25.11.2026, 9:45
Оқылды: 37

Айтмұхамбетовтей азамат та өткен өмірден...

«От ішінде бір мақта» деген мақал бар ғой. Осы түйін сөзді жерлесіміз, қазақтың ол да бір айдарлы азаматы, тірі болғанда, 120 жасқа келетін Уахит Айтмұхамбетовке де айтуға әбден болатын сияқты. Неге десеңіз, ол кісі өткен ғасырдың 1906 жылы туып, сол ғасырдың «Саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қоятын» сонау зұлым заманында ұстараның жүзінде жүріпті.

Уахит Айтмухамбетов

Жәй жүрмеген, жанын шүберекке түйіп, партия қайда жұмсаса, сол жерден табылып, үлкен қызметтер атқарған. Ал сол кезде лауазымды қызметтерде болғандардың дені 37 мен 38-дің, 50-жылдардың бас кезіндегі зобалаңдардан аман қалмаған. Қарауылға ілініп, қорғасын оқтан қиылып, одан аман қалғандары  итжеккенге айдалып кеткендері қаншама? Енді Уахит ағамыздың ғұмырбаянына үңілейік. Оны біздің қолымызға тапсырған ол кісінің күйеу баласы, облысымызға есімі жақсы таныс Лұқпан Өтебалиев. Лұқаңның зайыбы Айтмұхамбетова Райса Темірқызы Уахит ағамыз бен оның зайыбы Сағираның бауырында өскен, ата-әжесінің сүйікті немересі болса керек. Мектеп табалдырығын сол ата-әжесінің алақандарының аясында аттаған. Райса Темірқызы да бүгінде өмірде жоқ, 2023 жылы 67 жасында дүниеден озған. Жарықтық, тірі кезінде ата-әжесінен көрген тәлім-тәрбиесін, естіген әңгімесін жыр ғып айтып жүреді екен...

Сонымен, Уахит ағамыздың өз қолымен толтырылған өмірбаянын, өзіне берілген партиялық мінездемелер мен сол кездегі партияның Айтмұхамбетовке қатысты әртүрлі құжатын қарап отырмыз. Арасында Лұқаңның өз қолымен жазған атасы жайлы шағын мақаласы да жүр. «Биыл ол кісінің туғанына 120 жыл толады екен» деп бастайды шағын әңгімесін. Мынау қашты, қуды қызылды-жасылды дүниенің қызығын қуалап, оның соңында жүріп, ардақтыларымызды, елге ақылшы болған азаматтарымызды ұмытпайық, «аруақ риза болмай, тірі байымайды» дегенге меңзейді шағын әңгіме. Шынында да, Айтмұхамбетовтей азаматты ұмытуға болмайды екен, өйткені оның ел алдындағы еңбегі орасан. Ол жоғарыда айтқанымыздай, 1906 жылы Жәнібек ауданы, Қамысты ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Әкесі Чурин Айтмұхамбет сол ауылда арғы тегі кедей, байларға жалданып, жазда егінін баптап, қыста олардың малын баққан қарапайым кедей-шаруа болса керек. Дегенмен сол кездің мөлшерімен алғанда ептеп сауатты да болған тәрізді. Өйткені 1922-1926 жылдар аралығында ауылдық кеңеске мүше болса, тіпті бір жылдай ауылсоветтің төрағасы қызметін атқарған. Бірақ солай жүргенде ауыр науқасқа шалдығып, 1927 жылдың желтоқсанында дүние салады. Бұл кезде Уахит ағамыз жиырмадан жаңа асқан жігіт екен. Әуелі қазақ даласына Төңкерістің дүмпуі жетті, одан кейін «жер кедейлерге берілсін!» деп екпіндеткен ұрандар көк аспанның астын тітіретті. Сол екі арада дала мен қаланы азамат соғысының жалыны шарпыды. Бала болса да солардың бәрін Уахаң көре қалыпты. Бір таңғаларлығы, 13-14 жасынан бастап, оқуға, білім алуға құштар болған. Армандап қана қоймай, 1919-1922 жылдар аралығында бір басқышты бастауыш мектепті оқып (әуелі қазақша, сосын орысша) тауысады. Бұл дегеніңіз сол кездегі өлшеммен алғанда төрт жылдық білім беретін мектептер еді. Бірақ сол жылдарда алған білімін іске асыратын жұмыс болмады ма, екі жылдай байдың малын бағып, жалшылықта болады. Тек 1924 жылдан бастап екі жыл бойы бала оқытады және мұғалімдігімен қатар Қамысты ауылында «Қосшы» одағының хатшысы қызметін қоса атқарған. Тағы бір айта кететіні – Уахаң ылғи білімін жетілдіріп, оқитын мүмкіндіктерді қалт жібермеген. Сәл кейін Оралдағы окружной совпартшколдың екінші басқышын қотарады. Елуінші жылдардың басында Фурманов орта мектебін тәмамдайды. Ал оған дейін атқарған жұмыстарына келсек, сонау ұжымдастырудың ұшынып тұрған жылдарында жергілікті кәсіподақ ұйымының уәкілі, ауылдық кеңес жанындағы партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарыпты. Ұжымдастыру, тәркілеу деген аласапырандардың аузынан қалай аман қалды екен деп еріксіз ойға кетесің. Ол ол ма, Жымпиты аупарткомында нұсқаушы, бөлім меңгерушісі сияқты қызметтерді абыроймен атқарып келіп, үшінші хатшы болып тағайындалады. Осы қызметті бір жылдың үстінде атқарғасын екінші хатшылыққа жоғарылатады. Ол «ойнауға болмайтын»
1937-1938 жылдар еді ғой... Оның үстіне Күнбатыс Алашорданың кіндігі саналған Жымпитыға ол жылдарда НКВД-ның ерекше назары ауып, талай азаматтар 58-баптың құрбаны болып кетіп жатты. Қара табан кедейдің баласы, өз бетімен өсіп келе жатқан жас азамат Уахит Айтмұхамбетовтің адалдығы шығар, шашасына шаң жұқтырмай Жымпитыдан Орал обкомына бөлім меңгеруші болып тағы бір жаңа қызметке жолданады. Одан әрі Орда аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін бір жылдай атқарып, 1939 жылы Қаратөбе ауданына бірінші хатшы болып тағайындалыпты. Бұл жылдарда азаматтардың, әсіресе партия-кеңес органда-ры қызметкерлері НКВД-ның қалғымайтын назарында жүргенін естен шығаруға болмайды. Оған Уақаң туралы жоғарыда айтқан күйеу баласы Лұқпан Өтебалиев бізге табыстаған көп құжаттардың ішінен шыққан мына бір құжат дәлел ғой дейміз. Ол 1939 жылғы 2 наурыздағы Батыс Қазақстан облысы бойынша НКВД-ның басқарма бастығы, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің кіші лейтенанты (!) Бойко мен 2-бөлім бастығы, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің кіші лейтенанты (!) Колесниковтың анықтама қағазы. Жымпитының екінші хатшылығынан Қаратөбе ауданына бірінші хатшы етіп жіберерден бұрын Уақаңды «чекистер» мықтап тексерген. Оның қорытындысында «Справка. На Айтмухамбетова Уахита ІІ секретаря Урдинского РК КП(б)К компрометирующих данных не имеем» деп «батиқасын» беріпті. Міне, осы ауданда жеті жыл жұмыс істеп, Ұлы Отан соғысының ауыртпалығын қаратөбеліктермен бірге қайыспай көтереді. Осы арада 1947 жылы 22 қазандағы облыстық партия комитетінің бюросы бекіткен мінездемеге назар аударайықшы. «Айтмұхамбетов жолдас ұзақ уақыт бойы Қаратөбе ауданының бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Осы жылдарда ол өзін партияның алғыр, қабілетті қызметкері, іскер ұйымдастырушысы, ортақ іске ақылшы, тәрбиелеушісі ретінде көрсете білді. Қаратөбе ауданы оның басшылығымен жыл өткен сайын егін, мал шаруашылығын өркендетуде жаңа табыстарға қол жеткізіп, партия алға қойған міндеттердің үдесінен шыға білді. Айтмұхамбетов жолдас колхоздарды құру мен олардың шаруашылық жұмыстарын нығайту жолында маңызды істер тындырды. Аудан мен колхоздар ұйымдастырушылық тәжірибелері жоғары, білікті басшы қызметкерлерлермен толық қамтылған. Ол басқарған аудандық партия комитеті қызметкерлерді дұрыс таңдай отырып, кадрларды адал большевиктік жол-мен тәрбиелеп, ауданның барлық учаскелерін тұрақты кадрлармен қамти білді.  Ауданның партия ұйымдарындағы коммунистердің қатары ұдайы өсіп отыр. Мысалы, 1946 жылы коммунистер қатары 50 адамға өссе, партия мүшелігіне кандидаттардың қатары 40 мүшеге толыққан. Бұл коммунистердің басым бөлігі колхоз өндірісінде еңбек етіп жатыр. Аудан 1946 жылғы егін орағын асқан ұйымшылдықпен жүргізіп, мемлекет қамбасына жоспардан тыс 3153 пұт дән тапсырды. Еңбеккерлер 1947 жылдың көктемгі егіс жұмыстарына да тыңғылықты әзірлікпен кірісіп жатыр. Сондай-ақ аудан мал шаруашылығын өркендетудің жоспарларын  асыра орындап, ірі қара саны 105,4 пайызға, қой мен ешкі – 115,9, жылқы – 100,8, түйе 102,2 пайызға өсіп, әр жүз аналық малдан 86 бұзау, 100 қозы, 90 құлын, 41 бота алынды. Мемлекетке мал шаруашылығы өнімдерін: ет, сүт, жүн тапсыру жоспарлары асыра орындалды. Мемлекет алдындағы жоспарларын табысты орындап жүрген Айтмұхамбетовтің еңбегін еліміз жоғары бағалап, ол әр жылдарда Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет Белгісі ордендерімен, «Ұлы Отан соғысы 1941-1945 жылдардағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталған».

Бұл мінездеме Айтмұхамбетовке Қазақстан Орталық партия комитеті жанындағы алты айлық курсқа оқуға жіберілгенде беріліпті. Ал оның кейін 1950-1954 жылдардағы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің ІІІ шақырылымына депутат болып сайланатын, түрлі медальмен марапатталатын жылдары, Тайпақ ауданындағы Есенсай кеңшарының тізгінін ұстап, зейнет демалысына шыққанға дейінгі шаруашылықты жарқырата басқаратын жұлдызды шақтары алда жатыр еді. Азаматтың соңында қалған ұрпақтарына келер болсақ, қызы Чурина Роза және шөбересі Эльмира Астанада тұрады. Ұлы Темір Уахитұлы Оралдың пединститутында сабақ берді, соңынан облпарткомның үгіт-насихат бөлімінде істеді. Өмірінің соңғы жылдарында мәдениет қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы болды. Келіні Меңсұлу Мырзағалиқызы 40 жылдың үстінде облыстық архивті басқарды. Бұл кісінің есімі Мәскеудегі Архив қорының музейінде алтын әріппен жазылып қалған.

Айта кету керек, Айтмұхамбетовтің ғұмыр жолына қарап отырсақ, ол ылғи артта қалған аудандарға, шаруасы шайқалған шаруашылықтарға жолданып отырылған. Соған қарамастан азамат олардың бәрінің жұмысын жолға қойып, өзінің де, барған жерінің де абыройын асқақтатқанына таңданбасқа амалың қалмайды. Қалай десек те, жүрген жеріндегі қызметін елі мен халқы үшін адал атқарып, жұмысында сол кездегі партияның шын қаһарман сарбазы болғанын көрсетеді. Осы тұста бүгінде 90 жасқа толған облыстың қадірменді ақсақалы, талай тұғырлы лауазымды атқарған, Уахит ағамызды көре қалған  Ғазез Хаймулдиннің мына бір естелігін айта кеткен жөн болар. Ғазекең бүй дейді: «Айтмұхамбетовтің «шекпенінен» талай шаруашылық, өндіріс басшылары өсіп шыққан. Ол сонымен қатар өнер адамдарына да ерекше жылылық, әкелік қамқорлықпен қарапты. Таңдайына ән қонақтаған қазақтың бұлбұл әншісі Ғарифолла Құрманғалиевті Уақаң жақсы білген. Өзі Қаратөбенің тізгінін ұстап, бірінші хатшы болып жүргенде Ғарекең бір шағын колхозды басқарыпты. Бірақ
өнердің шалығы тиген Ғарекең арасында Алматы, Мәскеу шаһарларында өткен фестиваль, конкурстарға қатысып, домбырасын өңгеріп, ел аралап кетеді екен. Солай жүріп, ел назарына мықтап ілінсе керек. Сондай кездерде әнші Алматыға, консерваторияға шақырылады. Кеудесін ән мен жырдың желі кеулеген Ғарекең күндердің күнінде Уахаңа келеді, ақыл сұрайды. Сонда бірінші хатшы: «Ғарифолла, айналайын, шаруашылық басқару оңай емес, күндердің күнінде асау аттай жығып кетуі мүмкін... Әсіресе өзіңдей ақдария әншілерге өте қиын. Сондықтан Алланың мың адамның арасынан бойыңа қондырған қасиетін қадірле! Жолыңнан қалма, оқы!» депті ғой. Ағасының берген батасы, сөйтіп, Ғарекеңнің кейін қазақ өнерінің аспанында мәңгілік жарқырайтын жылдарына жол ашса керек!»

Иә, айтып-айтпай не керек, Айтмұхамбетовтей азамат та өткен ғой бұл өмірден...

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале