ Ахметов, Ханкук (Оңтүстік Корея) университеті Орталық Азияны зерттеу институтының профессоры Санг Чеол Ким сөз алып, өз ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды.

Конференцияға келген қауым «Батыс Қазақстан облысының тарихы - жасампаздық пен жетістіктер жолы» атты құжаттық-экспонаттық көрмені тамашалады, Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы мен елеулі жобалары топтастырылған «Теңдессіз сый» кітабының тұсаукесеріне қатысты.

Басқосу соңында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен Кореяның Ханкук университетінен келген ғалым Санг Чеол Кимге Елбасы Жарлығымен берілген «Қазақстан халқы Ассамблеясына - 20 жыл» мерекелік медалін табыс етті.

www.zhaikpress.kz

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале