26.12.2022, 11:15
Оқылды: 67

 «Ақ Жайық – мейірімді балалар мекені»

Дәл осындай атаумен Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Балалар жылын қорытындылауға арналған  іс-шара өтті. Іс-шарада Балалар жылы аясында жасалған жұмыстар сараланып, жыл бойы білім, өнер, спорт  саласында жоғары жетістікке қол жеткізген балғындарға құрмет көрсетілді. Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева жыл шеңберінде өңірімізде бірқатар игі бастамалардың жүзеге асырылғанын атап өтті. 

cfa53411-b980-4934-b138-36f1cf64610d

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» екендігін әр Жолдауында айтып келеді. Осыған орай жас ұрпаққа жол ашу үшін бар жағдайды жасап, оларға қолдау көрсету бағытында өңіріміздегі біраз мекемелермен бірлескен жұмыстар жасалуда. Балалар жылы аясында облыста көптеген ісшара ұйымдастырылды. Балаларды қолдауға арналған жүйелі жұмыстар келесі жылы да жалғаса бермек, – деді Айгүл Әділгерейқызы өз құттықтауында.

Салтанатты кеште  білімімен, талантымен, ізденісімен топ жарған балғындар  «Жылы жүрек», «Жас жалын», «Шалқар шабыт», «Ыстық қайрат» аталымдарымен марапатталып, оларға арнайы сертификаттар табысталды.

Қатарының алды болып, ерекше құрметке ие болған балалардың қатарында облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеплицей-интернатының 10-сынып оқушысы, Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша ХІІ халықаралық конкурсының ІІІ дәрежелі диплом иегері Аяулым Жасқайрат, Орал қаласындағы №19 мектептің 9-сынып оқушысы, «Бір отбасым – бір  кітап» байқауының жеңімпазы Шыңғыс Сапиев бар. Сондай-ақ  есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатының оқушысы, дойбыдан есту қабілеті төмен жасөспірімдер арасындағы ҚР  чемпионатының ІІ орын және  мүмкіндігі  шектеулі балалар арасында «Жұлдызай – 2022» Ұлттық инклюзивті республикалық спорт ойындарында асық ату, бес тастан қыздар құрама командасы сапында 2-орын иегері атанған Алина Бақытжан, Қаратөбе ауданы Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 7-сынып оқушысы, Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығы жанындағы «Бұлбұл» вокал үйірмесінің жас өнерпазы, Астана қаласында өткен «Qazaqstan дауысы» балалар жобасының финалисі Айзат Сағызбай және басқа да дарынды оқушылардың бұл күні құшағы гүлге толып, сый-құрметке бөленді.

Сонымен бірге «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің педагогика-психология кафедрасының оқытушысы Зәуреш Қошановаға, Жаңақала орта білім беретін мектебінің тарих пәні мұғалімі Саид Алиевке, дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты химия пәнінің мұғалімі Эльмира Қазихановаға сый-сияпат табысталды.

Мерекелік іс-шарада Балалар жылы аясында жыл бойы балаларды қолдап, олардың жоғары нәтиже көрсетуіне өзіндік үлес қосқан үкіметтік емес ұйымдар мен демеушілерге алғысхаттар табыс етілді.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале