25.01.2023, 16:29
Оқылды: 51

2025 жылға дейін оқу гранттары көбейеді – Ғылым және Жоғары білім министрлігі 

2025 жылға дейін бакалаврдағы грант санын 75 мыңға дейін көбейту жоспарланған. Сондай-ақ жыл сайын 10 мың грант қосылады. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте Ғылым және Жоғары білім министрлігінің өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

IMG-20230125-WA0014

“Жыл сайын гранттардың саны көбейіп келе жатыр. Былтыр 10 мың грант қосылды. Биыл да сол грант сақталады. Өткен оқу жылында 88 мыңнан астам грант берілді. Енді 2025 жылға дейін бакалаврдағы гранттардың санын 75 мыңға дейін көбейту қарастырылған. Мақсатымыз жоғары білімге мемлекет тарапынан бөлінетін грантқа қатысты мүмкіндікті пайдаланып талапкерлерді көбірек қамту”, – деп атап өтті Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бану Нарбекова.

Министрлік өкілінің айтуынша, Қазақстанда студенттердің 60 пайызы ақылы бөлімде білім алады.

“Ақылы бөлімде оқитын студенттер қажетті ұпайды ала алмайды. Ол гранттың жетіспеушілігіне байланысты емес, түлектердің оқу жетістігінің төмендігіне байланысты. Ұлттық университеттерге оқуға түсу үшін 70 ұпайдан кем алмауы қажет. Ал, педагогикалық мамандықтарға оқуға түскісі келетін түлектер 75 ұпайдан жоғары  балл алуы керек. Біз университеттерге жыл сайын ақылы оқу сомасын шарықтатпай, оқу ақысын әлеуметтік ортаның жағдайына қарай қоюды ұсынамыз”, – деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бану Нарбекова.

Сонымен қатар оқуға түсе алмаған жағдайда студенттерге арналған мүмкіндіктер қарастырылған.

“Егер төмен ұпай алатын түлектердің оқуға түсуге мүмкіндігі болмаса, белгілі бір пайызын мемлекет тарапынан көмек ретінде алады. Ал қалған 50, 70 пайызды жеңілдетілген түрде несие алуына болады. Ол несиені оқу бітіріп, жұмыс істей бастағаннан кейін қайтара бастайды. Жалпы былтыр бакалавриатта 71 мың грант бөлінді.

Магистратура, доктарантура, резидентураны есептегенде барлығы 88 мың грант болды. Осы үш деңгейді есептегенде биыл 90 мыңдай грант бөлінеді”, міндетін атқарушы деді Бану Нарбекова ОКҚ-де өткен брифингте.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале