ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы мен Дүниежүзілік тазалық күніне орай ел өңірлерінде ауқымды сенбілік өтті.

Фото: QR_Su_resurstari_ministrligi
Оған «Қазсушар» РМК, бассейндік су инспекциялары, «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі және «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ мамандары белсене қатысты.
Сенбілік қорытындысы бойынша өзендер, көлдер, суару каналдары, су қоймалары және басқа да гидротехникалық құрылыстардың аумақтарынан 465,7 тонна қоқыс жиналды.

Сонымен қатар Астанада министрлік пен комитеттердің қызметкерлері көшелерді тазалау және абаттандыру жұмыстарына атсалысты.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бұл жұмыстардың су нысандарын ластанудан қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңызын атап өтіп, «Мөлдір бұлақ» акциясының да кең қолдау тапқанын еске салды.