7.02.2017, 19:17
Оқылды: 18

Әйелдер белсенділігі артуда

jensovet ZKO  Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында гендерлік теңдік стратегиясын дамыту, әйелдердің құқықтарын қорғау бағытында соңғы он жылда жергілікті бюджеттен 42,9 миллион теңгеге 62 әлеуметтік жоба жүзеге асқан. Яғни, 2006 жылдан бергі конкурстық жобаларға бөлінген қаражат көлемі 5 есе ұлғайған.


  Бұл туралы облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның облыстық ҚХА аналар кеңесімен бірлескен отырысында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дархан Қадыралиев баяндады,

  Оның айтуынша, облыстағы 669 үкіметтік емес ұйымның 168-іне әйелдер жетекшілік етуде. Аталған стратегияны іске асыру мақсатында өңірде 3 халықаралық, 20 республикалық және 35 облыстық дәрежеде іс-шара өткізілген.

   2012 жылдан бері «Әйелдер көшбасшысы мектебі» жобасы негізінде облыс орталығы мен аудандарда өткен семинар-тренингтерге 3464 әйел қатысқан, әлеуметтік зерттеулер жүргізілген. Сондай-ақ Орал қаласындағы тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерді оңалтуға арналған дағдарыс орталығында жәбірленушілерге ақпараттық-құқықтық кеңестер берілуде. «Биыл гендерлікті теңдікті нығайтуға 3,5 млн. теңге қаражатқа екі маңызды жобаны іске қосу жоспарлануда», – деді Дархан Қыдыралиев.

  Шарада «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова баяндамашыға әлеуметтік жобалардың жүзеге асқаны жөнінде ақпараттарды комиссия назарына нақты талдап, сараптап, толыққанды ұсыну жетіспегенін ескертті. Облыс жұртшылығы жобалар бойынша атқарылған іс-шаралармен кеңінен таныс болуы маңызды екенін айтты.

  Комиссия отырысын жүргізген облыстық ҚХА төрағасының орынбасары,  хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақовтың баяндауынша, жергілікті атқарушы орындарда лауазымды қызмет атқаратын әйелдер саны аз. Былтырғы есеп бойынша, 151 кент пен ауылдық округ әкімінің 17-сі ғана нәзік жандылар.

Нұртай Текебаев

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале