13.06.2017, 11:25
Оқылды: 154

Айтыскердің жұрт білмейтін қыры

Мұрадым Мирлановтың есімі жұртқа айтыс ақыны ретінде танымал. Жуырда Талдықорғанда өткен "Рухани жаңғыруға - жастық жігермен" республикалық жас ақындар айтысына Батыс Қазақстан облысы атынан қатысып, ел мерейін көтеріп бас жүлдемен оралды. Көптеген республикалық, облыстық айтыстардың жүлдегері Мұрадымның атқұмар, асауүйреткіш қырын көп ешкім біле бермейді. Ат жалында өскен Мұрадымның бұл қасиетті жануар жайлы айтары мол.

- Атқұмарлығым қара сөзге құмарлықтан бұрын басталды. Төрттен бес жасқа қараған кезімде әжемнің інісінің баласы Қуаныштың артына мінгесіп малға кететінмін. Қуаныштың тізгін тартса көкке секіріп, артқы аяғымен тік тұратын, бір көзі соқыр көк аты болды. Қазір ойласам, көк ат аспанға тік шаншылғанда мінгесіп отырған төрт жасар мен қалай түсіп қалмайтынымды білмеймін? – деп еске алады өзі. - Кішкентай кезімде қоймай жылап, құлыншақты ұстатып мінетінмін. Құлыншақ қалай еткенде де құлатып кететін. Жеті жасымда даладағы жылқыны мініп келетін болдым. Он жасымда әжем өмірден өтіп, сол жылдан мал бақтым. «Кешегі өткен он жасым, Он жасымнан бері қарай, Домбыра болды сырласым» деп Аралбай ақын жырлағандай, домбырамен кейін таныссам да, бала күнімнен жылқының жалында өстім. Жылқымен алғаш ұзақ жолға он бір жасымда шықтым. Әкем екеуміз Күйгенкөлдің Бұқар деген жерінен Жәнібекке мал айдап бардық. Ала таңмен шыққаннан түннің ортасына дейін тоқсан шақырымдай жер жүрдік. Күздің қара суығымен ең ұзақ жолдай есімде қалды.

Жақында БҚО-да асау үйретуден жарыс өтті. Мұрадым соған қатысқысы келіп жүрген, бірақ бұл дода Талдықорғандағы айтыспен қатар болды. Мұрадымның небір асауларға кенеше жабысып алып, оңай үйреткенін көріп жүрмін. Тіпті адам мінсе шалқалай құлайтын жылқыға да бас білдіргені бар. Бірақ өзі аттан көп құлағанын айтады.

- Ер айылымен сыпырып артынан түсіп қалып, талып жатқан кезім де болды. Аттың басын жіберіп қойып шауып келе жатып бағанаға тіке соғылғаным бар. Сонда жылқының бұрады деп маған сенгені ме білмеймін?.. Асау тайды үйретіп жатып, құлаған тайдың астында аяғым қалып қойғаны бар. «Ат жалын төсейді» деген сөз рас, қанша құласам да мертікпедім. Бұрын жастықпен асауларға ойланбастан міне беретінмін. Қазір сақтықпен, дәретпен, дұғамды айтып мінемін. «БисмилләҺ, әлхамду лилләҺ» деп, «Бізге мұны бағынышты еткен АллаҺ пәк. Әйтпесе біз оның маңына жуи алмас едік. Сөзсіз біз Жаратушы Иеміз жаққа қайтып барамыз» деп көлікке мінгенде оқылатын «Зухруф» сүресінің 13-аятын оқимын. Былтыр бес асауды үйреттім. Бағыма орай бала кезімнен өңшең жүйрік тап болады,-деді атқұмар кейіпкеріміз.

Біраз жыл жылқыдан жырақ жүргенін айтқан Мұрадым «Күніне екі-үш сағат атпен серуендеген адамға ешқандай спорттық жаттығудың қажеті жоқ» деген пікірде.

- Мен мектеп бітіріп ауылдан кеткеннен кейін үйдегі жылқылар сатылды. Оқу дедік, қызмет дедік, айтыс дедік, шаңырақ құрдық, сөйтіп қалада он жылдай уақыт зу етіп өтіпті. Үш жыл бұрын Тайпақтың Қараоба деген қыстағындағы атақты атбегі Құбайдолла Биғазы досыма бардым. Қара қасқа атты ерттеп берді. Тоғыз жылдан кейін мінуім екен. «Атқа мінген атасын танымайды» деген, баяғыша тізгінді қоя бердім. Шамалы шапқан соң ауа жетпей, екі бүктеліп қалдым. Біртіндеп шапқан соң қалпыма келдім. Ат үстіндегі адамның тынысы ашылатынын, көкірегі кеңейетінін сонда түсіндім. Үш-төрт күн қона жатып аттан түспедім. Қалаға жетіп, жетінші қабаттағы үйге көтерілгенде қимылым ширап, денем тартылғанын сездім. Содан атқа мінудің пайдасын түсініп, жылқылы ауылға жақындай бастадым. Өзім де ер-тұрманымды бүтіндеп, жылқы жинауға кірістім. Жылқы үстінде адамның жүзден аса бұлшық еті жұмыс жасайды екен. Сондықтан ХХІ ғасыр қазағының да жылқыдан алыстамағаны абзал. Ауылдағы атбегі қариялардың жетпіске келіп те атқа секіріп міне алатынына мән бермедік. Сексенбай, Тоқсанбайларды таптырған ат үстінде жүрген сүйегі асыл аталарымыз ғой.

Қазақ пен жылқының байланысын білген отарлаушылар аталарымызды алдымен аттан түсірді. Орсұттар аттылы қазақтан қорқатын. Себебі Алтын орда тұсында Мәскеудің төрінде ат ойнатып, салық жинаған бұл қазақ. Жылқысынан ажыраған қазақ рухынан айырылды. Байдың малын кәмпескілеп, жарлының жалғыз атын алды. Большевиктердің асыл тұқымдыны үйірімен жардан жыққан оқиға аз емес. Тұқымдық қалмады. Бір деректерде 8 миллион жылқыдан 150 мың қалдырған делінеді. Бұл күні жан-жақтан асыл тұқымды жылқы алып, сапасын арттыруға тырысуда. Ауыл-ауданда ат спорты мектептері ашылып, қазақ қайта атқа қона бастады. Қуанарлық жағдай. Атқа мінген қазақ ауруынан айығады. Құран Кәрімде «Жылқыны сендер мінсін, салтанат құрсын деп жараттық» делінген («Нақыл» сүресі). Қиссаларда жылқыны жаннаттан түскен жануар, алғашында төрт көзді болған, жылай-жылай екеуінен айырылып, көзінің үстіндегі екі ойығы суалған жанарының орны делінеді. Қазақ «Ат жалында қиямет күніне дейін жақсылық бар», «Ат түске дейін баққан адамның түстен кейін тілеуін тілейді» дейді. «Жылқы бағу адамға сауап әпереді» деген Пайғамбарымыздан (с.а.с.) жеткен хадис бар. Ата-бабамыз жылқының пірі Қамбар ата дейді. Қамбар дегені – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) төрт шадиярының бірі болған хазіреті Әлидің атбегісі болған Гамбар. Осының бәрін біліп, ата кәсіптен қол үзбеуіміз қажет,-дейді жылқы десе жанын беретін Мұрадым.

Мұрадым қазақ жылқысы жайлы, бүгінгі ат жарысы турасында өз ойын білдірді:

-Қазақ жылқысы жайлы мәлімет аз. Түйгенім – әлемдегі жылқы атаулы қазақ жылқысы мен араб жылқысынан тарайды. Әлемдегі ең әдемі араб жылқысының Ү ғасырдан бері келе жатқаны жайлы мәлімет болса, қазақтың қай ғасырдан жылқы үйреткені жайлы дерек жоқ. Жабы деп жүргені жабайы жылқы. Жылқы құлан тектес жануар. Құландар Жайық жағасында көп болған. Атқұмарлар биелерін құлан үйіріне қосып, тұқым алып отырған. Түсі құла, арқасында құландікіндей қара сызығы бар жылқылар әлі күнге кездеседі. Түркіменнің Ақалтекесі де жабайы құланнан алынды. Қазіргі сұранысқа ие, алыстан алдырып жүрген ағылшын жылқысының атасы осы қазақ, араб және түркімен жылқысынан алынған. Ресей Буденный, Дон жылқыларының селекциясына Жайық және Торғай өңірі жылқыларын пайдаланған. Қазақ даласына келген саяхатшылар жорғаға таңғалып, оның тұқымнан рысактарды шығарды. Ал қазақ жорғасы жоғалудың аз-ақ алдында. Жорғаның тұқым бере беруі қиын. Үстіндегі кеседен су төгілмес жорғаны кездестіре алмайсыз. Нарын құмында ғана қалды. Оның өзі баяғыдай емес. Өңіріміздің жылқысы кеңес дәуіріндегі селекция нәтижесінде шатысқа айналды.

Бүгінде ат жарысы көптеп өткізілуде. Жыл сайын Елорда төрінде «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі ұйымдастырылуда. Елу бір шақырымнан ұзартпай отыр. Шетелден әкелінген асыл тұқымдылар қазақ жылқысына бәйгені бермеуде. Бұрын аламан ең кемі 70 шақырым болған, қазіргідей айналдырып жарыстырмаған. Бәйгені 70 шақырымға созса, қазақ жылқысы сөзсіз келер еді. Соңғы кезде қандыларды бөлек, қазақыларды бөлек шаптырып жүргенін құптаймын. Жорға жарыс там-тұмдап өтеді, желдіру жарысы тыйылды. Осылар қайта қолға алынса дейміз...

Нұрлыбек Рахманов,

«Жайық Пресс» ақпарат орталығының жетекшісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале