4.08.2026, 16:30
Оқылды: 5

Абай – кемел мұсылман

«Абай  мұрасы  –  біздің  ұлт  болып  бірлесуімізге,  ел  болып дамуымызға  жол  ашатын  қастерлі  құндылық. Жалпы,  өмірдің  қай  саласында да Абайдың ақылын алсақ,  айтқанын  істесек,  ел  ретінде  еңсе­ленеміз,  мемлекет  ретінде  мұратқа  жетеміз».

(Мемлекет  басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев  «Egemen  Qazaqstan»  газеті, 09 қаңтар, 2020 ж.)

30361522_0_0_1814_1020_2072x0_60_0_0_1323bd10a6190a9b760c54e99f87575e

Сурет: ашық дереккөзінен 

Абай қалдырған сарқылмас қазынаға терең бойлаған сайын, Абай ілімінің шексізді-гі мен тереңдігі таңғалдырып,  өзіне баурап-тартып, қанша уақыт өтсе де, өзектілігін жоймайтын, ұрпақтан-ұрпаққа қастерлеп жеткізетін білім екенін бар болмысыңмен ұғына түсесің. Тіршіліктің қай саласынан да өзекті жауап таба алатын дана ойшылдың еңбектері барлық тақырыпты қамтыған тәрбиелік шығармалар. Әр сөзі ғибрат! Бүгінгі тақырыбымда Абай шығармашылығының ішінен тек бірнеше қара сөздеріне сүйене отырып, ойшылдың толық адамдық, кемел мұсылмандық сипатына ғана тоқталмақпын. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін меңгерген, Құран мен хадисті, Ғазалидің еңбектерін зерделеген Абай философиясы өте терең. Ал  кемел мұсылмандық – бұл берік иман. Жалпы, иман  ((إيمان‎‎‎ ­– сенім: сену, илану, қабылдау) ұғымы – сену, нану, шын көңілімен қабыл ету, күмәнға жол берместен нақты, жүрекпен, шын ықыласпен сену деген мағыналарды беретіні баршамызға аян. Сол сенім, шынайы иман болғанда ғана пендесі Жаратушының ғажайып тылсымына тереңдеп, құдіретіне  бас  иеді  емес  пе?!

Шынайы иманның  ақыл мен жүрекпен қабылданған иман екенін айтып, «Аллаға шын ықыласпен құлшылық еткен адам   оған ақылымен де, жүрегімен де, ісімен де қызмет етеді» дейді  Абай.

«Жүрегінде бидайдай, арпадай иманы болып: «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед (с.ғ.с.) оның елшісі» деген адам жәһәннамнан шығады» (Бухари, Иман-33; Тирмизи, Жәһәннам-9; Ибн Мажа, Зухд-37) деген. Осы шынайы иманның тілдің ұшында, амалдың үстінде емес, жүректің ішінде екенін Абай 12-қара сөзінде: «Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі – иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші – үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны Құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды. Уа-ләкин, кімде-кім иманның неше нәрсе бірлән кәмәләт табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірәдар атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүрген көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын салғанға ұқсайды. Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды», – деп  көркемдейді.

Ижмали иман, тафсили иман, тақлиди иман, тахқиқи иман деп ғалымдарымыз түсінік берген иманның түрлерін Абай атамыздың меңгергенін иман негіздерін сипаттаған 13-қара сөзінен көре аламыз: «Иман деген – Алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ. Енді бұл иман дерлік инануға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі - не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел - испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Екіншісі – кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды иман таклиди дейміз».

Терең мағыналы қара сөздерімен иманның толық сипаттамасын, сенім мәселесін айшықтаған данагөй Жаратушыны тану тереңдігінің  иманның беріктігіне тікелей байланысты екенін анық жазады. Дінді жаңа үйренуші ғана болсақ, Абай атамыз ескерткендей, үйренген үстіне үйреніп, білім алып, ниетімізді тураласақ,  нұр  үстіне  нұр  болар.

Мағауия (р.а): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла Тағала кімге жақсылық қаласа, соған дінді кеңінен, терең түсінуді нәсіп етеді»  деп айтты», деген (Бұхари, ильм 10; Муслим, имара 175). Әр сөзінен Алланың кәләмі мен хадистің лебін сезінетін ұлтымыздың маңдайына біткен біртуар ойшыл жанға берілген Жаратқанның нығметіне, әрі Пайғамбарымыз (с.ғ.с) салып кеткен сара жолда терең имани біліммен өзі де сусындап, жақсылығын ұрпағына да мұра еткеніне  көз  жеткіземіз.

Шығармаларында «надандық» саралайтын тұстарда ойшыл осы имани қараңғылықты сынап-сөгеді. Шынайы, кіршіксіз сенімге ие болғанда ғана, жасаған амалдарымыздың Алланың разылығына апаратынын ұғындырады. 34-қара сөзінде: «Жұрттың бәрі біледі өлетұғынын және өлім үнемі қартайтып келмейтұғынын, бір алғанды қайта жібермейтұғынын. Қазақ осыған да, амал жоқ, нанады, анық өз ойына, ақылына тексертіп нанбайды. Және һәмманы жаратқан Құдай бар, ақиретте сұрау алады, жамандыққа жазғырады, жақсылыққа жарылғайды, жазғыруы да, жарылғауы да пенде ісіне ұқсамайды, бегірек есепсіз қинауы да бар, бегірек есепсіз жетістіруі де бар деп  бәріне сендік дейді. Жоқ, онысына мен сенбеймін? Олар сендім десе де, анық сенген кісіге уайым ойлап не керек? Осы екеуіне лайықты жақсылықты өздері де іздеп таба береді. Егерде осы екеуіне бұлдыр сеніп отырса, енді неге сендіре аламыз? Оны қайтіп түзете аламыз? Оларды мұсылман деп, қалайша иманы бар ғой дейміз?» деп соқыр (бұлдыр) сенімнен алшақтау керектігін  ұғындырады.

Абай шығармашылығы имандылықтың сырын ашып, кемел мұсылманның жүректен шыққан сөздері елітіп әкетеді. Сократ пен Аристодемнің диалогы етіп құрған 27-қара сөзі, «Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады?» деген 28-қара сөзі мен «Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғадаләтке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады. Инандым, сендім демек инандырамын, сендіремін деген емес» деген 45-қара сөзінен  сезім шыңын бағындырған Абай атамыздың, дәл сол деңгейде өзгелердің де кәміл сенімге жетіп, ғайыпқа сенген адам баласын екі дүниеде де бақытты ететін терең білімді ұғындыруға тырысқан  жан-дүниесі  сезіледі.

Ал терең тағылымға толы 38-қара сөзі – том-том еңбекке арқау болатын құнды мұра. Күрделі де ерекше, тереңіне бойлап, әр сөзіне мән бере түссек, әр қырынан зерттеуге арқау болатын шығарма. Әр оқыған сайын жан-дүниеңді толқытып, Алланың мұғжиза болған кәләмін, Жаратқанның көркем есімдерін, Пайғамбарымызды (с.ғ.с.), сахабалардың есімдерін әкеле отырып, терең ғылым мен білімге ұмтылып, шынайы махаббатты сезініп, ізденуіңе жетелейді. Құранда: «Сендер (Раббыларыңның қалауларымен) күллі адамзаттың игілігі үшін жаралған ең қайырлы үмбетсіңдер. Үнемі жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыясыңдар, Аллаға кәміл сенесіңдер» (3-110) деген мүмін сипатын толықтыратын адамгершілікті биік рухының, терең танымының биігінен түсіндірген Абай 38-қара сөзінде: «Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар қалдырайын» деп иманның негіздерін, мұсылманның парыздарын  толық  баяндайды.

Алланың шексіз құдіреті туралы «Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды» дейді. Алла тағаланың бұлттардан жаңбыр жаудырып, бау-бақшаны өсірдік деп келетін Құранның Нәбә сүресінің 14, 15, 16-аяттарын сипаттағандай сезім тудыратын сөздері:  «Ақыл көзімен қара:

күн қыздырып, теңізден бұлт шығарады екен, ол бұлттардан жаңбыр жауып, жер жүзінде неше түрлі дәндерді өсіріп, жемістерді өндіріп, көзге көрік, көңілге рахат гүл-бәйшешектерді, ағашжапырақтарды, қант қамыстарын өндіріп, неше түрлі нәбатәттәрді өстіріп, хайуандарды сақтатып, бұлақтар ағызып, өзен болып, өзендер ағып дария болып, хайуандарға, құсқа, малға сусын, балықтарға орын болып жатыр екен. Жер мақтасын, кендірін, жемісін, кенін, гүлдер гүлін, құстар жүнін, етін, жұмыртқасын; хайуандар етін, сүтін, күшін, көркін, терісін; сулар балығын, балықтар икрасын, хатта ара балын, балауызын, құрт жібегін – һәммасы адам баласының пайдасына жасалып, ешбірінде бұл менікі дерлік бір нәрсе жоқ, бәрі – адам баласына таусылмас азық»  дейді. Қиянаттан ада боп, адамдықтың биік үлгісін мақсат тұтуды жеткізе отырып, пенденің имани дәрежесінің тәрбиесіне атсалысқан тұлға осы қара сөзінде: «Қиянатшылыққа бір қарар тұрған адам – я мұсылман емес, ең болмаса шала мұсылман. Алла табарака уатағаланың пенделеріне салған жолы қайсы? Оны көбі білмейді. «Тәфаккару фиғла иллаһи» деген хадис шарифтің «инналаһу йухиббул муқситин» деген аяттарға ешкімнің ықыласы, көңілі менен ғылымы жетіп құптағанын көргенім жоқ. «.... инналаһу йухиббул мұхсин» (2-195), «уәлләзинә әмәну уәғәмилу салихати улайна асхабул жәннәти һәм фиһа халидун» (2-82) деген аяттар Құранның іші толған ғамалус-салих не екенін білмейміз. «Уа әммәлзина амәну уәғамилус саликати фәйуәффиһим ужурәһум уаллаһу лә йүхиб-буз-залимин» (3-57) аятына қарасаң, ғамалус-салих залықтықтың зидды болар. Олай болғанда ғадаләт рафғат болуға кімде-кімнің әділеті жоқ болса, оның хаясы жоқ, кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ деген, пайғамбарымыздың салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифі «мән-лә хаяун лаһу» деген дәлел дүр, – деп Бақара, Имран сүрелерінен аят келтіре отырып, әр сөзін хадиспен қуаттауы Құранды меңгергенін білдіреді емес пе?

«Енді біліңіздер, ей, перзенттер! Құдай тағаланың жолы деген жол Алла тағаланың өзіндей ниһаятсыз болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді».  Байқасақ, дәл осы жерде бізге тағы да таза мұсылман ғана толық адам, яғни кемел адам бола алатынын жеткізіп  отыр.

«Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса – өзің ниһаятлысың, ол жол Құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген нысап? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – Құдайдың жолы. Ол ниһаятсыз жол, сол ниһаятсыз жолға аяғыңды берік бастың, ниһаятсыз құдаға тағырып хасил болып хас езгу құлдарынан болмақ үміт бар, өзге жолда не үміт бар? Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түзетпек, жүріс-тұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзіне бар дәулет біледі. Бұл істерінің бәрі өзін көрсетпек, өзін-өзі базарға салып, бір ақылы көзіндегі ақымақтарға «бәрекелді» дегізбек. «Осындай болар ма едік» деп біреулер талаптанар, біреулер «осындай бола алмадық» деп күйінер, мұнан не пайда шықты? Сыртқа қасиет бітпейді, Алла тағала қарайтұғын қалыбыңа, боямасыз ықыласыңа қасиет бітеді. Бұл айнаға табынғандардың ақылы қаншалық өсер дейсің? Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікпен өсер». Мән берсек, Алланың біздің жүректерімізге қарайтынын, сырт көз үшін, біреудің «бәрекелдісі» үшін жасалған ісіміздің еш пайдасы жоқтығын қандай көркем түсіндіріп тұр.

Ал енді, мұсылман болған соң, ораза тұтмақ, намаз оқымақ керек, ғибадатқа жетпесек кемшілік емес пе? деп ғибадаттың бағытында айшықтап, ашып береді.

Парыз болған намазымызды оқуға, намаз алдында дәретті міндеттеген қасиетті Құранды (Бақара -238), (Маида-6), намаздың парыздары мен ретін де, дәрет алуды да хәкім Абай толыққанды түсіндіріп, толық нұсқаулығын осы 38-қара сөзінде жазады.

«Руқүғ бас ұрмақ – алдында құда хазірге ұқсас, ол да ишарат.

Сәжделер – әуелі жерден жаралғанына ықырары, екіншісі – және жерге қайтпағына ықырары, бас көтермек және тіріліп, сұрау бермегіне ықырарының  ишараты.

Қағадат ул-ахир – дұғаның ақырында Аллаға тахият, одан тәшәһһуд, одан салауат, пайғамбарымыз саллаллаһу ғалайһи уәссәлләмге айтпақ үшін ең ақырғы сәлемменен тауысасыз, яғни Алла тағаладан не тілеп дұға қылдыңыз. Ол дұға қазинасы күллі мұсылмандарды ортақтастырып, оларға да сәләмәтшілік тілеп һәм рахмет тілеп бітіресіз». Мәні мен мағынасы тереңде жатқан қара сөздерінің қайсысына үңілсек те, ойшылдың өз елі мен халқы, жамағаты үшін толассыз еңбектер жазып қалдырғанын ұғамыз. Ата-анадан, ұстаз бен өз ортамыздағы адамдардан естіп, көріп, үйреніп, еліктей жүріп келтірген иманды қуаттау үшін Абайдың сөзі – нағыз иман қайнар көз дер едім. Құран араб тілінде түскен мұғжиза болғандықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оқығанда сахабаларымыздың бұл ғажап та көркем сөздерге дереу бойұсынып, иман келтіруі сол тілді терең түсінуінен. Араб тілін меңгерген Абай Құранды жүрек көзімен оқып, маңызына терең үңіліп, биік танымымен, терең ұғымымен, болмысымен түсініп, оны бізге қара сөзімен жеткізе

білген. Ал біз, Құран оқығанда дереу оның бәрін толық түсініп, толық сезініп те кете алмаймыз. Әлбетте, біз Құранды дәл солай түсіне алуымыз үшін, бар ғаламатын сезіне алуымыз үшін тілді меңгеріп, терең рухани білім алу қажетпіз. Сол олқылығымызды Абай шығармасы толықтырып, білімге шақырып тұрғандай. Сол көпшілік қолы жете бермес ғаламатты Абай құдды бір өз ұлтына өз терең білімімен, биік рухымен, жүрек көзімен және көркем де бай ана тілімен өз шығармаларында жеткізіп тұрғандай. Ғайыпқа иман етудің құдіретін жеткізеді. Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе? деп махаббаттың шыңы Аллаға деген махаббат екенін жүрегімізге салып, ойландырады. Оқығанын тоқыр жанға бұл ғибратқа толы уағыз.

Біртуар дана, хәкім Абай – Құранды толық меңгерген, хадистерді санасына сіңірген, және алған іліміне сай толық амал еткен кемел иманды мұсылман болғанына шәк жоқ. Иә, Абай әлеміне бойлаған сайын Абай қалдырған сарқылмас қазына тұлғалық дамудың қайнар көзі екенін толық ұғынасың. Әр сөзіне зер салған сайын көкірегіңде жаңа леп, жаңа тыныс сезіле түседі. Алланың рақымымен, осы шығармамды жаза отырып, өзімді түсінуде, танымым да бір баспалдаққа болса жылжығандай сезімде болды. Көзі қарақты жанның жүрек көзінің жарқырай түсуіне, Абай шығармашылығын зерделей түсуге бұл еңбек те септігін тигізсе, мендегі мақсаттың орындалғаны, оқырманым!

Нұрлан ҚАБЫКЕШОВ,

облыстық дарынды балаларға  арналған Абай атындағы мамандандырылған  мектеп-гимназия-интернатының  тәрбиешісі, педагогика ғылымдарының  магистрі, дінтанушы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале