15.04.2025, 12:00
Оқылды: 1635

Ақ нұрмен келген Ақнұрлы

«Туған жердің топырағы сүйейді» деген тәмсіл бар. Ал сол туған топыраққа маңдай терін сіңіріп, ақ пейіл, адал көңілмен еңбек ете білген перзенттер елге сүйеу деп айтса да болмас па?!

«Біртүрлілеу» заман болып тұр ғой бүгінде, жер-жерге бөліну, озғанның етегінен тартып, жақсының жағасына жармасу... ел іші дар-дар жыртылып, тозған шүберектей түтіліп кетпес пе екен деп қауіптенесің кейде. Сондайда өзіндік пікірі бар және оны керегінде ашық айта алатын қадау-қадау азаматтардың барын көріп, дәтке қуат қыласың. Ел сенетін, соңынан еретін, ел-жұртқа болсын дейтін жақсы-жайсаңдарды жанына топтастырып, белең алып тұрған жамандыққа тосқауыл қоя білетін батыл да өткір мінезді тұлғалар бірен-саран. Бұл да ақиқат. Сол бірен-саранның бірі жоталы Жаңақала өңірінің төл перзенті Ақнұрлы Нұрғалиқызы Еслямғалиева.

WhatsApp Image 2025-04-07 at 09.10.01

...1979 жылдың тоғызыншы айының 9-жұлдызында Жаңақаланың Қисыққамыс  ауылында бір ақсары қыз іңгәлап өмір есігін ашқан. Сол күні, дәлірегі сол сәтте аспан ерекше нұрланып, жарқыраған күн сәулесіне орана, ақырын ғана жаңбыр себелеп тұрыпты. Алғаш рет әке, ана атанып, абдырап жүрген Нұрғали мен Сәруәрдің бұған көңіл аударуға мұршасы болды ма, болмады ма, кім білсін?.. Ал Нұрғалидың апасы Алма сәбиге ат таңдар кезде «Ақ нұр жауып тұрғанда жарық дүниеге көрінді, ендеше есімі Ақнұрлы болсын» деп осы есімді еншілеткен екен. Бір кереметі, жылда дәл сол тоғызыншы айдың тоғызы күні ақ шуаққа шағылыса шашылып жаңбыр себелеп өтеді. Ес білгелі солай. Кішкентай кезінде аспанға қарап, сыйлық күткендей тосып  жүретін ақ жауынын...

Соңынан  ілескен екі бауыры ер бала болғасын ба, бір көшеде тұратын, яғни, бірге ойнайтын балалардың ішінде ұлдардың басымдығынан ба, Ақнұрлы көбіне солармен таласып жүріп шымыр, өжет, намысшыл болып өсті. Мектепте де сабағына алғыр, қоғамдық жұмыстарға да ынта-ықыласпен араласты. Домбыра тартып, ән салып, көркемсөз оқып, ел алдында жүретін сары қыз сол балалық балғын шақтан болашақ жолының жобасы сызылып жатқанын білді деймісіз, әйтеуір, жетекші мұғалімдердің тапсырмасын орындап, жарыстарға қатысып, жүгіреді де жүретін. Сол жарыстардан алған ағыл-тегіл жүлделі орындардың ішінде республикалық Президент шыршасына барып, «атаның» алдында ән салып, қолын алып келгені ауыл, аудан үшін де, өзі үшін де естен кетпес оқиға болды. Тазалықты, ұқыптылық пен әдемілікті сүйетін әке үлгісі ме, әлде, текте бар қасиет пе, әйтеуір, алты жасында «Қошақаным» әнін айтып, алғаш рет аудан сахнасында тұрды ғой.

Айтқандай, өмір, еңбек жолы да сол мәдениет, өнер саласында жалғасып келеді. Дәулеткерей атындағы өнер институтының кітапханашылар бөлімін бітіріп, қалада қалуға берілген ұсыныстан бас тартып, Жаңақалаға, өзінің Жаңақаласына оралды. Жұмыс табу қиын кезең (қай кезде де сол ғой!). Мектепке тәлімгер болып кірісіп, бір жылдан соң өз мамандығы бойынша аудандық кітапханаға келді. Бұл 2001 жылы болатын. Әуелі кітапханашы, одан кейін оқырман залының меңгерушісі, одан әдіскер, сосын директорлық қызметке дейін өсті. 2011 жылы конкурстық негізде мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Осы саланы басқарған 2011-2019 жылдар Ақнұрлы Нұрғалиқызының маман ретінде ұйымдастырушылық, жетекшілік қабілетін шыңдап, рухани қызмет тәжірибесін толықтыра түсті. Аудан Қазақстанның біраз танымал тұлғаларын қарсылады, бірнеше рет республикалық байқаулар ұйымдастырылды, біраз тарихи ескерткіштер жасалды. Мәдениет үйі жанындағы 9 халықтық атағы бар ұжымдар атақтарын қайта қорғады. Барлық мәдениет үйлерінде дәстүрлер бөлмесі ашылып, рухани құндылықтар қатары толықтырылды. Әлі есінде, 2013 жылы «Күйші Мәмен атамыз Пятимар ауылындағы қауымда жатыр» деп естіп, аудан әкімшілігі сол кісіге кесене тұрғызуға шешім қабылдады. Күз, қара суық. Пятимар қауымына барлық қызметкерлерді апарып, биржаның жігіттерін мәйітті қазуға түсірді. Жер ылғал, саз балшық топырақты шелекпен шығарып тұр, қазғанда ылғалдан ба, күлімсі, сасық иіс болды. Ауыр. Ақ матаны жайып, сүйектерін бір-бірлеп жинап тұр. Жігіттер де шаршады. «Болдық» дейді. «Әбден қараңдар, сүйек қалып қойса, ұйықтатпайды» дейді Ақнұрлы шегелеп. «Не деп тұрсыз, өзіміз шақ тұрғанда» деп үрейлі көзбен қарап, тағы бір рет тексеруге кірісті қазушылар. Сөйткенде тобық, баш­пай сүйектері шықты. Топырақтан тазалап алып, ақ матаға салып жатыр. «Әне, айтқаным осы ғой» дейді енді ғана көңілі көншіген Ақнұрлы Нұрғалиқызы. Өзі де жас, адамның сүйегін бірінші рет көріп тұр. Сүйір жақты адам болған екен, тістері қаладай, әппақ болып бәрі орнында тұр... Мәмен кесенесі осылай тұрғызылған. «Ашаршылық кезінде, қиыншылықта  қайтыс болған Мәмен күйшінің сүйегін кебіндеуге мата болмай, шиге орап жерлепті» деген сөздің растығына да  сонда көз жеткізген. Кәдімгі қолдан тоқылған, шашақты ши, шірімей, жасылданып қана жатыр екен...

Ол жылдары спорт жұмыстары да осы бөлімде, аудан спортын көтеру де бір басты мұрат. 2018 жылы облыстық «Ақ бидай» спорт жарыстары өтті, аудан командасын апарды. Бәрі бар, тек көкпарға қатысатын ат жоқ, басқа ауданның бәрі өздерінің атымен барып тұр. Мақсат – қалмай, не болса да қатысу керек. Ат спортында жасайтын ауылдың балаларын тауып, аттарын сұрап алып, ауданнан келген жігіттерді сол аттардың үстіне қондырып, көкпарға да қатысып шықты-ау Жаңақаланың командасы! Қатысқан деген немене, жаяу барып, 3-орынға таласуға шықты! Нағыз делебе қозып, санада намыс ойнайтын кез келді, төбесі көрініп тұрған жүлдеден айырылып қалмау керек қалай да! Команданың күші көп, тәжірибе аздау... Содан Шымкенттен келіп қалада жасыл желек егіп жүрген бір жігітті тауып алып, келісіп, «Біздің ауылдың баласы» деп қосып кеп жіберді ойынға. Ал, ол болса, көкпаршы бала екен, атқа отырысы, шабысы бөлек, көзге көрініп-ақ тұр. «Айдарханның баласы!» деп қояды Ақнұрлы «Мынау кім?»  деп таңырқай сұрағандарға дымын білдірмей. Бәрінің естері танып қалды. Мақсат орындалды. «Бәрі бітті ғой, енді айтыңызшы» деп жалынады бір гәптің болғанын сезген жігіттер. Сөйтіп, аудан әкіміне ұсыныс беріп, екі ат спортшысы штатын ашып, қалада жүрген ауылдың жігітін жұмысқа шақырып алумен  тынды бұл шара. Қазіргі таңда бұқаралық  спортпен шұғылданушы жастардың саны артып, апта  сайын әр спорт түрінен сайыс-жарыстардың өтуі дәстүрге  айналды. Сол кездегі аудан әкімі Қарағойшин Наурызбай Қадырбайұлы мәдениет пен спортта атқарған жұмыстарын бағалап, «Аудан әкімінің орынбасары қызметін атқару қолыңнан келеді» деп ұсыныс жасады. Сөйтіп, 2019-2023 жылдары аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Ауданның әлеуметтік дамуына да бір кісідей үлес қосты. 2019 жылы 44 штат бірлігі бар Жастар спорт клубы ашылып, бірнеше жас жұмыспен қамтылды. Салауатты өмір салтының тынысы түзелді. Мәстексай, Жаңажол мәдениет үйлерінің құжаттарын апатты деп тануға жасақтап, өткізіп, екі ауылда да жаңа мәдениет үйлері салынды. Аудан төрт жыл бойы жас жігіттерді әскерге шақыру бойынша ең алдыңғы қатарда болды. «Аудандық әскерге алу комиссиясының төрайымы бола тұра, өз баласын басқаларға үлгі болып әскерге жіберді» деп облыстық әскерге шақыру комиссиясының ұсынысымен облыс әкімінен алғысхат алғаны да бар Ақнұрлының... Дін мәселесі бойынша да оңалту жұмыстары нәтижелі жүргізіліп, ауданның жаман аты шыққан жоқ. Айта берсе, атқарылған іс көп, нәтиже оңды. Оның бәрі тынымсыз еңбек, оның бәрі өзіңді қоғамға арнау. Отбасында барлық ісіне қолдаушы, әр іссапарына сәттілік тілеп шығарып салып, қуанышпен күтіп алатын жұбайының денсаулығы сыр берген соң соның ыңғайына қарай қызмет бабын өзгертіп, рақметін айтып, бұрын қызмет істеген мәдениет саласына қайта оралды.

24 жыл бұрын отасқан отағасы Аманкелді екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Немере сүйіп, келін жұмсап отырған бақытты ана. Ал бүгінгі қызметінде де сол екпіні екпін, сол алымдылық, сол шабыс.

2024 жылы аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлының қолдауымен Жаңақазан ауылында Спорт демалыс орталығының құрылысы аяқталып, 9 бірлік штатпен тұрғындарға пайдалануға берілді. Қырқопа ауылында да мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне табысталды. Биыл облыс бойынша модернизациядан өтетін 25 кітапхананың үшеуі осы ауданда.

Құм Нарынның етегіндегі шағылы күнге шағылып, ақ шуаққа шомып тұратын жаны көркем Жаңақаладан шыққан жайсаң қыз, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы – Ақнұрлы Еслямғалиева туған елге, туған жерге осылайша қызмет етіп келеді. Қолға алған жұмысы жанып жүре беретін Ақнұрлы қоғамда көшбасшы, үйде ақылшы ана, жұбайына айнымас жар. Табиғат-ананың жыл сайын туған күнінде себелеп ақ жауынмен құттықтап кетуі де тегін деймісіз, жаны таза, керек жерінде кесек турап, елдің сөзін сөйлей алатын, адам атына ғана сай іс қылатын нар қыз ғой ол, кәдімгі нар қыз! Лайым, еңбегі жансын, мәдениет майданында жеңістері көп болсын!

Дариға Мұштанова,

«Парасат» орденінің,

халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале