25.06.2019, 12:40
Оқылды: 62

Ақ Жайықтан Арысқа көмек

Әскери қоймадағы жарылыстан зардап шеккендер үшін Оралдан Арыс қаласына гуманитарлық жүк жөнелтілді. Азық-түлік, киім-кешек, бірінші кезекте тұрмысқа қажетті заттар мен құрылыс материалдары тиелген жүк көліктері жолға шықты.

 arys komek (2)

Естеріңізге сала кетейік, 24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімде жарылыс болып, өңірде төтенше жағдай жарияланған еді. Арыс қаласына ҚР ІІМ бөлімшелерінің әскерилері мен техникалары жұмылдырылып, қала тұрғындары эвакуацияланған болатын.

arys komek (4)

Оқыс оқиғадан зардап шеккен қандастарымызға арналған гуманитарлық көмек жөнелту алдымен «БелесАгро» ЖШС қоймасынан басталды. Бұл жерден Түркістан облысына аттанатын жүк көлігіне астық пен макарон өнімдері, сұйық май мен консервілер тиелді.

arys komek (6)

-Күні кешегі Арыс қаласында болған қайғылы оқиға бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Біздің облыс та бүкіл елмен бірге жерлестерімізге көмек қолын созуға дайын. Бүгін көмектің алғашқы легі аттанады. Бұл жүк көліктеріне балаларға арналған киімдер, гигиналық заттар, ұзақ мерзімді сақталатын азық-түліктер мен құрылыс материалдары тиеледі. Қайырымдылық шарасына дәл қазір 15-тен астам өңірдің ірі кәсіпкері көмек қолдарын созуда. Олардың қатары сағат санап артып отырғандығы көңіл қуантады. Сонымен қатар сол жердегі халыққа қаржылай көмек көрсету жайлары да қарастырылуда. Көптеген ұжымдар өздерінің бір күндік жалақыларын аударатындықтарын айтып, хабарласып жатыр. Біздер, яғни, өңірдегі мемлекеттік құрылымдар қызметкерлері де ерікті түрде аталған шарадан қалыс қалмаймыз. Сондай-ақ кез келген көмек түрін көрсетемін деушілерге облыс орталығынан үш жинақтау бекеттері жасақталды. Біріншісі «НұрОтан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында орналасса, қалған екеуі жастар және оқушылар сарайында және Жастар ресурстық орталығы ғимаратында жұмыс жасайды. Жарылыстан зардап шеккен ағайынға көмек көрсетем деушілер болса осы бекеттерге жолығуларына болады,-деді көмек тиеу орынына келген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

arys komek (5)

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Мейрам Қабдығалиевтің айтуынша, бұл күні гуманитарлық көмек ретінде алты тонна астық, екі тонна макарон өнімі, үш тонна құс еті жіберілген. Оның сыртында күнделікті тұрмысқа қажетті тұз, қант, шағу май секілді азық-түліктер де бар. Акцияға облыстағы «Белес Агро», «Кублей», «Жайық ет», «Орал трансформатор зауыты», «Теректі май» секілді ірі кәсіпорындар атсалысуда.

#SOSArys #Arys #Asar #Jardem #Birlik

arys komek (9)

Нұрбек Оразаев,

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале