27.08.2019, 11:17
Оқылды: 265

«Айтқали Нәріковтың лирикасы» атты ғылыми монография жарық көрді

Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің редакциялық баспа орталығынан филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев пен педагогика ғылымдарының магистрі Алмагул Рахметованың «Айтқали Нәріковтың лирикасы» тақырыбындағы ғылыми монографиясы жарық көрді.

1 (2)

Ғылыми еңбекті мемлекеттік университеттің ғылыми кеңесі баспаға ұсынған. Еңбек екі тараудан тұрады. Ақын Айтқали Нәріковтың әдеби шығармашылығын зерттеу нысанына алған ғылыми монографияның бірінші тарауында ақынның лирикасының тақырып аясы, рухани өрісі, кейіпкерлер әлемі тексеріс көзіне алынып, көңіл күй әуендері, жастық шақ жырлары, соғыс тақырыбы қарастырылады. Ақын туындыларының тақырыбы мен идеясы, туған жер, өскен өлке, дала жыры және табиғат тамашасы тағы басқа әдеби ізденістерін еңбек авторлары әр қырынан талдайды.

Кітаптың екінші тарауында ақындық шеберлік, көркемдік ізденіс мәселелері ақын лирикасының тіліне, дәстүр жалғастығы мен бейнелілік жүйесіне, суреттеу құралдарына талдаулар жүргізу арқылы айқындалған.

Еңбек жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, қазақ әдебиеті пәні тереңдетіліп оқытылатын мектептер (лицей, гимназия) мұғалімдері мен шәкірттеріне арналған.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы А.Мұсаев, Батыс Қазақстан инновациялық-инженерлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы М.Сабыр және М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, философия докторы (PhD), доцент И.Сұлтаниязова кітапқа пікір жазған.

 

Суретті түсірген Рафхат Халелов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале