16.07.2021, 22:37
Оқылды: 616

Айып тұрақтарын тек статистика үшін ашып қою қажет емес

Облыста жолаушыларды таксимен заңсыз тасымалдаушылардың көптігі өзекті мәселеге айналып отыр. Аудандарда 228 такси тасымалдаушы  egov.kz  порталы арқылы өзінің қызметін бастағанын хабарлап, тіркелген. Ал еш жерде тіркелмеген 185 жеке тасымалдаушы бар. Заңды түрде тіркелмеген такси тасымалдаушылары Бөкей ордасында 25 болса, Жәнібек ауданында –  56, Қаратөбеде – 60. Бұндай заңсыз тасымалдаушылар жөнінде бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі кеңестің кезекті отырысында айтылды. 

IMG-20210716-WA0035

Күн тәртібінде бұған дейін айтылған тапсырмалардың орындалуымен қатар, жолаушыларды тасымалдау, соның ішінде такси қызметін ұйымдастыру мәселелері қаралды. Алдымен сөз алған облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полковник Жанболат Жаншиннің сөзінше, жол-көлік оқиғасы  сәл азайғанымен, апаттан қаза тапқандар мен жарақаттанғандардың саны артқан. Негізінен жолаушылардың басым көпшілігі республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда орын алған жол апаттарында қайтыс болған. Әсіресе  мас күйде және есірткіге еліткен күйде көлік айдаған  1101 деректің анықталуы жаға ұстатады.

IMG-20210716-WA0033

Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетов жолаушылар тасымалы туралы баяндады.  

«Аудан орталықтарына қатынайтын тасымалдаушы-кәсіпорындарға төленетін субсидия көлемі жыл сайын артып келеді, сонымен қатар субсидияланатын маршруттар саны да өсуде. Биыл республикалық бюджеттен 174,9 млн. теңге субвенция бөлінді. 6 тасымалдаушы 9 маршрут бойынша субсидия алып отыр. Осы 2-жартыжылдықтан бастап субсидия алатын маршруттар санын 15-ке көбейту жоспарлануда. Бөлінген демеуқаржы маршруттардағы тасымал шығынының тек жартысын ғана өтеуге жетеді. Биыл  15 маршрутқа 50,0 млн. теңге субсидия қажет. Оған қосымша субсидия бөлу үшін бюджеттік өтінімдер әзірленіп жатыр», - деді ол. Бауыржан Есқайырұлының айтуынша, аудан орталықтарында қызмет көрсетіп жүрген 38 ауданішілік (ауылдық) маршруттың  17-сіне субсидия төленуде. Ал Теректі,  Бөкей ордасы, Қаратөбе, Шыңғырлау, Сырым аудандарында  мұндай жолаушы таситын маршруттар ұйымдастырылмаған. Ал такси тасымалын жолға қойған аудандар ретінде Тасқала, Жаңақала, Казталов аудандарын атауға болады. 

IMG-20210716-WA0036

Облыста өзекті мәселелердің бірі ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының артуы болып отыр. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетовтің баяндауынша, ауыл шаруашылығы малын бірдейлендіру, қараусыз жүрген малды анықтау мақсатында 27 рейдтік шара өткен. Нәтижесінде 223 құқық бұзушылық анықталып, 121 мал иесіне ескерту берілген.  Ақжайық ауданы бойынша ауыл шаруашылық жануарларын уақытша қамап ұстайтын айыппұл тұрағына 51 бас мал қамалып, жалпы 484 331 теңге айыппұл салыныпты.  

«Аудандарында қараусыз жүрген ауыл шаруашылығы жануарларының иелері анықталғанға дейін уақытша ұстау үшін 71 айыппұл тұрағы ұйымдастырылды. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы»  Кодексінің  408-бабын бұзу фактілері бойынша биыл қараусыз жүрген  606 бас мал «ұсталды».  Соған сәйкес 478 тұрғынға 1 657 368 тг айыппұл салынып, ескертулер берілді», - деп атап өтті басқарма басшысы.  

IMG-20210716-WA0031

Облыс аумағында қараусыз жүрген малдың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларының жоспары бар. Сондықтан автокөлік жолдары  маңында орналасқан ауылдардың  тұрғындары малды бірдейлендіріп, жылқы малын таңбалап және чип енгізіп, флиппер (жарықшығылыстырғыш  жолақ) орнатуы қажет. Мәселен, соңғы айда Бәйтерек, Бөрлі, Теректі аудандарында малдың қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғаларында  ол жануарлардың иелері осындай таңбалары арқылы уақытында анықталған.

- Қараусыз қалған үй жануарларының иесі өзінің малы екенін дәлелдей алмаса, малы заңға сәйкес коммуналдық мүлікке өтеді. Ол аудандық әкімдіктерде айқындалған тәртіппен  пайдаланылады. Осы норма негізінде бірдейлендірусіз жүрген малдың коммуналдық мүлікке өтетіні жөнінде тұрғындар арасында түсіндірме жұмысын көбірек жүргізу керек. Бүгінде Ақжайық пен Шыңғырлаудан басқа аудандарда бұл қағида бекітілмеген. Орал қаласы және аудандар әкімдіктеріне облыстық қаржы және ветеринария басқармасымен бірге «қараусыз қалған жануарларды коммуналдық меншікке алу және пайдалану қағидаларын» бекітуді, өз кезегінде ветеринария басқармасы жергілікті жерде осы қағидадан туындайтын тиісті шараларды алуды тапсырамын.

IMG-20210716-WA0037

Бұл кеңеске дейінгі отырыстарда жол-көлік оқиғаларының алдын алу жөнінде шаралар қабылдау туралы бірнеше рет  тапсырмалар берілді.  Алайда үй жануарының қатысуымен болатын  көлік оқиғасы тоқтамай отыр. Маусымның 30-да  көлік апатынан бір адам қаза тапса, 9 шілдеде Казталов ауданында төрт адам жарақат алды. Барлық ауданда бағымсыз жүрген малға арналған айыппұл тұрақтарын аштық. Бәйтерек ауданында 9 айыппұл тұрағы болса, биыл бірде-бір жануар қамалмаған, иесіне айыппұл салынбаған. Марат Лұқпанұлы, аудан бойынша екі жыл ішінде адам өліміне алып келген бірінші оқиға екенін ескере отырып, сізге соңғы ауызша қатаң ескерту беремін. Айып тұрақтарын тек статистика үшін ашып қою қажет емес. Барлық аудан әкімдері осы бағыттағы жұмысты нақты қолға алу қажет. Әр әкім, әр басқарма басшысы жол-көлік оқиғасының алдын алу бойынша жұмыс істеп, жауапкершілікті сезінуі керек. Жол бойындағы қауіпсіздікті орнату – біздің міндетіміз. Сонымен қатар әр жүргізуші жол ережелерін қатаң сақтауға тиісті. Әр жолаушы жүргізушіге ережені сақтауы қажеттігі жөнінде талап қоя алады. Қарапайым ережелерді орындап, әрбір адам өзінің жұмысына жауапкершілікпен қараған жағдайда ғана біздің жолдарымыз қауіпсіз болады, -  деп қорытындылады облыс әкімі.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале