20.12.2022, 9:16
Оқылды: 132

Абызын ардақтаған Ақжайық

Қандай шара болмасын, шырайын келтіріп, кемеліне толтырып өткізетін Ақжайық ауданында тағы да бір әдемі жиын өтті осы жақында. «Алашқа танылған ардақты ұл» аталған танымдық конференция  еңбек, соғыс ардагері, Көкше мен Ақ Жайық өңірлерінің құрметті азаматы, әу баста мұғалім, кейін журналист, соңынан мемлекет қайраткері Бисен Жұмағалиевтің туғанына 100 жыл толуына арналды.

IMG-20221220-WA0001

Алдымен айта кеткеніміз жөн, облысқа дейін сауын айтқан бұл іс-шараның ұшан-теңіз жұмыстарына  С. Сейітов атындағы аудандық кітапхана қызметкерлері арқасын тосып, оның ойдағыдай өтуіне зор еңбек сіңірген. Әрине, аудандық әкімдік те шет қалмаған. Ең аяғы, Орал шаһарынан өкшесі көтерілген қонақтардың келіп-кетуі де сағат-минөтіне дейін ескерілген.

Шара осы ауданның озып туған перзенті, ақын-ғалым, соғыс және еңбек ардагері Сағынғали Сейітовтың ескерткішіне гүл қоюдан басталды. Ақжайықтың ардақтысынан абызына айналған Бисақаңның бүкіл өмірін, шығармашылығын, қайраткерлігін қамтыған кең құлашты көрме қандай! Қарай  қалғанның көзін сүріндіргендей. Ең бастысы, осынау жампозын төбесіне көтерген жиын жас ұрпақ есінде  ұзақ қалардай, кеудесінде ылғи маздап жатардай ұшқын тастағаны кәміл. Өйткені оған  үлкендермен қатар, жауқазын жастар, мектеп оқушылары да қатысып, көріп, тыңдап отырды.

Негізгі баян сөзді есімі жұртшылыққа жақсы таныс шайыр Сағынтай (Бисенғалиев) бастап, Бисақаңның ғұ-мырдариясына кеңінен құлаш ұрып келіп:

– Бүгінгі басқосудың басты дәнекері – Бисен Жұмағалиев атты абыз адам, аңыз адам екені баршаңызға белгілі, – деп бір қайырып тастап, әрі қарай өрмелетті: – Осы бір тарихтың ну орманына еніп бара жатқан текті тұлғаның қан майданның және жан майданының ардагері екені, көрнекті қоғам қайраткері екені, қарымды қаламгер екені немесе ғылым-білім әлемінде де олжа салған ғылым кандидаты екені, алабөтен болмаса да, ақындығы, әншілігі бар серікөңіл, сергек жан болғандығын бүгінде тым сиреп қалған көзкөргендер біледі, желкілдеп өсіп келе жатқан жас қауымның көзі қарақтылары атүсті болса да хабардар деп есептедім.  Сондықтан Бисен Жұмағалиевті сиректер иеленетін Абыз дәрежесіне дейін көтерген не ғаламат, қандай күш? Енді әл-қадірімізше осы сұрақтың аясында әңгіме өрбітіп көрелік.

Біріншіден, Бисен аға – біздің жерлесіміз, заңды мақтанышымыз, заңғар тұлғамыз. Туған жері қазіргі Құрайлысай ауылдық округіне қарасты Сайқұдық ауылы. Жайықтың Бұқар бетін (сол жағалауын) қоныстанған елдің тағдыры өзге, тарихы қатпарлы, шежіресі шексіз. Өлкеміздің сан қырлы тарихынан ойып тұрып орын алатын белгілі адамдардың көбі сол жерлерде туып, өсіп-өнген. Әріге бармай-ақ Айшуақ хан, Есім хан, Жантөре хандардың осы аймақтан мәңгілік мекен табуы, шашақты найза, шалқар күйдің иесі ер Махамбеттің Тайпақ жерімен іргелес Қаройда жатуы, әйгілі Сырымға бата берген, Тананың ұранына шыққан Малайсары бидің де соңғы демі сол жерде үзілуі тегіннен-тегін деп ойламаймыз. Ол аз десеңіз, Әлтеке Үкі бидің, Алашының ұраны, батыр Байбарақтың, Байбақты Науша батырдың мазарлары да Бисен туған жерден қашық емес, қазақы өлшемге салсақ, қозыкөш жер. Тана Сүгір жырау мен көрнекті қазақ ғалымы Ханғали Сүйінішәлиевтің де кіндік қаны осы арада тамған. Маң далаға медресе салдырып, ұстаздарын Бағдат пен Мысырдан алдырған Мәулімберлі шейхтің орны тіптен бөлек. Осының бәрін неге тізбелеп отырмыз? Осы азғана деректердің өзі тұлғаны топырақ беретініне, тектілерден текті туатынына дәлел бола алар деген ойымыз бар. Өз басым, Бисен ағамен ғұмырының соңғы он шақты жыл бедерінде ғана жақын таныса алдым. Соның өзінде айтқан аталы сөздерінің бірқатарын қолына су құйып жүріп құлағыма құя бердім. Әрине, «Әттең, ертерек жолыққанда ғой» деген өкініш те болмай қалған жоқ. Себебі дария даналық пен шексіз шежіренің ширегін де алып қала алмағанымыз өзімізге аян. Сол Сайқұдық, Қырыққұдық, Жыланды, Мәулімберлі аумағында алты мешіттің болғанын мен ең алғаш осы Бисен ағаның аузынан естідім. «Олардың арасындағы ең ірілері Мәулімберлі медресесі мен Дәулетияр мешіті» деген еді. Ал мешітті жерлер ол заманда өркениет бастауы болатыны белгілі. Осындай құнарлы топырақтан неге Жұбан жаралмасын, неге Сағынғали тумасын, неге Сайымжан «іңгәламасын», неге берен сөзді Бисен Жұмағалиев дүниеге келмесін? «Еңсегей бойлы ер Есім, Есім, сені есірткен есіл де менің кеңесім!» деп арғымағы аспан тепкен атақты жырау Жиембет туған жерден Бисен батыр шығып, неге төрт жыл қан кешпесін! Міне, туған топырақтан нәр сіңеді дегенде, мен осыны айтқым келген. Бисен аға – саналы ғұмырының біраз бөлігін шетте, туған жерден жырақта өткізген жан. Әрине, ол өз қалауымен емес, заман талабымен, тағдырдың жазуымен болған ғұмырнама. Бисен Жұмағалиев – Д. Қонаевтың тікелей жұмсауымен Көкшетау облысының идеологиялық хатшысы қызметін абыроймен атқарып шыққан адам. 1971 жылдан 1998 жылға дейін сол өлкеде өз адамындай өмір сүре білді. Тың игеру науқанына орай орыстар қаптаған жылдары қазақтың рухы қаза болар қауіпті шақ туды. Ұлты қазақ бірінші хатшылар автоматты түрде екінші хатшылыққа түсіп жатты. Бұл қызыл империяның ұлттың ұйысын жазуға жасаған кезекті қадамы болатын. Міне, нақ осындай алмағайып сәттерде ұлт рухын жанталаса қорғайтын жанкешті жандар ауадай қажет еді. Соның бірегейі Бисен бола алатынын алыстан болжаған Қонаевтың таңдауы Жұмағалиевке түскен дейді баба тарих. Сол жылдары Бисен аға туған жерді сағынбады дейсіз бе, қасиетіне табынбады дейсіз бе? Туған топырақ деген жай ұғым болса, Мысырды 14 жыл билеген Бейбарыс бабамыз «Қазақ даласының жусанын бір иіскеп өлсем» деп аһ ұрар ма еді?! Қазақтын қабырғалы қаламгерлерінің бірі Есенжол Домбаев жерлес інісі Табылды Досымовқа «Алматыға Жиекқұмның жусанынан бір түп ала келгейсің» дер ме еді?! Арқаның әндерін үйреніп, нақышына келтіре орындайтын Бисен аға арагідік Оқжетпеске қарап тұрып, Оралдың әндерін салғанда жанары жасаурамады дейсіз бе? Ондай көңіл күйді, әрине, сағына білетіндер ғана сезеді! «Адамның еңбегін жасаған жұмысына қарап емес, көрген қиындығына қарап бағала» деген қанатты сөз бар. Төрт жыл қан кешіп, өлім мен өмір арпалысқан майданнан оралған жауынгер жігітке отыз жыл Оралынан, өз өлкесінен сыртта болу оңай болды дейсіз бе? Әрине, қиын! Бисен аға көрген қиындық жетіп артылады. Бірақ Бисен ағамен бірге болған сәулелі сәттерде соның бәрі болмағандай көрінетін. Тек қана керемет кезеңдерді, тума-тарихты қозғайтын. Әдемі, әсерлі естеліктерді айтатын. Біз, жас қауым, тыңдай түссек деп үздігер едік!

IMG_3654

Баянымыздың басында «Тек» деген ұғым туралы да сөз қозғап кеткен едік, енді соған келейік. Бисен ағаның руы – он екі ата Байұлындағы белді рудың бірі – Беріштің Қаратоқайы, оның Аққұлы бөлімінен тарайды. Жетібаулы Беріш аталатын бұл атадан батырлардың көп шыққаны тарихтан белгілі. Исатай мен Махамбет – бір ғана мысал. Ал Бисен ағаның тегі боп танылатын Қаратоқайдың алдымен ауызға ілігетіні атақты Құлбарақ батыр. Түркімендермен сан ғасыр алысқан Адайлар қазірге дейін Құлбарақ батырдың атын құрметпен атайды.    Содан соң кеңес  кезінде «Зар заман ақындары» деген топқа жатқызылып, жырларына тыйым салынған атақты Мұрат Мөнкеұлы, Ығылман Шөрековтер де Қаратоқай Беріштер еді. «Еділді келіп алғаны, Етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны, Жағаға қолды салғаны, Ойылды келіп алғаны, Ойындағысы болғаны, Отарбасын сүйретіп, Үргенішке барғаны, Ойласаңдар жігіттер, Қоныстың бар ма қалғаны?» деп зарлаған әйгілі Мұратты кім білмейді?! Ауылымыз аралас, еліміз іргелес жатқан Дендер кентінде Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтің бюсті тұр. Ол – жаудың дзотын кеудесімен жапқан жалаңтөс батыр! Жапқанда да, «бірінші жапқан» деп есептелетін Александр Матросовтан 18 күн бұрын жапқан! Оны Дендердің Елтай ауылындағы мектептің қарапайым мұғалімі, марқұм Кенжеғали Каюпов еңбек демалысында Ресейдің әскери мұрағаттарын ақтарып жүріп, дәйекті деректермен дәлелдеп шыққан! Атыраулық атақты бард-жырау Табылды Досымовтың «Осы қырда төбешіктей аналар, дүниеге таудай ұлдар әкелген!» деп жырлайтын, «Жанарында жасын ойнап керемет, жауған оққа қарсы шапқан себелеп, санаң болса қалай ғана айтарсың, Нысанбаев тау емес ед, төбе деп» деп жырлайтын батыр Боран нақ осы Бисен аға жаралған Қаратоқай руынан! Бұл жерде тағы бір тұлғаны айтпай кетсек, арымызға сын! Ол – Бисен Жұмағаливтің аталас тікелей туысы болып келетін Құрақ Бектұрғанов. 1909 жылы туып, 1985 жылы дүние салған. Зираты Сырым елінде, Жымпитыдағы қорымда жатыр. Бір жылда дүниеге келіп, бір жылда бақилық болған бәйбішесі Жона екеуіне мәңгілік мекен бір жерден бұйырыпты.

Құрақ ақсақал – күллі қазақ құрметтеуге, тәу етуге тиіс тұлға. Себебі әйгілі Махамбет батырдың қабірін тауып берген осы Құрақ қарт! Оған кезінде өз әкесі, әкесіне атасы көрсетіп кеткен. Ол өз кезегінде академик Қажым Жұмалиев бастаған ғалымдарға көрсеткен. Батыр Махамбеттің тағдырын зерттеуге өмірінің жиырма жылын арнап, арнайы кітап жазған жазушы Берқайыр Аманшин «Махамбеттің тағдыры» атты кітабының эпилогында былай дейді: «Егер бүгін Махамбеттің моласы жер бетінде белгілі болып тұрса, оған алты Алаш барып, тәу етіп жатса, сол үшін қазақ халқы Құрақ ақсақалға мәңгі қарыздар!». Міне, осы парызды біз де ұрпағымызға айтуды міндет санасақ  игі! Бисеннің әкесі Жұмағали да (1894-1943) сұранып, өз еркімен майданға аттанған. Аттанарда елді жиып, «Мен қанды қасаптан оралмаймын. Балалар мен аналар сендерге аманат! Тек Құрақ пен Бисен аман келсе екен!» деп кетіпті. Құрақтың екі баласы Қайыр мен Аманкелді белгілі қаламгерлер болды.

Осының бәрін қорыта келе, «Тектілік» деген ұғымның тегін емес екенін мойындамауға әддіміз жоқ! Туған інісі Кәрім де соғыс және еңбек ардагері, ел таныған ұстаз болды. Сайқұдықтағы ескі мектептің алғашқы директоры, Есенсай ауылында дүниеден өтті. Ұрпақтары бар. Ол – Дәулетияр мешітін көзімен көріп қалған адам. Енді осыншама ғибратты ғұмыр кешкен Бисен Жұмағалиевтің анасы туралы дерек бермей кеткеніміз дұрыс болмас еді. Бисен ағаның анасы да осал адам болмаған. Күнсүйген анамыз – кезінде колхоз басқарған, ауылдық кеңестің төрайымы болған белсенді  әйел-ана! Мәскеуге барып, партия сиезіне қатысқан әйелдер қазақта көп емес. Солардың бірі – Күнсүйген кейуанамыз. Бисен ағаның ағасы Ғабдолла да орасан діни сауатты адам болған. Иранда, Түркияда оқи жүріп, білімін жетілдірген. Ол да 19 жыл шетте жүріп, елге 40 жасында оралыпты. Оралғанда «Ғабдолла Ахун» атанып оралған. Бұл да мұсылман әлемінде, діни салада сирек берілетін дәреже болса керек. Міне, сондықтан киелі топырақта туып, қасиетті өлкеде ержеткен, зиялы ортада әлдиленген Бисен Жұмағалиевтің ата-ананың ғана бүйрегінде бүлік етпей, халықтың ұлы болып қалыптасуы, әдемі қартайып, абыз атануы бізге заңдылықтай көрінеді.

«Жүрген соң етегінде күнде көріп, Таулардың биіктігі байқалмайды» дегендей, Бисен Жұмағалиев білмейтіндер үшін қарапайым қара шал болғанымен, қадірін білетіндерге жарығы өшпейтін дара шам дер едім. Алыстаған сайын биіктей беретін алып тау сынды ардақты Бисен аға-

ның аруағы разы болғай, Аллажар! – деп арындап барып, тізгін тартты ақын...

* * *

Көзінің тірісінде қазақтың біртуар ұлы Д. Қонаевпен, «Адамзаттың Айтматовы» атанған Ш. Айтматовпен, орыс-тың қайталанбас жазушы-ақындары – М.Шолоховпен, М.Дудинмен, тағы  басқа да айтулы тұлғалармен әріптес, қызметтес, жақын сырлас, тығыз қарым-қатынаста болған Бисақаң туралы бұл жиында талай сыр ағытылды. Ардагер-ұстаз, Ақжайық ауданының құрметті азаматы, ақын Үзілдік Елеубаева, Дариян ауылындағы М. Шолохов атындағы музей кешенінің директоры болған, осы саланың ардагері Ольга Чеканова, Бисақаңның перзенті Баян Бисенқызы, інісі, Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің оқытушысы Біржан Сапиев және басқалар тұшымды естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ айтулы шараға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуанышбек Мұқанғалиев, Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Бақберген Абуов қатысып, Абыз аға туралы ойларын ортаға салды.

Ауданның рухани өмірінде тағылымы мол, жас ұрпаққа тәрбиесі зор осынау шараны құлпыртып өткізген кітапханашыларға риза болып тарасты жұртшылық!

Есенжол Қыстаубаев,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале